АЛТЫНОРДА
Новости

Кек қуған қанды бақа

Кино немесе ертегі секілді бұл хикая шынымен де экология зерттеу үйірмесінің басынан өткен еді

***

1996-жылы қазанда Америкалық әйгілі экология ғалымы Тауней жеті адамнан ұйымдасқан ғылыми зерттеу үйірмесін бастап, Бразилияның ыстық белдеулік ылғалды орманына бастапқы ғылыми зерттеуін жүргізді.

Үйірме мүшелері таң азанмен орманның арасындағы бұлақ басында жуынып-шайынып жатқан. Үйірме мүшесі доктор Июз тұңғиық жапыраққа шыққан жабайы саңырауқұлақтың үстінен бір жұп қанық қызыл түсті кішкентай жәндікті байқап қалды. Бұл жаңа түр болғаныма? Докто әлгі саңырауқұлақтың қасына жүрелей отыра қалып бар зейнін сала бақылай бастады. Арқасында  қанық қызыл жолағы бар, жасыл түсті, бұрын-соңды байқалмаған кішкене бақа екен. «шынында, жаңа түр екен!» көктен тілегені жерден табылғандай қуанған доктор оларды ептеп қолына қондырып, көпшілікке «Қараңдаршы, қолымдағы не нәрсе» деп қуанышын баса алмай айғай салды. Көпшілік дауыс шыққан жаққа бұрылып еді, түсі көз қарықтырар екі кішкентай бақаны алақанында ойнатып тұрған Июзды көрді. Ол «қанды бақа», «Июз қанды бақасы» деп ат қойдым деді қуанышпен.

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ. Әлгі қанды бақаның біреуі серіппедей атылып, Июздың бетінен тістеп алады. Қанды бақаның ұзын да жіңішке құйрығы бар екенін, құйрығының ұшы домалақ шар секілді екенін Июз сонда бір-ақ білді. Ол бақаның құйрығын сипап қалып еді, кенет «пырыс» еткен дыбс шығысымен бақаның денесінен қара түсті сұйықтық шығып тура Июздың бетіне шашырай жөнеледі. Доктор тұла бойын күйдірген улы сұйықтықтан шыңғырып барып, есінен танып қалады.

Үйірмеге ерген фото суретші ашудан өзін ұстай алмай бір кесек тасты бақаны көздеп бар пәрменімен лақтырып қалды . Қас-қаққанша бақаның біреуі жаншылып қалды да енді біреуі ғажайып дауыс шығарып орманға сүңгіп кетті. Істің насырға шабарын кім ойлаған. Дәл осы кезде қанды бақаның дауысы сансыз үлкенді-кішілі серіктерін шақырып әкелді. Олар зерттеу үйірмесінің мүшелерін қоршай біресе шоршып, біресе секіріп, бей-берекет бақылдай бастады. Көпшілік шошынғаннан жүректері тас төбесіне шығып, еш амал таба алмай дағдарды. Тек суретші ғана осынау таптырмас көріністі жанталаса суретке түсіріп жүр.

Суретші бір түп мәуелі ағаштың жапырағынан өздеріне сұғын қадап тұрған қанды бақаны байқап қалды. Ол әлгі бақаны суретке тарта беріп еді, жалма-жан құлақ тұндыра бақылдап қоя берді. Дәл осы сәтте, бейне, басқа серіктері бұйрық күтіп тұрғандай, тұс-тұстан айқұлақтанып, құйрығындағы қоп-қою улы қара уын зерттеу үйірмесіндегілерге қарай шашты. Әп-сәтте орманның ші қара түнек басты. Көпшілік алақандарымен көздерін көлегейлей қалды. Улы сұйықтықтан үйірме мүшелерінің қос қолдары мен білектері сырқырап ауырып лезде қызара бөртіп, шыға келді. Тауней істің насырға шапқанын байқап, қоршауды бұзып қаша жөнелді, бәрі де оған ілесе жан-дәрмен жүгірді. Өкшелей қуған қанды бақадалардан әзер құтылған Олар бір қауіпсіз жер тауып тынығып алуға оңтайланып еді, дем алуға жүйкесі тартпаған суретші фотоаппаратын ала салып, жалғыз өзі орманға сүңгіп кетті. Ол артқа қарай он неше метір жүрмей жатып, шағылсып жатқан бір жұп нарттай қызыл қанды бақаға жолықты. Шынында, ілуде бір кезігер көрініс. Ол жығылған ағашқа тізерлеп отыра қалып, көз ілеспес тездікпен суретке тарта бастады. Осы кезде ол үлкендігі тегенедей, салмағы он килограммнан кем түспейтін бір алып бақаның әлгі екі жәндікке баспалап келе жатқанын байқап қалды. Кенет алып бақа ұзын тілін жалаң еткізді де, лазатқа батып жатқан әлгі екі жәндікті бір-ақ қылғыды .

