АЛТЫНОРДА
Новости

КЕДЕНДЕ ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙДІ

Бүгін Кедендік бақылау комитетінде шартты атауы «Бекет» жедел-профилактикалық іс-шараларының аралық нәтижелері брифинг барысында жарияланды.
4 қарашада Қазақстан кедені қазақстан-қытай бағытында кедендік бақылауды күшейтуге және контрабандаға қарсы әрекетке бағытталған, «Бекет» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізу туралы жариялады.   Бұл іс-шараның мақсаты — қытайдан контрабандалық жолмен әкелінетін тауарлардан мемлекетке келетін залалды қысқарту. Қытай Халық Республикасынан әкелінетін тауарларда (халық тұтынатын тауарлар) тәуекел деңгейі «жоғары» екенін ескере отырып, кеден органдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «жасыл дәліз» жобасын енгізді. Жобаның мәні заңды бұзбайтын сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға шекарада өткізу пункттерінде өз тауарларын тез арада, яғни 100 минут ішінде өткізуді, оны баратын кеден органына неғұрлым тез жеткізуді және ол жерде жүкке жедел кедендік тазарту жүргізу мүмкіндігін беру.
«Жасыл дәліз» жобасы бойынша мұндай қолайлы режимді мемлекет алдында жауапты және адал, айқын бизнес жүргізуге дайын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар ғана пайдалана алады.  Оларды іріктеу өлшемі «Уәкілетті экономикалық оператор» деген атаумен Қазақстан Республикасының кеден кодексінде нақты жазылған.
Қазіргі кезде уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне 67 компания енгізілген, оның 20 шақтысы «жасыл дәліз» жобасы шеңберінде жұмыс істейді, олар мемлекет ұсынған жеңілдіктің пайдасын толығымен бағалауда. Уәкілетті экономикалық операторлар туралы деректер комитеттің www.e.customs.kz ресми порталында орналасқан. Аталған жаңа енгізуді Елбасы мақұлдады және барлық құқық қорғау органдарының тікелей бақылауында тұр.
Шұғыл топтар жасаған тексеріп қарау актісінің нәтижесі бойынша, адал емес компаниялар бюджетке төленуге тиіс кедендік төлемдердің тек 8-10% төлеуде. Ауытқу 11 есе, яғни 17-20 млн теңгенің орнына бюджетке кемінде 2 млн теңге түседі.
Сондай-ақ, импортталатын тауар құнын растайтын жалған құжаттарды пайдалану фактілері анықталуда. 1 ғана компания бойынша мұндай факт 296 млн теңгеден астам сомаға кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтаруға әкеп соқтырған.
«Бекет» — ұзақмерзімді операция. Барлық сұр схема мен адал емес компанияларды анықтағанша жалғаса беретін болады. Жүктердің барлығы тексеріледі, контрабандашыларды анықтаймыз, заң бұзушыларға ешқандай кешірім болмайды.
Кедендік тазарту кезінде мәлімделген мәліметтер мен көлік құралында іс жүзінде бар тауардың мөлшері мен құрамындағы ауытқу туралы актілердің негізінде қылмыстық істер қозғалады. Бұдан басқа, төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар сомасын өндіріп алу бағытында кешенді шаралар жүргізіп жатырмыз.
Кеден одағы аумағында автокөлік құралымен әкелінген тауарлар туралы алдын ала ақпараттандыру рәсімі енгізілгеніне бір жылдан асты. Алдын ала ақпарат берудің арқасында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік рәсімдерді өту кезінде уақыты мен қаражатын үнемдейді. Еуроодақ елдерінде практика көрсеткендей, міндетті алдын ала ақпараттандыру, шекарада өткізу қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде тауар өткізу пунктіне келгеннен кейін 2 сағат ішінде алдын ала ақпарат ұсынуға жол беретін норма қолданылуда, бірақн Кедендік бақылау комитетінде кеден органдарына алдын ала ақпаратты ұсынбаған жағдайда  Кеден одағының аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу мәселесі белсенді талқылануда.
2013 жылғы 4 қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін жүргізілген  «Бекет» ЖПШ шеңберінде 3 қылмыстық іс қозғалды және 20 материал бойнша тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылғы 4 қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезең ішінде Алматы облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті кеден ісі саласындағы 76 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады және қылмыстық іс қозғады.
Кедендік төлемдер түсімі республикалық бюджетке кірістің  38% құрайды, сондықтан да шекарадағы жұмыс тізбегінің айқын, нақты әрі  ашық болуы өте маңызды және тек мемлекетке ғана емес, ең алдымен бизнеске қолайлы.

http://www.aikyn.kz/articles/view/37856