АЛТЫНОРДА
Новости

КЕДЕНДІК ОДАҚ – ГЕОСАЯСИ ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

f7dbd9100442de59e16e702fd17a6829 (1)Жаһанданған заманда интеграцияға ұмтылыстың болуы заңдылық. Шағын мемлекеттерді былай қойғанда, алпауыт елдердің өзі экономика мен саясатта өзіне серік іздейді. 

Одаққа бірігу, бір жағынан, экономикалық мүддеге бай­ланысты болса, екінші жағынан қорғанудың бір әдісі іс­петті. Себебі біз континенталды, мұхитқа шығар тура жолы жоқ мемлекетпiз.

 

«Досы көпті жау алмайды» деген нақыл сөз өз маңызын жой­­ған емес. Тарихи деректерге сүйен­сек, шекараны біржола ашып тастап, одақ құрған деректер кездеседі. ХІХ ғасырда-ақ Фран­ция мен Монако, Швейцария мен Лихтенштейн арасындағы ке­дендік одақ – жаңа тарихи ке­зең­дегі зайырлы принцип­термен құ­рыл­ған алғашқы құрылымдар­­дың бірі. Ал қазір АҚШ, Мексика, Канада үштігінің NAFTA одағын, Еуропалық одақты, Оңтүстік-шығыс Азиялық АСЕАН, Оңтүс­тік Американың бірқатар елдерін қамтитын Mercosur сияқты бірнеше әлемдік құрылымдарды атауға болады. Осы аталған құ­рылымдарға мүше-мемлекеттер­дің қай-қайсысы да әлемдік бә­секеде өз мүддесін қорғау үшін ғана емес, бір-бірінің мүддесін бірлесіп қорғау үшін де біріккен.
Кедендік одақ та осы мақсатта құрылған. Шілденің алғашқы күні екі жылдығын атап өткен кеден­дік одақ туралы «оның пайдасы­нан зияны көп» деген пікірді бұқа­ра­лық ақпарат құралдарынан та­лай рет оқыдық. Қарсы пікір таратушылар «Ұлттық қауіп­сіздігімізді айтпағанда, эконо­микалық тұрғыдан тиімсіз» деген уәжді алға тартып келді. Деген­мен, арада екі жыл өткенде ке­дентану саласындағы маман­дардың, сарапшылардың пікірі басқаша сипат ала бастады. Олар: «Бүгінгі жаһандану заманында кедендік одақ керек, біз кедендік одақтан кете алмаймыз. Кедендік одақ түрлі бағыттағы ынтымақ­тастыққа жол аша отырып, бір­лескен өндіріс орындарын құру есебінен одақтас елдердің ин­дустрияландыру саясатына ық­пал етуге мүмкіндік беріп, сыртқы та­уарлар экспанциясынан қор­ғануға жол ашады. Елдердегі та­уар құны теңестірілген соң, бәсе­келестік басталатыны тағы бар. Ал бәсеке бар жерде, сапаның артатыны заңды құбылыс» деп отыр. Мұндай пікір апта басында Мәскеуде Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің экономист-сарапшылары бас қосқан ха­лықаралық жиында айтылды.
Қазір осы бағыттағы зерт­теулер нәтижесін шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға бо­лады. Алғашқысы – Ресей, Беларусь және Қазақстан үшін БЭК және Кедендік одаққа бі­рігудің зардаптарын бағалауға арналса, екіншісі – Украина ин­теграциялық бірлестікке қосыл­ған уақыттағы оң көрсеткіш­тер мен зардаптарды ашып көрсете­ді. Зерттеу авторлары ТМД кеңісті­гіндегі ықпалдастыққа қатысты болуы мүмкін алты нұсқаны іріктеп алған.
Бірінші нұсқа – «Базалық 0» – БЭК құруды және бұрынғы кеңес республикалары арасын­да интеграциялық үдерістерді те­реңдетуді көздейді.