түсірген олжасына дән риза болған алып бақа масайрап «бақ» ете түсті, оның күн күркірегендей зор даусынан есі шыққан суретші қорыққаннан фотоаппаратын жерге түсіріп алды. Ондағы бағалы суреттерін тастап кетуге көзі қимаған ол аппаратты ала салып, тұра қашады.

Дереу секем алған алып бақа ышықна күркіреп оның соңынан тарбаңдап қуа жөнелді. Жол бойы ұзын саны жүзге жуық алып бақа бейне аспаннан жауған жаңбырдай қою орманның арасынан тұс-тұстан атылып шығып, суретшіні қуғындаған топқа қосылып жатты. Екі иінінен дем алып, жолдастарының қасына зорға жеткен ол екбеттей жығыла бергенде өкшелей қуған бақалар тобы да жетіп үлгірген. Ғажаптанарлығы сол, олар дереу шабуылға өтпей зерттеу үйрімесін айнала қоршап, сілтідей тынып тұрды.

Аз-кем арбасудан соң алып бақа шоғырының ту сыртынан тарамсына сүйеніп, құр сүлдері ғана қалған аш көз, алтын түсті бір алып бақа пайда бола кетті. Мұның бейнесі қара нөпір алып бақа шоғырының көсемі екенін айтқызбай-ақ танытып тұр. Оның балпанақтай басы мен барбиған төрт сирағы тұтас пішініне сай келмейтіндей үлкен еді. Көз жанары өшкіндеп, аспай-саспай жер бауырлап жыбырлайды.

Оның бейнесі зерттеушілерді қарадай қалтыратты. Лезде құлақ тұндыра шыңғырып еді, алып бақалар бір шоршып, екі шоршып жақындай түсті.

Адамдар мен алып бақалардың аралығы таяқ тастам қалған кезде әлгі алтын түсті алып бақа тағы бір дауыстап белгі береді. Сол-ақ мұң екен. Бақалар үйірме мүшелеріне тұс-тұстан улы сұйықтық бүрікті. Жаңбырдай бораған жабысқақ сұйықтық олардың денесін бастапқыда ешқандәй жайсыздандырмағанымен, көп өтпей тұла бойлары салғырт тарта бастады. Үйірме бастығы Таунейдің санасына «біз, шынында, аңызда айтылатын Бразилияның адам жейтін алып бақасына кездескен жоқпыз ба?» Деген үрейлі қорқыныш сап ете түсті. Қазіргі бірден-бір талғам қан кешседе осы қатерден қашып құтылу екендігі оған айқын еді.

Тауней серіктеріне айқай салды: «біз қамалды сөзсіз жан сала бұзып шығуымыз керек! Әйтпесе, өлімнен басқа жол жоқ!». Көпшілік қолдарына таяқ, ағаш бұтағы және кездік сияқты заттарды ала салып өздерін қорғағанымен, бақалар тобы бір сәт толастамады. Көзі су қараңғы Июз бірнеше қадам жүрмей жатып шалынып жығылды. Басын көтере бергенше болған жоқ. Толқындай жапырылған алып бақалар оны көміп кетті.

Құлақ тұндыра шыңғырған бақалар шоғырының дауысы жер-көкты зіл-зала қылды. Ал, дәрменнен айрылған зерттеушілердің қадамы барған сайын саябыр тартты. Оларға енді ағаш бұтақтарына өрмелеуден өзге жол жоқ еді. Күш-қуатын бойларына жиып, бірін-бірі демеп, ағашқа жармасты. Бәрі бір-бір ағаш бұтағына енді орнығып отыра беріп еді, айқұлақтанған алып бақаларда ағаш түбіне өкшелей қуып жетті де ағаш түбінде жыпырлап үймелей қалды.

