Бала асырап алуға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар не үшін енгізілді? Кімдерге бала асырап алу құқы берілмейді? Бала асырап алған азаматтар қашанға дейін мемлекетке есеп беріп отырады? Шетелдіктер қандай жағдайда қазақстандық балаларды асырап ала алады? Осы сауалдардың жауабын Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған дөңгелек үстелден біліп қайттық. Басқосу барысында Қазақстандағы балалар мекемелеріне жасалған мониторингтің нәтижелері бойынша әзірленген деректер жинағы таныстырылып, БҰҰ Балалар құқықтары жөніндегі комитеттің бұрынғы басшысы Я.Дук пен «Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды бөлімшесінің директоры Ю.Гусаков баяндама жасады. Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлнар Қонақбаева журналистерге арнайы сұхбат беріп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, еліміздегі бала асырап алуға қатысты заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер 2011 жылы енгізілген. Бұл іс ұлттық заңнаманы «балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» халықаралық Конвенция талаптарына сай жүзеге асырылды. «Бұған дейінгі заңда бала асырап алу кезінде баламен қарым-қатынас мерзімі мүлдем көрсетілмейтін. Жаңа заңда 2 апталық кезең қарастырылған. Яғни бала асырап алынғанға дейін болашақ ата-анасымен 14 күн араласады. Осы уақыт аралығында тараптар бір-біріне бауыр басады, үйреніседі. Ал шетел азаматтары бұрынғы заң бойынша баланы асырап алардың алдында онымен 2 апта бірге болатын. Жаңа заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, бүгінде бұл мерзім бір айға ұзартылды», – деді ол. Тілшілердің «бала асырап алу құқы кімдерге берілмейді?» деген сұрағына судья: «әлеуметтік әлеуеті ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін жандар мен жалғызбасты ер адамдар және бір жыныстылардан құралған отбасы мүшелеріне бала асырап алу құқы берілмейді», – деп жауап берсе, «бала асырап алған азаматтар қашанға дейін мемлекетке есеп беріп отырады? деген сауалға: «Бала асырап алған Қазақстан азаматтары бала 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын мемлекетке есеп беріп отырады. Ал шетелдіктер бала асырап алғаннан кейін алғашқы 3 жылда 6 ай сайын, одан кейін жылына бір рет есеп беруге міндетті» деп тіл қатты. Г.Қонақбаеваның сөзінше, шетелдіктерге Қазақстаннан бала асырап алу құқығы оңды-солды беріле бермейді. Бұл туралы ол былай дейді: «Неке және отбасы» заңының 76-бабының 2-тармағында «Балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда ғана, шетелдіктерге азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, асырап алуға берілуі мүмкін екені атап көрсетілген. Өз еліміздің азаматтары бала асырап алуға ниет танытпаған жағдайда ғана біз мұхит асып келгендерге Қазақстаннан бала асырап алу құқығын береміз». Айтпақшы, сот өкілінің айтуынша, осы уақытқа дейін бірде-бір шетелдік тиісті органдарға бала асырап алудың күшін жою туралы арыз бермеген. Өкініштісі, өз азаматтарымыз мұндайға көп барады екен. Сөз арасында Г.Қонақбаева: «Шетелдіктер Қазақстанның дімкәс балаларын асырап алудан бас тартпайды, керісінше, оларды бауырларына басуға тырысады» деді. «Неге?» – деп сұрағанымызда судья: «Шетелдіктер емделетін ауруды ауру деп санамайды. Олар науқас балаларды емдеп алатындарына сенеді» Қанат МАХАМБЕТ |
http://www.aikyn.kz/