АЛТЫНОРДА
Новости

Кедендік одақ аясындағы бәсекелестік сапаны арттырады .

Әлемде экономикалық ықпалдастықтың бірнеше түрі тәжірибеден өтіп, сәтті жұмыс істеп келеді. Соның бірі, Кедендік одаққа еліміздің мүше болғанына да екі-үш жылдың жүзі болыпты.

2010 жылдың қаңтарынан бастап үш ел – Қазақстан,Ресей жәнеБеларусь өз аумағында бірыңғай кедендік тариф енгізіп, келесі жылдың шілдесінен бірыңғай кедендік кодекс қабылдады. Міне, сол уақыттан бері Қазақстан Одақтың жұмысына белсенді араласып, өзіне тиімді тұстарын жіберіп алмауға тырысып бағуда. Айту керек, мұнда ең алдымен қазақстандық бизнеске жол ашылса, мүше елдер әлеуметтік-экономикалық дамудың ортақ мақсаттарына келісіп, құрылымдық, инновациялық, сыртқы экономикалық және әлеуметтік саясат бірте-бірте қалыптасып келеді.

Жасыратыны жоқ, Кедендік одақ құрылмай жатып қоғам тарапынан үлкен сынға ұшырады. «Оның пайдасынан зияны көп» деген пікірді бұқаралық ақпарат құралдарынан өзіміз де талай естіп, оқыдық. «Ұлттық қауіпсіздігімізді айтпағанда, экономикалық тұрғыдан тиімсіз» деп жатты білетіндер. Дегенмен, осы саладағы мамандардың, сарапшылардың пікірі басқа. Олардың пайымынша, бүгінгі жаһандану заманында Кедендік одақ керек. Алдымен ол түрлі бағыттағы ынтымақтастыққа жол аша отырып, бірлескен өндіріс орындарын құру есебінен одақтас елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ үш елдің кәсіпкерлері өзара сауда жасаған кезде кедендік алымдардан босатылып, жұмысы жеңілдетіледі. Уақытын үнемдейді. Тауар нарығы кеңейіп, сыртқы тауарлар экспанциясынан қорғануға жол ашады. Елдердегі тауар құны теңестірілген соң, бәсекелестік орнайтыны тағы бар. Ал бәсеке бар жерде, сапаның артатыны заңды құбылыс.

Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің сарапшылары да ықпалдастықтың тиімді тұстары көп екенін, одақтың аясын кеңейту экономикалық көрсеткіштерді одан сайын жақсартуға сеп болатынын алға тартуда. Ал Еуразия даму банкіне (ЕАДБ) қарасты Ықпалдастық зерттеулер орталығының директоры Евгений Винокуровтың сөзіне сенсек, 2030 жылға қарай Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ықпалдастық әрекеттері 2010 жылғы межеден Қазақстанның ЖІӨ-ін жыл сайын 13 млрд. долларға арттыруы мүмкін. Ал бұл көрсеткіш Ресейде 75 млрд. доллар, Беларусте 14 млрд. доллар көлемінде тұрақтайды деп болжануда.

«Мысалға алынған сандар Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінде экономикалық бірігу кезеңінен бұрынғы жағдаймен салыстырғанда ЖІӨ-нің ықтимал өсімін көрсетеді. Болжамды деректер ЕАДБ Ықпалдастық зерттеулер орталығы РҒА Халық шаруашылығын болжау институты және Украина Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп өткізген «Бірыңғай экономикалық кеңістік құрудың және оған Украинаны қосудың экономикалық тиімділігін бағалау» атты ауқымды зерттеулер нәтижесінде алынды», — дейді Винокуров.

Зерттеулер нәтижесін шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі Ресей, Беларусь және Қазақстан үшін БЭК және Кедендік одаққа бірігудің зардаптарын бағалауға арналса, екіншісі Украина интеграциялық бірлестікке қосылған уақыттағы оң көрсеткіштер мен зардаптарды ашып көрсетеді.

Нәтижелердің болжамды көкжиегі 2030 жылға дейін есептеліп отыр, зерттеушілер кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте интеграциялық өзара іс-әрекет сценарийлерінің тұтас жиынтығын қарастырды. Зерттеу авторлары кеңестен кейінгі кеңістіктегі ықпалдастыққа қатысты болуы мүмкін алты сценарийді іріктеп алған. Бірінші сценарий – «Базалық 0» – БЭК құруды және бұрынғы кеңес республикалары арасында интеграциялық үдерістерді тереңдетуді көздейді. Екінші сценарий – «Базалық 1» – Қазақстан, Ресей және Беларусьтің БЭК аясында күш біріктіруіне мүдделі болмақ. Үшінші нұсқа Украинаны ТМД аумағында еркін сауда аймағына қосуды, төртіншісі Украинаның Еуроодақпен ықпалдастығын күшейтуді және ЕО-мен еркін сауда аймағын қалыптастыруды, бесінші сценарий Украинаны БЭК базалық келісімдеріне қосуды бүге-шігесіне дейін қарастырады. Ең соңында, алтыншы сценарий бойынша Украина Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруі тиіс. Сөйтіп, 2011-2030 жылдары Украина экономикасы үшін ықпалдастықтың тиімділігі 219 млрд. долларға бағаланады деп күтілуде. Ал БЭК құрып, оған Украина қосылған жағдайда 2011-2030 жылдары төрт елдің жалпы жиынтық табысы 1,1 трлн. долларға жетеді.

