АЛТЫНОРДА
Новости

Кедендік одақ «үштіктен» «бестікке» айналуы әбден мүмкін

дзМансұр ХАМИТ (фото)

Кеше Ақордада Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болып өтті. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кедендік одағы мен Бірыңғай эконо­микалық кеңістігінің жоғары органы болып табылатын кеңестің бұл жолғы отырысына қырғыз бен украин басшысы да қатысқан болатын. Бірі мүшелікке ұмтылса, екіншісі бақылаушы мәртебесінен үмітті. Сөйтіп, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Пре­зи­­денті Владимир Путиннің, Беларусь Президенті Алек­сандр Лукашенконың, Украина Президенті Виктор Ян­уко­вичтың  және Қырғызстан Президенті Алмазбек Атам­баевтың қатысумен өткен Жоғарғы Еуразиялық эконо­­микалық кеңестің отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралып, соңғы екі мемлекеттің ниеттері құпталды.

Бесеудің басқосуын ашқан Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы ең алдымен еура­зия­лық кеңістіктегі интеграцияның перс­пек­тивасы әр мемлекет үшін ма­ңыз­ды екендігін мәлімдеген болатын. Яғни, дербес мемлекеттер өзара ықпал­дас­тыққа ұмтылғанда ондай құрылым­ның тиімділігін біреуі ғана емес, барша­сы бірдей сезуі шарт. Сонда ғана діт­­­те­ген­ге қол жетеді, көксегені орын­далады. Бұны Қазақстан Президенті: «Мем­лекеттер интеграцияға олар оқ­шау­ланып қол жеткізе алмайтын дүние­ні иелену үшін барады, ал мұндай жағ­дай­да ықпалдасу үдерісі эволюция­лық жолмен, сатылап жүзеге асқаны абзал», – деп түсіндірді. Бұдан әрі жабық есік жағдайында өткен жиын үш сағат­тан астам уақытқа созылды. Сөйтіп, бесін ауа дөңгелек үстел басына жай­ғасқан бес елдің басшылары екінті өте орын­дарынан тұрып, ортақ шешімге кел­ген­дерін білдірген болатын. Мем­лек­ет бас­шылары атынан бірлескен мә­лім­демені Нұрсұлтан Назарбаев жария етті.

«Бүгін Жоғарғы Еуразиялық экономи­калық кеңестің отырысында аса өзекті мәсе­лелерді, оның ішінде Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі дамыту перспективаларын талқы­ла­дық. Бұдан бөлек, отырыста Еуразиялық эко­номикалық одақ құрудың жұмыс бары­сы жайында сөз болып, интеграцияның негізгі бағыттары туралы шешімдер қабыл­данды», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Прези­дент­тің айтуынша, аталмыш шешімнің арқасында Еуразиялық экономикалық одақ құруды дамытудың негіздері қала­нады. Түйіндей айтқанда, Кедендік одақ мүшелері 2015 жылы Еуразиялық эконо­микалық одақты іске қосуды жоспарлайтын ниеттерін осы шешіммен тағы бір нықта­ған. Бұл үшін 2014 жылдың 1 мамырында Мемлекет басшыларының қарауына құжат жобалары ұсынылатын болады.

