Соңғы уақытта «Қазақстан» телеарнасының көрермендер назарына ұсынған үлкен сыйлығының бірі – Үндістанның «Келін» атты телесериалы болды десек,еш қателеспейміз. Алты жылдан бері түсіріліп жатқан телехикаяның былтыр 6 маусымда 1272 сериясы түсіріліп біткен.
Оқиға желісі қызық әрі қазақша аударылымы да көңілден шығады. Қысқасы, сериалда жұртты қызықтырған нәрсе көп. Әсіресе, келіндердің енесін қаншалықты қадірлейтіндігі, әйелдердің ерлеріне деген байсалды көзқарасы, т.б. көріністер сүйсіндірмей қоймайды. Әсіресе, отбасындағы жас келін Анандидің (талантты актриса Авика Гор сомдаған) тағдыры талай кісіні тамсандырып, тіпті көзіне жас алдырумен келеді.
Бізді қызықтырған жағдай – осы телесериалдың қалай аяқталатындығы. Егер сіз де «Келінді» көріп жүргендердің қатарында болсаңыз, сериалдың қалай аяқталатындығын бізге жазып жіберіңіз. Шын мәнінде, «Келіннің» соңғы сериясы сіз айтқан оқиға желісіндей аяқталар болса, «Айқынның» арнайы сыйлығын аласыз (жауаптарыңызды joldas216@mail.ru электронды поштасына жолдаңыздар).
Осындай тақырыппен «Айқын» газетінің оқырмандары үшін бәйге жариялағанбыз. Осы байқау туралы құлаққағысты басылымның сайтынан бір аптада 500-ге жуық оқырман оқыпты. Ал редакцияға пікір білдіріп, жорамал жасаған оншақты адамнан хат келді.
Бүгін назарларыңызға «Қазақстан» телеарнасы ұсынған телехикаяның қалай аяқталатындығына болжам жасаған жанашырларымыздың хаттарын ұсынып отырмыз.
Бірінші хат:
«Келін» телехикаясы бойынша оқиғаның қалай аяқталатыны туралы өз ойымды қысқа да нұсқа айтайын. Жагдишаны тағы бір қызға үйлендіріп жатқандықтан, Ананди Жагдишаның досы ретінде қалады. Ақыл-ойы жетіліп, оң-солдарын таныған соң, екеуі де өз жөндеріне кетеді.
Ананди өте қайсар, шындықты айтатын адал қыз болғандықтан Жагдишаның әйелі ретінде қалмайды. Әжесін де, Жагдишаны да кешірмейді. Бірақ ол бөлек те кетпейді. Жақын туысы сияқты сыйласып қала береді.
Алматы мемлекеттік политехникалық кітапханасының ұжымы
Екінші хат:
Келін сериалын сүйсініп көретін ағайындарға айтарым, Жагдишаның әжесі Кальяни немересін қыстап үйлендіріп, тойын жасайды. Жагдишаның екінші әйелінен баласы да болады. Ал Ананди сол үйдін қызы сияқты тұра береді. Сугна мен Шиямның екінші баласы – қыз дүниеге келеді. Ал Васанттың әкесі түрмеден шыққаннан кейін Васант пен Гена Кальяни Дивидің (Сурекха Сикри) үйінен кетіп қалады.
Кальяни Диви Жагдишаны басқа қызға үйлендіреді. Одан шөбересі болады, ал Ананди сол үйдің қызы болып жүре береді. Менің білетінім осы әзірше.
Рауан Ибраева,
Қостанай қаласы
Үшінші хат:
Жагдиша Типридің қызына үйленеді, Ананди мұғалім болады.
Әсел Жамалбекова
Төртінші хат:
Анандидің бала көтеруге денсаулығы көтермейді, әжесі оны қуайын десе Жагдишаның өмірін сақтап қалғандықтан бар жағдайын жасайды, кейіннен басқа біреуге – Ананди Шеф деген азаматқа ұзатады.
