АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді

islamdiniturali1«Дін» дегеніміз не?

Қазақ халқы ежелден-ақ «мұсылман елі» ретінде әлемге танылған. Алайда 300 жылдай отарлау озбырлығының астында, оның ішінде бір ғасырға жуық атеистік қоғамның көлеңкесінде тірлік кешкен кезең халық болмысына өз ізін салып үлгерді. Әсіресе, «дін — апиын» деген әсіреқызыл ұранның желеуімен жүргізілген сұрқия саясаттың салқыны әлі сезілуде. Діни сауатсыздыққа қоса жаһандану арқылы келіп жатқан сансыз ағым, мәнсіз ұғымдар мәңгүрттікке жетелеуде. Бүгінде тұрмыс түзеле бастағанымен, сарсаңда қалған сана әлі де шатқаяқтап тұр. Біз хақ дін Исламның орыны мен маңызы жөнінде сөз қозғамастан бұрын, жалпы «Дін» деген ұғымның өзін талдап, түсінуді талап қылдық.

Дін жайлы қалыптасқан жалған түсініктерді шолғанда, әуелі жолығатынымыз – «дін – апиын» деген пікір. Бұл түсінік, негізі, дін атын жамылған секталар мен түпнұсқасын бұрмалап, дүниелік әрі саяси мақсаттары үшін дінді құрал ретінде пайдаланған адамдардың кесірінен қалыптасқан болатын. Өйткені олардың сау ақыл мен сауатты ғылымға қайшы әрекеттері осы тұжырымға алып келген-ді. (Осы арада Еуропада «қараңғылық ғасыры» деп аталған орта ғасырларда «Ислам ренессансы» деген құбылыстың орын алғанын айта кету орынды…) Шынайы діннің иләһи- құдайлық негізін жоққа шығаратын бұл пікір «Дін – белгілі бір мақсатты, пайданы көздеген адамның немесе адамдар тобының ойлап тапқан және адамдарға сендірген нәрсесі; діни идеялар – жастарды қорқытып, тәрбиелеудің және кедейлерді алдаусыратудың таптырмас құралы» деген  түйінге алып келеді…

 Көп жағдайда, «дін» сөзі «сенім» сөзінің синонимі, баламасы ретінде қолданылады. Осы тұрғыдан келгенде, «Дін дегеніміз – сенім, яғни өзіндік көзқарас, белгілі бір дүниетаным» деп түсінсек болады. Дін дегеніміз – тұтас тіршілік туралы, жалпы болмыс туралы көзқарас жүйесі, белгілі бір дүниетаным болғандықтан, дін қабылдауды – сол дүниетанымды қабылдау десе де болады. Яғни, дін – адамның ойлау жүйесін реттейтін, бағыттайтын және басқаратын нәрсе. Орыс халқының ғұлама жазушысы Лев Толстой бұл жөнінде былай деп ой қорытады: «Дінсіз, яғни өмірге деген қандай да бір қарым-қатынассыз адамның болуы – жүрексіз адамның болуы секілді, мүмкін емес нәрсе. Адам өзінде жүрек бар екенін білмеуі мүмкін, бірақ жүрексіз бола алмайды. Сол секілді, дінсіз де бола алмайды.»

Руханиятты зерттеуші ғұламалар: «Дін – адам болмысын түсіндіретін, жан-дүниесін тазартатын, рухани жетілдіретін терең Ілім», — дейді.  Хақ діннің басты белгілерінің бірі – адам жанын ізгілендіріп, рухын асқақтатады екен. Сондай-ақ, ғалымдар: дінді – тіл, дәстүр, тарих және атамекен секілді ұлтты ұйыстыратын, жұртты жұмылдыратын мәдени мәйек, ел мен ұлтты қалыптастыратын түп себептердің бірегейі ретінде таниды.

Қорыта келгенде: шын мәніндегі Дін дегеніміз – әр оқиға мен әр құбылыстың, яки барша өмірдің мәні мен мағынасы бар екеніне, оған мән мен мағына дарытып жаратқан Құдіретті де Мейірімді Иеміздің бар екеніне және құлшылыққа лайық тек Сол ғана екеніне деген сенім. Дін дегеніміз – сол ұлы сенімнен, шынайы дүниетанымнан туындаған парыз-міндеттерді іске асырған өмірсүру салты. Дін дегеніміз – жауапкершілікті сезінген, өмірдің ойын емес екенін  түсінген саналы ғұмыр, сәнді тірлік. Шынайы Дін –  пенде-адамнан Тұлға-Адам қалыптастыратын, тобырдан – текті ұлт жасайтын қасиетті Ілім. Дін дегеніміз – махаббатпен жаратқан Иемізді танудың мүмкіндігі, Аллаһ Тағаланың разылығын табуды үйрететін негізгі Ереже. Шынайы дін – бүкіл Ізгілік ұстындарын бойына жиған, Бақытқа жеткізер Өмір Жолы.

