АЛТЫНОРДА
Новости

Киев пен Мәскеу уақытша газ келісімін жасаспақ

Еуропа Одағы (ЕО), Украина және Ресей қыс кезінде газ тапшылығын болдырмау үшін уақытша келісім жасасуға уағдаласты. Украина мен ЕО қыстық жылыту маусымында газ тапшылығынан зардап шегуден қауіптенеді.

Үш тараптың өкілдері 26 қыркүйек күні Берлинде кездесті. ЕО-ның энергетика бойынша комиссары Гюнтер Эттингер Украинаның «қазан айының соңына дейін Ресейге екі миллиард АҚШ долларын төлеуі тиіс» екенін, «қалған бір миллиард 100 миллион долларды жыл соңында өтейтінін» айтқан.

Егер Киев Мәскеуге екі миллиард доллар берешегін қазан айында өтеп, келешекте берілетін газдың 1000 текше метріне 385 доллардан алдын ала төлем жасаса, Ресей Украинаға 5 миллиард текше метр газ бермек.

Украина мен Ресей араларындағы газ дауын Стокгольмдегі арбитраждық сотқа берген. Егер бұл сотта Киев жеңсе, Украина Ресейге 3 миллиард 100 миллион доллардан артық ақша төлемейді. Егер Мәскеу жеңсе, Украина Ресейге аталған соманың үстіне 2 миллиард 100 миллион доллар қосып төлеуге міндетті болады.

http://www.azattyq.org/archive/news/20140927/330/330.html?id=26608642