Ағымдағы жылы қаламыздың бірқатар магистральды жолдарындағы қозғалысқа өзгерістер енбек. 15 қазаннан бастап жол қозғалысындағы өзгеріс қаламыздың қақ ортасындағы Абай даңғылынан басталды. Мұның да өзіндік себебі бар. Жаздыгүні Абай даңғылы бойымен Достық даңғылынан Саин көшесіне дейінгі аралыққа сызылған «А» таңбалы бірінші жолақтар тек қоғамдық көліктерге лайықталған болатын.
Басты жолдағы бұл таңба шаһарымыздың бас даңғылын жол қылған автокөліктердің күн өткен сайын көбейіп, көлік кептелісін еселеуінен туындап еді. Даңғыл бойымен жүретін бірнеше автобус пен троллейбустың бағытын өзгерту де өз кезегінде даңғылға түсер салмақты азайтудан туған амал-әрекет болды. Таңбалы даңғыл даңғыл жолға айналғанымен, жол қозғалысында бірқатар қиындық болғанын жасыра алмаймыз.
Осыдан бір апта бұрын Әкімшілік полиция басқармасына хабарласқанымызда, ондағылар әлі де көлік кептелісін тудырып отырған тұстардың баршылық екенін айтқан-ды. Енді, міне, жолдағы өзгерістерге куә болып отырмыз. Әлбетте, өзгеріс кептеліс тудырып отырған жол учаскелеріне енгізілді. Абай даңғылының Абылай хан мен Желтоқсан көшелерінің қиылысы аралығындағы екі бағытта, сондай-ақ, Абай даңғылының Мұқанов көшесі мен Есентай (бұрынғы Весновка) өзені аралығындағы қос бағытына өзгеріс енді.
– Аталған жол учаскелерінде қоғамдық көлікке арналып арнайы жолақтардың енгізілуі уақыт талабынан туындаған болатын. Алайда, жол бөлігі тарылып, автокөліктердің кептелісі мен апатты жағдай артты. Зерттеу, зерделеу нәтижесінде жоғарыда көрсетілген түзетулер енгізілді. Демек, бұл аталған учаскелердегі көлік қозғалысына жолақ бойынша шектеу қойылмайтынын білдіреді. Автоәуесқойлар әдеттегі жол белгілерін қолдана алады, – дейді Әкімшілік полиция басқармасына қарасты батальон командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Өтегенов.
Жол-партульдік полиция бөлімшесіндегілер бүгінде Абай даңғылының Нұрғиса Тілендиев, Тұрғұт Өзал атындағы көшелермен қиылысындағы бағдаршам нысандарының фазалық жүріс режимін өзгерту жөніндегі мәселенің қарастырылып жатқанын айтты.
Айнабай МӘДИ
http://almaty-akshamy.kz/