Иә, адам өмірінде сенімнің, діннің алар орыны орасан зор. Өйткені: ұстанған дін, яғни басы бүтін иланған сенім адам өміріне – мән, ойына – жүйе, қайратына – жігер,  келешегіне – бағыт беретін күш. Ал адамның болашағы оның жасаған таңдауына байланысты. Сенген дүниең – шындықпен туыс, ақиқатпен ағайындас болса, бақыттың ауылы іргелес болады; адам ақиқат дінмен жүрсе, ой-өрісі кеңіп, ақыл-парасаты артады. Керісінше, сенген және сүйенген нәрсең – жалғандықпен тамырлас болса, адасу мен бақытсыздықтың жолдас болары даусыз; бұндай жалған сенімнің жетегінде кеткен пенде қиял мен елестің арасында сансырап қалады. Сондықтан, ақиқи дінді таба білу – ең үлкен мақсат. Бұл іс салғырттық пен немқұрайдылықты көтермейді.

Ислам — қандай дін?

Жасыратыны жоқ, дінді «ескіліктің қалдығы, надандықтың сарқыншағы» деген  кеңестік кезеңдегі Ислам жайлы түсінігіміз өте тар болатын. Ислам жайлы мәліметтердің жоқтығы өз алдына, «дін-апиын» деген идеологияның мықты тоқпағы миымызды мылжалаған еді. Өзіміздің мұсылман екенімізді білгенімізбен, мұсылман болуды сүндетке отырумен ғана байланыстыратынбыз. Ақ шүперекпен оралып,  төрде ілініп тұратын Құран – қайтыс болған кісілерге арналып оқылатын кітап сияқты, мешіт – жерлеу мекемесі секілді, ал молда сол рәсімді іске асыратын маман сияқты көрінетін…

Адам баласы, ақылы бар тіршілік иесі ретінде, жаратылғалы бері белгілі бір сенім-нанымсыз, яғни дінсіз өмір сүрген емес. «Дін» деген атты жамылған сенім-нанымдар өте көп. Бірақ,  Жаратушы қалай жалғыз болса, ақиқи діннің де солай жалғыз болатыны шындық. Ғалымдардың айтуынша: шынайы дін – барша тірлік, тұтас Болмыстың Заңдылығын түсіндіреді; адам баласының таза, түп табиғатына сай келеді;  түпнұсқасы сақталған Кітабы болады әрі ондағы ешбір қағида мен мәлімет – сау ақыл мен сауатты ғылымға қайшы болмайды; адамның ғұмырына – мән, жүрегіне – нәр береді. Міне, осындай ұжданның талабы мен ақылдың сынына төтеп беретін, адами қажеттіліктерді толық өтейтін дін – атадініміз Ислам ғана! Өйткені, Ислам – ең алғашқы үкімінің өзі «Оқы» деген сөз болған Білім діні; «Иман мен мейірім – егіз» деген Мейірім діні; «артықшылық – тақуалықта, ар мен ақылда» дейтін Әділет діні; Қияметқайымға дейін өзгермейтін, Жаратушы тарапынан қорғалған Толық дін! Ислам дінінің ақиқаты мен  кемелділігін түсінген орыс халқының данышпан жазушысы Лев Толстой былай деп ой қорытады: «Әрбір саналы адамның ең соңғы табан тірер нүктесі — Ислам». Қасиетті Құранда бұл мәселе былай тұжырымдалған:«Алланың қасындағы шынайы дін – Ислам».  («Әли-Ғимран» сүресі, 19-аят.)

   «Ислам» сөзі мұсылман» сөзі де) – «силм» деген түбірден туындаған. Мағынасы: «тыныштық, амандық, татулық, келісім, сенімділік, мойынсұну, сәлеметке жету, ықылас және шынайылық» деген ұғымдарды қамтиды.

Ислам – Жаратушы үкімдеріне бағыну әрі құрметпен қабыл алуды, Оған бас иіу  арқылы  амандық пен тыныштыққа кенелуді және осы игіліке бөлену үшін қажетті істерді атқаруды білдіреді.

Ислам – Ұлы Жаратушы мен жеке адам арасын байланыстырады; адамның ішкі дүниесін тазартып, нұрландырады, мінез-құлқын кемелдендіреді. Ислам – қоғамдық қатынастарды реттейді, әділеттіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Ислам – сондай-ақ, адам мен басқа жаратылыс иелерінің арасындағы қарым-қатынасты жүйелейді.

Ислам діні – барлық қатынастар мен іс-әрекеттерде орта жолды уағыздайтын дін. Дүниеден безу, үйленбеу, монах болып аулақ кету секілді істер тыйым салынған. Ислам әлемінде қоғамнан тыс өмір сүретін діни тап, оқшау құрылым қалыптаспаған. Әр адам жеке және кез-келген уақытта, кез-келген жерде Жаратушысымен байланысып, құлшылық жасай алады.