Екінші нұсқа – «Базалық 1» – Қазақстан, Ресей және Бела­русьтің БЭК аясында күш бірік­тіруіне мүдделі болмақ. Үшінші нұсқа – Украинаны ТМД аума­ғында еркін сауда аймағына қо­суды, төртіншісі – Украинаның Еуроодақпен ықпалдастығын күшейтуді және ЕО-мен еркін сауда аймағын қалыптастыруды, бесінші нұсқа – Украинаны БЭК базалық келісімдеріне қосуды қарастырады. Алтыншы нұсқа бойынша Украина Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруі тиіс. Сөйтіп, 2011-2030 жылда­ры Украина экономикасы үшін ықпалдастықтың тиімділігі 219 млрд долларға бағаланады деп күтілуде. Ал БЭК аяғынан тік тұрып, оның қатарына Украина қосылған жағдайда, 2011-2030 жылдары төрт елдің жалпы жиын­тық табысы 1,1 трлн дол­ларға жетеді екен.
Біз бұл деректерді Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасы Игорь Финогеновтың Мәскеуде өткен жиынға дайындаған баян­дамасынан алдық. Еуразиялық даму банкі басқармасының өкілінің пайымдауынша, соңғы алты айдағы зерттеулер нәти­же­сінде, алынған қорытындылар ТМД елдерінің қоғамдастығы мен мамандарының назарын ауда­рып отыр.
– Күні бүгінге дейін Кедендік одақтың геосаяси маңызына назар аударылмады. Мысалы, бұл күнде Қытайдың экономика­лық үстемдігінен қорықпайтын ел жоқ. Көршіні былай қойған­да, алыста жатқан қуатты Еуропа мен АҚШ-та бұл мәселені назар­дан тыс қалдырмайды. Ресеймен одақтас болу осы Қытайдың Қа­зақстанға қатысты үстемдігін тежеп, тепе-теңдік сақтауға мүм­кіндік береді. Бұл ретте Қазақ­-­стан өзінің Еуропа мен Қытай арасын­дағы көпір іспетті екен­дігін көрсетеді. Ол Ресей аумағы арқылы еркін жүруге арналған дәліз сияқты. Бұл алғышартты орындауда Қазақстанның да сүбелі үлесі бар, – дейді Еура­зиялық даму банкінің төрағасы.
Қазақ қоғамында да Кеден­дік одақ, Еуразиялық одақ жайлы талқы көп. Біздің қоғам бұл интеграцияны қолдайтындар және қолдамайтындар болып бөлініп кеткендей. Бұған дейін Трубецкой, Савицкий секілді орыс философтарының әңгіме­лерінен аспай жүрген еуразия­шылдық, Еуразиялық одақ тура­лы идея соңғы кездері жаңаша түрленіп, басқаша сипат ала бас­тады. Біз Еуразиялық одақ жайлы ғылыми тұрғыда зерттеулер жүр­гізіп жүрген ғалым, саясаттанушы Жарас Омарұлы Ибрашевты сөзге тарттық.
– Бұл сұрақ төңірегінде біз көп ойландық, өйткені бұл да шешілуі тиіс проблемалардың бірі. Менің шәкірттерім еліміздегі Еуразиялық одаққа қарсы жа­зылған материалдарды түгелімен жинап, зерттеп шықты. «КСРО-ны қайта құру жолындағы одақ», бұл — түбірімен қате айтылған сөз. Мен бұл жайлы көп ойлан­дым. Көп зерттедім. Менің ойымша, олар интеграцияның не екенін білмейді немесе білуді қаламайды. КСРО кезінде еш­қашан интеграциялық ансамбль болмаған. КСРО күштің, зорлық-зомбылықтың іс-әрекетімен құрылған. Ал күшпен пайда болған нәрсе мәңгі болмайды. Еу­разиялық одақ белгілі бір ке­лісімнің, интеграцияның нә­тижесінен туындап отыр. Әр мем­лекет өз егемендігін сақтап қа­лады. Ал КСРО-да ондай бол­ған жоқ. Ол одақ мемлекеттерге тәуелсіздік бере алмады. Арала­рында келісім деген атымен болған жоқ. Бәрі де Мәскеуден басқарылды. Яғни олар интегра­циялық байланыста болған жоқ. Ал Н.Назарбаевтың өзі ұсынған одақ интеграцияға жаңаша көз­қараспен қарау қажеттігін туын­датты. Жалпы, әлемде 100 пайыз тәуелсіз мемлекет жоқ. Егер бір мемлекет халықаралық бір құ­жатқа қол қоятын болса, егемен­дігінің 1 пайызын жоғалтады деген сөз. Өйткені ол — халық­аралық ұйым. Әлемде интегра­циясыз өмір сүретін бірде-бір мемлекет жоқ, – дейді Жарас Ибрашев.