Жагдиша шетелде оқып, сол жақта үйленеді.
Дос Куанышкереев
Бесінші хат:
Бұл фильм өте ұзақ көрінеді. Үндістанда әлі де сериалдарын түсіріп жатыр екен деп естідім. Сонда фильмнің қалай аяқталатынын кім біледі? Бірақ көріпкелі бар адамдар нақты айтуы мүмкін ғой.
Жалпы, осы сериал үнділіктердің ұлттық құндылықтар, оны сақтау жолындағы күресін, ескі салттың кейбір жағымсыз жақтарын әшкерелейтін қызық кино. Маған ұнады. Әсіресе келіншектердің енелері мен күйеулерін қалай құрметтейтіндігі қазақ көрермендері үшін өнеге боларлық. Абысындар арасындағы сыйластық та тамаша көрініс.
Кезінде «13 жаста отау үйесі» деп, біздің ұлтымыз да қызын ұзатып, ұлын үйлендірген ғой. Бірақ заман өзгерді, уақыт басқа. Қазір 18 жасқа дейін қызды ұзату, алып қашу заңмен қудаланады. Бұл – өте дұрыс шешім. Қалай десек те қазақ үшін жаман әдеттен жиреніп, жақсы нәрсені үйрене бергені дұрыс. «Келін» бізге осы жағынан да сабақ бола алады.
Әрине, бұл сериалдың көңілге қонбайтын тұстары бар. Өзге ұлттың құндылықтары мен қадірсіз қасиеттері бізге жүз жерден де жұғысты болмасы анық. Мәселе кино туралы болғандықтан Ананди – Авика Гордың тағдырына жаным ашиды. Бар қиындықты көтеріп жүрген Сумитраның өміріне өкінішпен қарайтын кездер де ұшырасады. Өмірдің өзі секілді сырға толы сериалдың оқиғалары өте шиеленісті, адамды алға жетелеп отырады. «Қазақстан» телеарнасында фильмді қазақшалаған азаматтарға да айтар алғысым шексіз.
«Келін» қалай аяқталады?» деген сауалға келсек, үлкен шаңырақтың ұйытқысы болған Кальяни көз жұмады. Васант өз әкесіне кетіп, байлардың қатарына қосылады. Анандидің әкесі сотталып, тақыр кедейге айналады. Алайда түрмеден шыққан соң оны құдасы қайта қатарға қосады. Ананди басқа жігітке ұзатылып, ең бақытты ана атанады.
Жадиша Батыс Еуропада оқып, сол жақта үйленеді. Бірақ ажырасып, Анандиге үйлену үшін отбасына оралғанда оның ұзатылу тойының үстінен шығады. Осылайша екі жастың өмірі екі жаққа айырылысады…
Бақыт ОРАЗБАЕВА,
Ақтөбе қаласы
Алтыншы хат:
Газетте жарияланған байқауды оқыған соң, «Келін» телесериалы туралы өз пікірімді жолдауды жөн көрдім. Менің естуімше, басты рөлді сомдайтын Ананди бойжетіп, басқа жігітке тұрмысқа шығады. Болашақ жары өте қарапайым, қалада, болмаса шетелде білім алып келген азамат. Кальяни және ата-енесінің келісімімен Анандиға, қайын жұртының үйіне құда түсіп келеді. Ал Жагдиша әке-шешесінің, әжесінің алдында үлкен қателік жасайды, қалаға оқуға түскеннен соң қатты өзгеріп, білуімше басқа жар тауып алады. Кейіннен Жагдиша өз қателігін түсініп, үйіне келгенде Анандидің тойының үстінен түседі. Ол кезде Анандиға құда түсіп келіп жатқан болатын. Оны көрген Жагдиша үйінен шығып кетеді, Жагдишаның келгенін әжесі Кальяни сезіп қояды. Біраз уақыт өткен сон Жагдиша үйіне келгенде есік алдынан әкесі кешірмейтінін айтып, үйінен қуып жібереді. Ал Анандиға келсек, ол кезде мектепте мұғалім болады. Тоқ етері соңында Ананди өзінің екінші жарынан бала туып, өзі тұратын ауылда үлкен мектеп ашып, сол мектептің директоры болады. Сол кезде мектепке мұғалім болып өзінің алғашқы сериалдарында мұғалімі болған оқытушысы келеді.