ЕАДБ басқарма төрағасы Игорь Финогенов атап өткендей, зерттеулер нәтижесінде алынған қорытындылар ТМД елдерінің қоғамдастығы мен мамандарының назарын аударып отыр. «Бұл – кеңестен кейінгі кеңістік аумағында ықпалдастық тақырыбына кешенді талдау жасау бойынша ауқымды ғылыми еңбектің нәтижесі. Жұмысты Ресей мен Украинаның экономистері дайындап, ұсынды. Еуразия даму банкі бұрынғы кеңес республикалары арасында интеграциялық үдерістерге зерттеу жүргізуге әрқашан дайын», — дейді ол. Оның айтуынша, қазір ЕАДБ-ге алты мемлекет: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан кіреді. «Әзірге Украина бұл тізімде жоқ, дегенмен кеңестен кейінгі кеңістікте банктің көптеген бағдарламасын сәтті жүзеге асырып, жұмысты жеңілдету үшін бұл елдің де біздің банктің қатысушысы болғанын қалаушы едік», — деген пікір білдірді Финогенов.

Қазақстан, Ресей және Беларусьтің экономикалық одағына қосылуға айыр қалпақты ағайындардың да мүдделі екені жайында соңғы жылдары жиі айтыла бастаған-тұғын. Сол сөз расқа айналып, 2011 жылдың тамызында Қырғызстанның сол кездегі Президенті Роза Отынбаева Қырғызстан Кедендік одаққа қосылуға дайын екендігін жеткізген болатын. Көп ұзамай, Санкт-Петербордағы Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) мемлекетаралық кеңесінің отырысында Қырғызстан Республикасының өтініші қаралып, бірауыздан бұл елді Кедендік одаққа мүшелікке қабылдау туралы шешім қабылданды. Қырғызстанның ТМД-дағы серіктестері арасында интеграциялық үдерістердің шапшаң дамуына байланысты бұл елдің сыртқы экономикалық саясатының жаңа парадигмасында таяу мемлекеттермен одақтасуға қажеттілік туындады. Ұлттық экономика жүйесіндегі дағдарыс жағдайы, барлық деңгейлердегі қаржылық ресурстардың қатаң тапшылығы, инфляцияның жоғары деңгейі, халықтың әл-ауқатының төмендігі, әлеуметтік теңсіздік, халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмауы, ең бастысы, ұлттық экономиканың қажетті мөлшерде тиімді болмауы ел үкіметін экономикалық ресурстардың сыртқы көздерін іздеуге итермелегені рас. Мамандар Қырғызстанның Кедендік одаққа енуі тараптар үшін тиімді деп есептейді. Оның ішінде еліміз үшін бұл қадам ерекше маңызға ие деуге болады. Олай дейтініміз, Қырғызстанның географиялық орналасу жағдайы Қазақстанға Одақ ішінде өзіне сенімді, қай жағынан болса да ынтымақтасуға ыңғайлы серіктес табуына көмектеседі. Енді Кедендік одақта Беларусь пен Ресей өзара жақын мемлекеттер ретінде әрекет етсе, Қырғызстан мен Қазақстан бірлесе күш жұмсамақ. Сөйтіп, ұйым ішіндегі арасалмақты тең ұстауға мүмкіндік туады деген сенімде зерттеушілер. Оның үстіне, біздің еліміз Қырғыз экономикасына кіріп, олардың шикізат өндірісіне араласуы мүмкін жағдай. Ал бұл Қырғызстан үшін экономикалық өсімді ынталандырып, оны жеделдетуге ықпал етеді. Дегенмен, Қырғызстанның экономикалық жүйесіндегі дағдарысты бірден еңсеріп тастайды деу қате пікір. Қырғызстанның Кедендік одаққа енуінің пайдалы тұстары туралы айтқанда, алдымен қырғыз экономикасы үшін барлық оң өзгерістер тек орта және ұзақ мерзімді болашақта байқалатынын атап өту керек. Керісінше, Кедендік одаққа кіргеннен кейін бірден, яғни қысқа мерзім ішінде кері әсері сезіле бастайды. Сондықтан экономика саласының қыр-сырын жетік меңгерген мамандардың пікірінше, мүшеліктен келетін әлеуметтік шиеленістерді шешуге мүмкіндік беретін биліктің қаржылық қоры мол болуы тиіс.

Дейтұрғанмен, Қырғызстанның Кедендік одаққа мүшелікке өтуі Қазақстан, Ресей және Беларустің экономикалық әлеуетіне ашық қолжетімділік алу мүмкіндігін қамтамасыз етері сөзсіз. Атап айқанда, кедергісіз тауар алмасуға, көлеңкелі қаржы ағындарын заңдастыруға жол ашылады. Ресей экономикасына 400 млрд. доллар, Беларусь пен Қазақстан бюджеті үшін 16-18 млрд. доллардан қаржы түседі. Одақ халқы 180 млн адамға жетіп, ТМД халқының 60 пайызын құрайды. Үш елдің жалпы өнеркәсіптік әлеуеті 600 млрд. долларға бағаланып отыр бүгінде. Мұнай қоры 90 млрд. баррелді құраса, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 112 млрд. долларға жетеді. Мүше мемлекеттер аумағында кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктің жалпы ішкі өнімінің 85 пайыздан астамы өндіріледі, ал оның жалпы көлемі 2 трлн. доллардан асып жығылады. 2015 жылға қарай өсім 15-18 пайыз шегінде болады деп жоспарлануда. Мұның барлығы Кедендік одақтың әлемдегі жетекші интеграциялық бірлестіктердің біріне айналуына, әлемдік экономикалық жүйеде лайықты орын алуына мүмкіндік береді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ


«www.bnews.kz».