Пенде қиялынан туындаған немесе түпнұсқасы бұрмаланған діндерде адам табиғатына қайшы келер жайлар көптеп кездеседі. Ал, хақ дін Исламның үкімдері – адам табиғатымен үйлесімді болып келеді және осы себепті ол «табиғи дін» деп те аталады.

«(Уа, Мұхаммед) Ханиф ретінде жүзіңді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратқан адам баласының табиғи болмысы сондай. Алланың жаратылысы еш өзгермейді. Осы тұп-тура дін. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді». («Рум» сүресі, 30-аят.)

Ислам діні адамның дінін, ақыл-парасатын, тегін, өмірі мен мүлкін сақтайды. Мысалы: Арақ және есірткіні харам қылу арқылы адам баласының ақыл-есін қорғайды. Өсек пен ғайбатты харам ету арқылы әр адамның  ар-ожданы мен абыройын  қорғайды. Зинақорлықты харам етіп, адамның намысы мен ұрпағын қорғайды. Ұрлық, құмар, парақорлық пен өсімқорлыққа тыйым салып, мал-мүлкін сақтайды…

Ислам қоғамының мүшелері – бір-біріне бауыр, ағайын болып есептеледі. Адамдардың нәсіл, ұлт, әлеуметтік мәртебе, шыққан тегі жағынан еш үстемдігі болмайды. Адамдар – тең дәрежелі, артықшылық – иман мен амалда, рухани-адамгершілік қасиеттерде. Ислам діні – жеке адамның хақысы мен бостандығына кепіл бере отырып, ұжымдық тірлікті, яғни адамдардың ұйымдасып, бірлікте өмір сүруін қалайтын дін. Негізгі мақсаттарының бірі – адамдар өзара сүйіспеншілікте өмір сүретіндей және әрбір адам бүкіл қоғамның бақыты мен ортақ мүдде үшін әрекет ететіндей әділетті қоғам құру.

Қорыта келгенде Ислам дінінің мынадай  ерекшеліктерін айтуға болады:

  1. Ислам – алдыңғы пайғамбарлар баяндаған діндердің үкімдерінің күшін жойған және өзгермейтін үкімдері Қиямет күніне дейін жүретін соңғы әрі толық дін.
  2. Ислам – дүниежүзілік дін. Алдыңғы пайғамбарлар жеткізіп, баяндаған діндер тек қана белгілі бір ұлтқа, халыққа келсе, Ислам барша адамзатқа түсірілген.
  3. Ислам – адам табиғатымен үндес, адам баласының барлық мұқтаждарына жауап бере алатын кәміл дін.
  4. Ислам – Құран кәрімде есімдері аталған барлық пайғамбарларға жіберілген иләһи діндердің ортақ атауы.
  5. Ислам – тіршілік заңдылықтарын түсіндіретін дүниетаным әрі Ізгілікке негізделген тұтас өмір сүру салты.

Неміс халқының алыбы Гете: «Анау-мынау нәрсе туралы оңды-солды ой толғау – қандай ақымақтық. Егер Ислам – Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз»,- деп ой қорытады. Яғни, біз қалай қиялдасақ та, қандай ойдың жетегінде жүрсек те, Аллаһ Тағала жаратқан әлемде, Жаратушымыздың назарында ғұмыр кешіп жатырмыз; Құдіретті де Мейірімді Иеміздің бекіткен заңдылықтарының ішінде өмір сүрудеміз және барар жеріміз де Жаратқанның алды. Осы ақиқатты ұғындыратын, тұтас болмыстың  заңдылығын түсіндіретін Ілім – Ислам. Екі дүниеде бақытқа жеткізер ереже мен Жол да – Ислам. Бұл ақиқат қасиетті Құранда былай тұжырымдалған: «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді әрі Ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады». («Әли Ғимран» сүресі, 85-аят.)

Қараханидтер дәуірінде мемлекеттік дін болып қабылданған Ислам діні – қазақ халқы өз алдына отау тігіп, Қазақ хандығы болып бөлініп шыққан кезден-ақ бірден-бір дін ретінде бекітілді. Қазақ халқының ой-жүйесі мен сөз киесі де, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі де Ислам өрісінде қалыптасты. Алла қаласа, Қазақ елі мұсылман мәдениетімен тамырлас, Ислам өркениетімен тағдырлас болып қала берері сөзсіз. Ендеше, осы Хақ дінді ұстанушы халықтың ортасында дүниеге келгенімізге, осындай имани дәстүрі бар ортада өскенімізге тағы да бір шүкір етейік, ағайын!

 Алғадай Әбілғазыұлы

http://www.kazakhstanzaman.kz/