Алып бақалар ағашқа өрмелей білмегенімен, айнала ағаш жапырақтарына қарай улы заһарын шаша бастады. Ыстық белдеуілік ылғалды орманның ағаштары зәулім болғандықтан, бақалар шашқан у зерттеушілерге жете қоймады. Үріккен торғайдай күй кешкен зерттеу үйірмесі ақыры, сәл де болса тыным тапты.

Бақалар шоғыры да енді шабуылын тоқтатып, әлде нені ақылдасып жатқандай шұрқырасып жатты. Жоқ, нағыз үрей мен таңырқаудың реті енді келіп тұр екен. Кенет, әлгі алтын түсті алып бақа тағы бір рет тылсым дауыс шығарды. Мұны естіген қара нөпір жыртқыштар бірның үстіне бірі шығып, барған сайын биіктеп жиған жүктей бола қалды. Олар қас пен көздың арасында ағаш бұталарына барған сайын жақындай түсті. Дәл осы қысылтаяң сәтте Таунейдің зердесіне от шабуылы түсе кетті. Өне бойы жараланып, әбден діңкелеген зерттеушілер бойындағы бар қайраттарын жиып тағы да аттанысқа келді. Олар ағаш бұтақтарын отап, от қойып, өздеріне таяп келе жатқан «бақа мұнарасына» қаратай лақтыра берді. Айтқандай бұл тәсілдің өнімі көрінді, алып бақалар оттан бойларын тасалап бақ-бақ етіп, жақ-жаққа бытырап тұра қашты .

Бұл қуаныш та ұзаққа жете қойған жоқ. Суретшінің «қанды бақа келді!» деген үні олардың көңілін су сепкендей басты. Көпшілік орман арасынан жұлдыздай жыпырлаған, оттай қызыл сансыз түстің барған сайын жақындай түскенін көрді. Бұл алғашқы қанды бақалар еді. Алып бақалардың біреуі ағаш басына улы сұйықтығын шашса, біреуі биікке секірді. Шар тараптан ағылған қанды бақалар жан-жақтан жапырыла зәулім ағашқа лап қойып, үйірме мүшелеріне жақындай түсті. Олардың мысын құртқаны, қанды бақалардың оттан қорықпайтындығы еді. Қайда лаулаған өрт болса, тобымен соған ағылып лап қойды. Тұйыққа тірелген олар ағаш бұтақтарын қару ғып қанды бақалармен өлсіпей-беріспейтін шешуші шайқасқа түсті.

Дәл осы өліспей-беріспейтін маңызды кезеңде, зерттеушілердің бағына орай әуеден ұшақ дауысымен қоса, құтқарушы топтың  даусы естілді. Ұшақ ну орман үстінен айнала ұшты. Сәлден соң ұшақтағылардың «Киімдеріңмен, ауыз-мұрындарыңды тұмшалаңдар» деп айқай салғаны естілді.

Зерттеу үйірмесіндегілер ауызы-мұрынын тұмшалап үлгерген сәтте, бірнеше ұшақ ну орман үстінен дәрі ұнтағын шаша бастады. Бөгелген қанды бақалар мен алып бақалар бір сәт саябырсыған соң тік ұшақтың сатысын түсіріп, үйірме мүшелерін бір-бірлеп ұшаққа шығарды . Үйірме бастығы Тауней бірнеше қанды бақа мен алып бақаның өлексесін ала шыққан-ды. Ұшақ бөлмесінде үрейлі таңғажайып сапарды бастарынан кешкен зерттеушілер азан-қазан жылай жөнелді…

Ертегіге бергісіз осы оқиғадан кейін биология ғалымдары зерттеу үйірмесі ала келген қанды бақалар мен алып бақаларының өлексесін боршалап тексеру жүргізу арқылы бұл бақалардың ешқандай да жаңа түр болмастан, олардың ішкі құрлыстарынан зор мөлшердегі нәсіл өзгерту кілеткасі байқалғанын жариялады. Бұл – экологиясы ауыр ластанған ортада ұзақ уақыт тіршілік ету барысында гендік өзгеріске жолыққан бұрынғы қалыпты түр екенін дәлелдейді. Бұған себеп, адамзат өндірген химиялық қосылыстар мен дәрілер екенін айтып, баспа бетінде сан түрлі мақалалар жазады.

Дайындаған: Алшын МАТАЙ

Сурет: gotowall.com