Бұдан әрі Елбасы: «Біздің интеграция сатылап, кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Қазіргі күні ең маңыздысы – Кедендік одақ аясындағы алып қоюларды жою, Бірыңғай экономикалық кеңістікті түпкілікті қалыптастыру. Бұл жұмыстың негізінде біз интеграциялық үдерістерді тереңдету туралы шешім қабылдайтын боламыз», – дей келе, әңгіменің негізінен экономикалық интеграция туралы болып отырғандығын ерекше атап өтті. Ал мұндай экономикалық интеграция прагматизмге және барлық мүше-мемлекеттердің өзара тиімділігіне жұмыс істейтін болады. Соны­мен бірге Елбасы Жоғарғы Еуразиялық эко­номикалық кеңестің отырысында бір­қатар маңызды шешімдерге қол қойылға­нын жеткізді. Атап айтқанда, экономикалық комиссияның сауда саласындағы халық­аралық келісімдерді жүргізу қызметінің регламентіне өзгерістер енгізілген. Өзгерістер арқасында Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің белсенді өзара іс-әрекеттерін дамытуға жол ашылады, коммерциялық алаңдарды пайдалануға септігі тиеді. Нәтижесінде, Кедендік одақ­тың сауда жөніндегі әріптестерінің шең­бері кеңейе түспек. Сондай-ақ Кедендік одақ­қа мүше-мемлекеттердің  агроөнеркә­сіпт­ік саясат тұжырымдамасы мақұлданып, интеграциялық-ақпараттық жүйені құру, статистика саласында өзара ақпараттық байланыс орнату мәселелері келісілген. «Біз Кедендік одақтың, Бірыңғай эконо­микалық кеңістіктің көкжиегін кеңейту мәселелерін жеке топтамада қарастырдық. Қырғызстанның Кеден одағына қосылу ту­ралы өтініш бергені белгілі. Біз мұны қа­рас­тырып жатырмыз. Қырғызстанның Ке­ден одағына кіруі үшін тиісті Жол картасын даярлайтын жұмыс тобы құрылды», – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. Сосын, Президент Украинаның Кеден одағына, болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа айнала­тын Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмы­сына бақылаушы мәртебесін алу туралы ниетіне тоқтала келе, оның да оң шешім тапқанын жеткізді. «Украина мен Қыр­ғызстан Президенттері бүгінгі отырыс­қа шақырылды және олар біздердің пікір алмасуларымызға, талқылауларымызға қатысты. Біз олардың ниеттеріне қолдау білдірдік. Әрі тиісті шешімдер қабылдадық. Сарапшылар қажетті құжатты дайында­ғаннан соң, Жоғарғы кеңестің келесі оты­рысында оны мақұлдайтын боламыз», – деді Н. Назарбаев.

Тараптар Кеңеске қанағаттанып, биыл тағы екі кездесу өткізуге уағдаласып тар­қасты. Оның бірі – қоңыр күзде Минскіде, екін­шісі қыстың басы – желтоқсанда Мәс­кеу­де өтеді. Бірлескен мәлімдемені қорыта келе, Елбасы Кедендік одақ аясында интеграциялық үдерістерді нығайту бойынша нысаналы теңгерімді саясат одан әрі жалғасатынын аңғартты. Бұл ретте қатысушы мемлекет басшылары кезекті рет теңқұқықты қатынасқа қатысты өзде­рінің бұлжымас ұстанымын растаған. «Кедендік одақ пен Бірыңғай экономика­лық кеңістікті, Еуразиялық экономикалық одақты құру оңай шаруа емес, мұндай мәселелер бір күннің ішінде шешімін таппайды. Кейде кейбір мәселенің күйі кел­мей қалады, қабылданған шешімдер­дің ойдағыдай орындалмай қалуы да болып тұрады. Сауда, бизнес саласының көңілі толмай қалатын кездері де жоқ емес. Мұндай дүниелердің орын алып тұруы да заңды әрі олар алдағы уақытта шешімін таба түсетін болады. Ең бастысы – бізде мемлекет басшыларының саяси ерік-жігері бар. Біз бүгін орын алып жатқан мә­селелерді ашық талқыладық. Қазақстан, Бе­ларусь пен Украина елдеріндегі бұ­қаралық ақпарат құралдарында не туралы айтып жатқаны да бізге белгілі. Күдікпен қарау, қоғам талқысына шығару – мұның барлығы дұрыс әрі заңды. Сондықтан да біз бұл үдерістің оған кіретін барлық мемлекеттерге тек сауда айналымы үшін ғана емес, жаһандана дамып, күрделі экономикалық жағдайдан арылмай тұрған әлемде өз орнын табу үшін тиімді екенін анық білеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

 

http://alashainasy.kz/main/43135/