Келін телехикаясы осылай аяқталады.
Әйгерім Есқараева
Жетінші хат:
Менің ойымша, Ананди мен Жагдиша қосылады. Ал Анандидiң әкесін досы Нихаль өлтіредi деп ойлаймын. Ананди ауруынан жазылады.
Ажар Ибрайымова
Сегізінші хат:
Басты көп қатырмай қазақ киноларын көрмейсіндер ме? Қай-қайдағыны әңгіме етіп, жұмысы жоқ адамдардай уақыт өткізгенше, бос уақытты тиімді нәрсеге жұмсаңдар. Үнді киносы десе, өліп қала жаздайтындарды ұнатпаймын.
Мәселе кинода да емес, көрермен болып отырған көп кісінің алтын уақыттыран жоғалтып жатқандығына өкінемін.
Нұржан,
Батыс Қазақстан облысы
Түйін:
Кино – бұл өнер. Одан адам жақсы жағын ғана алу керек. Кім не десе де киноны ұнататын көрермен үшін «Келіннің» сұмдық сыйлық болғаны шындық. Осындай ойсалар сериалдардың бізде де түсірілгені жөн-ақ. Бірақ ол құндылықтарды қадірлейтін ұлтымыз үшін ұлы фильм болғаны дұрыс.
Үндістаннан әкелінген сериал Алматыда «Талап-медиа» орталығында аударылған. Сөйтіп, «Қазақстан» телеарнасына дайын өнім ретінде ұсынылған. «Келін» телесериалы Үндістандағы ең үздік, танымал, халықаралық нарықты өз бағасын алған өтімді сериал. Осы орайда жұртшылықтың «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Бағдарламалар директоры Сәуле Жиреншина мен көрсетілім және аударма бөлімінің бастығы Гүлнәр Рахымоваға айтар алғыстары шексіз. Аталған фильм алты жылдан бері түсіріліп келеді. Былтыр 6 маусымда 1272 сериясы түсірілген. Түсірілім одан әрі жалғасуда.
Үнді кинолары Болливуд орталығында ғана түсіріледі. Ол үнді киноиндустриясының отаны Мумбаида орналасқан (бұрынғы Бомбей қаласы). Болливуд Голливудқа (Hollywood, Калифорния, АҚШ) балама ретінде жасалған. Сонымен қатар үнді кинолары басқа жерлерде де түсіріледі. Айталық, елдің оңтүстігінде Толливуд және Колливуд орталықтары бар. Олар белгілі бір тілдерде кино түсіруге бейімделген. Болливудта жылына 200 фильм, негізінен хинди, урду және панджаб тілдерінде түсіріледі. Қазір үнділік кинолар Батыс елдерінде ерекше ықыласқа ие. Болливуд атауы 1970- жылдары ойлап табылған. Бұл кезде Үндістан кино түсіру жағынан АҚШ-ты басып озып, бұл өндіріс жағынан әлемде бірінші орынған шықты. Бұл атаудың авторлары ретінде режиссёр Амит Кханн мен журналист Бевинду Коллаконың есімі бірінші аталады. Алғашқы толықметражды «Раджа Харишчандра» 1913 жылы түсірілген. 1940-1960 жылдар үнді киносының алтын ғасыры саналады. Раджеш Ханна, Дхармендра, Санджив Кумар, Шаши Капур, Шармила Тагоре, Мумтаз, Аша Парех, Анил Капур, Митхун Чакраборти, Хема Малини әлемге танылған актерлер қатарына қосылды.
Дуанабай Жолдасбек