Сарапшылар кедендік одақ­тағы басты жетістігімізді тауар айналымының өсуімен байла­ныстырып отыр. Бұған статистика дәлел бола алады. Ресейдің өнді­ріс және сауда министрлігінің мәліметтері бойынша, КО мем­лекеттері арасындағы сауда айналымы 2009 жылы – $73 млрд, ал 2010 жылы – $88 млрд, 2011 жылы – $100 млрд-тан асты. Эко­номист Есенжол Алияров біз­дің елде­ріміздің экономикасы тығыз бай­ланысты болғандық­тан, Ке­ден Одағы аясындағы интег­рация­ны заңды феномен деп қарас­ты­рады.
– Ірі өндіріс орындары Ке­дендік одақтың жұмысына 2 жыл толғанына қарамастан, жағым­ды мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр. Ендігі мәселе, бұл Қазақстан­ның экспорт құрылысын диверсифи­кациялау, бизнес саласы үшін қо­лайлы жағдай туғызып, оның орындалуын қадағалау. Кеден­дік одақ құрылуынан пайда бола­тын мәселелер негізінде жаңа әрекет­тесу механизмдердің жетілмеуі­нен немесе олардың жоқтығы­­нан орын алады. Біздің тауарлар­­дың бәсекеге қабілеттілігі­нің әлсізді­гінен және бағаларды реттеудегі келеңсіздіктерден және басқа да факторлар әсерінен туындайды. Бұл мәселелердің алдын алу және олардың шешу жолдарын ай­қындау мен орындау арқылы сатылы түрде Одақтың жұмысын тиімділікке әкелуге болады. Біз интеграциялық бірлестік жағым­ды немесе жағымсыз деп бір жақты емес, оның орнына жа­ғымды немесе жағымсыз көрсет­кіштерге әкелетін экономи­ка­мыздың проблемаларын бірлесіп талқыласақ қана ілгері жылжи аламыз, – дейді Есенжол Алия­ров.
Экономист Қанат Берентаев «Кедендік одақ – геосаяси, бір­тұтастығымыздың кепілі» деген ойда. Себебі трансұлттық ком­паниялар Кедендік Одақ немесе Еуроодақ тәрізді эконо­мика­лық-интеграциялық одақ­тармен емес, жекелеген мем­ле­кеттермен жұ­мыс істеген тиімді.
– Соңғы кездері сыртқы күш­тердің тікелей араласуымен бөлшектеу үрдісі анық байқалады. Оның соңғы мысалы – Ливия. Қазір Сирияның басына бұлт үйіріліп тұр. Одан кейін Иранға тықыр таянады. Жақында Әзір­байжан меджилисі тарапы­нан мынадай арандатушылық әрекет болды. Әзірбайжан депутаттары өз елін Әзірбайжан Республи­ка­сы деп емес, Солтүстік Әзірбай­­жан Республикасы деп атауды ұсынды. Демек, бұл – Иран аумағы­ның жартысын қамтитын Үлкен Әзір­байжан күн тәртібінде тұр деген сөз. Төрт-бес жылдан кейін әлем­нің саяси картасы айтар­лықтай өзгеретін болады. Осындай ал­мағайып заманда өзімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – ай­мақтық блог құру. Еуразиялық одақтың құрылуы – әлемдік тәртіптің екінші үлгісі. Қазір осы екі үрдіс арасында күрес жүріп жатыр. Қай үлгінің жеңіп шы­ғарын 2017 жылға қарай білетін боламыз. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Үлкен Әзірбайжан сценарийі жүзеге асса, Каспий теңізіне үлкен қатер төнеді. Каспий экологиясы мен Еуропаны қуат көздерімен қамта­масыз ету үшін БҰҰ-ның бітім­герлік күштерін кіргізуі мүмкін, – дейді Қанат Берентаев.

Сабаева Гүлбаршын

http://www.aikyn.kz/articles/view/26220