АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«КЕНТАУ: АЛПЫС ЖЫЛ — АЛПЫС БЕЛЕС» АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

китап 60 жыл   1   (1)Кентау қаласының 60 жылдығына орай «КЕНТАУ: АЛПЫС ЖЫЛ — АЛПЫС БЕЛЕС» атты кітап жарық көрді. Қала шежіресінен сыр шерткен тарихи жылнама түрінде жазылған кітапта қалада туып-өсіп, кенді өлкенің ыстығы мен суығына төзіп, маңдай терімен сұлу да көрікті шаһарды тұрғызған еңбек адамдары туралы, көпұлтты ортақ шаңырақтың, кенді қаланың тамырына қан жүгірткен өндіріс ошақтары мен құрылымдық бөлімшелердің шежірелі тарихы жөнінде көз көргендердің естеліктері мен пайым-толғаныстары және қаланың тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен келешек жобалары топтастырылған. Кезінде мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген материалдар мен мұрағаттық деректер өзгеріссіз, өз қалпында жарияланған. Кітап авторлары қаламызға белгілі қаламгерлер Рысты Атабекқызы, Бекжігіт Сердәлі, Қайрат Зайнишев, Бағдаулет Қалымбетов. Басылым Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан басылып шықты.

Кітаптың тұсаукесері Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының кіші мәжіліс залында өтті. Көпшілік мұнда орталық кітапханалар жүйесінің ұжымы дайындағын кітап көрмесімен танысты. Авторлар жайында стенд қойылды, жаңадан жарық көрген кітаппен 60 жыл деп жазылды, мұнан өзге де безендірулер орналастырылып салтанатты шараның шырайын кіргізді.
Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев өз құттықтауында кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша қауымға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
— Кентау қаласының 50, 55 жылдығына кітап шыққан. Сол дәстүрді жалғастыра отырып 60 жылдыққа да кітап жазылды. Әр он жылда, әр бес жылда өмір өзгеріп тұрады. Көптеген өзгерістер болуда. Бұл жұмыстардың басында Рысты Атабекқызы бастаған шығармашылық топ құрылды. Сонымен ойымыз жүзеге асып, кітап жарық көрді. Кітап бұрынғыны қайталамай, жаңа форматта жасалды. Материалдарды ұсынуда да, безендіруде де өзгешелік болсын деп шештік. Жұмыс барысында қиын кезеңдер де болды. Сапалы дүние шығуы үшін, түрлі пікірталастар орын алды. Нәтижесінде үлкен еңбек жасалды. Көп болып қолға алған істің қорытындысын қолдарыңызға алып отырсыздар. Шығармашылық топқа және «Өнер» баспасының басшысы Әшірбек Көпішов ағамызға, ұжымына үлкен алғыс айтамын.
Кітап өте әдемі сапалы шықты. Сыртқы мұқабасы, дизайны, көркемделуі, мазмұны да тамаша. Алдағы уақытта бүкіл кітапханаларға таратамыз, — деді Әбдібақыт Тілләбайұлы.
«Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішов қаланың мерейтойына орай жүрекжарды жылы лебізін жеткізді.
— Қасиетті Түркістан, Кентау топырағына қадам бастық. Кентауға бірінші келуім. Жаратушым дәмді бүгінге бұйыртқан екен. Мерекелеріңіз құтты, берекелі болсын. Халқыңыздың, тұрғындарыңыздың алдынан Алланың ақ нұры жауып, мемлекетіміздің төрт құбыласымен бірге Кентау биік аспанға, алтын тұғырға көтеріле берсін, — деді.
Бас редактор Рысты Атабекқызы кітаптың жазылу барысымен таныстырды.
— Кітапты жазуды ақпан айынан бастадық. 200-дей мекемеге хат жібердік. 150 мекемеден мәлімет келді. Басым бөлігі орысша болды. Шіліңгір шілдеде жұмыс істедік. Серік Құлымбетов, Жанат Таукеева, Салтанат Атабекқызы және орталық кітапхана ұжымы, ішкі саясат, білім беру бөлімдерінің көрсеткен көмегі көп болды. Баршасына алғысымды айтамын. Кітаптың жазылуына қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев өзі тікелей араласып отырды, — деді автор.
Кітап жайлы пікірін білдірген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев шығармашылық топқа ризашылығын білдірді.
Салтанатты жиында Әшірбек Көпішов пен Рысты Атабекқызы «Кентау қаласына 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Бекжігіт Сердәлі, Қайрат Зайнишев, Бақдәулет Қалымбетов қала әкімінің құрмет грамотасына ие болды.

http://zhebe.com/