Еліміздің ең мықты дауыс иесінің кім екенін білгіңіз келе ме? Онда Ұлттық арнада «Қазақстан Дауысы» жобасының ақтық сынын тамашалаңыз. Бірнеше айға созылған ән бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен небір күміс көмей әншілер қатысты. Жобаның төрт тәлімгері осы таланттардың арасынан дауысын тыңдау арқылы нағыз дарынды дегендерді өз тобына іріктеп алды. Қатаң сыннан өткен төрт талант енді ақтық сында бақ сынайды. Бұл тек үміткерлер емес, тәлімгерлер үшін де үлкен сын болмақ.
Өткен аптада, яғни 12- қаңтардағы тікелей эфир кезінде әр топтан 8 үміткер өнер көрсетті. Жобаның шарттары күнен-күнге қиындап, әншілердің намысын қайрай түсті. Бұл кезеңнің ережесі сәл өзгешелеу болды. Екі өнерпазға да көрермен дауыс берді. Сонымен қоса тәлімгер әншіні 100 пайыздық көрсеткіш бойынша бағалап, дауысының 60 пайызын бір үміткерге, ал екіншісіне 40 пайызын ұсынды. Сонан соң көрермен мен тәлімгер берген дауыстың ортақ қорытындысы бойынша ақтық сынға жолдама алатын өнерпаз анықталды.
Міне, осылайша әр топтан екі-екіден қалған 8 үміткер тікелей эфирде жанды дауыста ән салды. Нұрлан Албанның тобынан Шахаризат Сейдахмет тәлімгерінен 60 пайыз дауыс алып, көрермен көп дауыс берген Таңатты басып озды. Ал Алмас Кішкенбаевтың тобынан тәлімгердің 60 пайыз дауысын алған Тимур Омаров ортақ қорытынды бойынша 104,5 пайыз жинап, 95,5 пайыз алған Бердібек Құлғараевтан озық шықты. Алайда кейбір үміткерлер тәлімгерінен төмен пайыз алса да, көрерменнің қолдауымен ақтық сынға өтті. Мадинаның тобынан Роза Мұқатаева тәлімгерінен 40 пайыз алса да, ортақ қорытынды бойынша 107,3 пайыз жинап, 92,7 пайыз дауысқа ие болған Мархаба Сәбиевадан алға шықты. Тап осылай Жанғали Әбішев те тәлімгерінен 40 пайыз дауыс алғанымен, ортақ қорытынды бойынша 102,2 пайызға ие болып ақтың сынға жол тартты. Ал, Батырхан 97,8 пайызбен келесі кезеңге өтпей қалды.
Тікелей эфир соңында «Қазақстан Дауысы» атағына бақ таласатын 4 өнерпаз анықталды. Енді 19-қаңтар, жексенбі күні ақтық сында Шахаризат Сейдахмет, Тимур Омаров, Роза Мұқатаева және Жанғали Әбішев бақ сынайды. Олар сахнада еліміздің әйгілі әншілерімен және өз тәлімгерлерімен бірге қосылып ән шырқайды. Олардың өнерін, бұл жолы тек көрермен бағалайды. Сонымен, «Қазақстан Дауысына» лайықты өнерпазды таңдайтын шешуші сәт жақындады. Бес миллион теңге мен «Universal» дыбыс жазу компаниясының кесімшарты кімге бұйырады. Оны анықтайтын көрермен. Қымбатты көрермен, қапы қалмай дауыс беріңіз! Егер қосар ойыңыз, айтар тілегіңіз болса, СМС хабарлама жіберулеріңізге болады. Сіздердің пікірлеріңіз үміткерлердің жобадағы тағдырын шешеді. Қызықты пікірлер мен салмақты ойларыңыз «Қызыл бөлмеде» қызу талқыланады. Ендеше 19-қаңтарда, тікелей эфирде, Қазақстан ұлттық арнасында кездескенше!
Abai.kz