АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Кішкентай Нұрсұлтандар

Asykata-1Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы Өмірбаевтар отбасы Тұңғыш Президент күні мерекесін жыл сайын лайықты тартулармен қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Биыл олардың демеушілігімен мақтааралдық қос өрен Астананың көрікті жерлерін аралап, бас қаланың сәулетімен, мәдени ошақтарымен етене танысты.

Өмірбаевтар әулетінің үлкені Камира Сламбекқызы Тұңғыш Президент күні мерекесі құрметіне Асықата кентіндегі өзі оқыған №112 жалпы орта мектептегі Елбасымен аттас Нұрсұлтан есімді өрендерді «Тұңғыш Президент және елорда» жобасы бойынша Астана қаласы­ның тарихи-мәдени ошақтарын аралатып, өмірлеріне өнегелі із қалдырмақ. Еліміздің ғажайып шаһарын тамашалау арманы тәтті қиялдарына қанат бітірген өңір өрендерінің идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызған оның биыл осы мектепті бітіріп шыққанына әрі 40 жыл толып отыр. Өмірбаевтар әулетінің жеке белсен­ділігімен дәстүрге айналған отба­­сылық жобаның жылдағыдан бұл жолы өзгеше­рек болуының бір себебі, міне, сонда…

Сонымен, «Жеңіс» мектеп-гимназиясынан 9-сыныптың үздік оқушысы Нұрсұлтан Еркінұлы мен №112 жалпы орта мектептің 7-сынып оқушысы, Өмірбаевтар отбасы ұйымдастыруымен өткізілген патриоттық әндер байқауының жүлдегері Нұрсұлтан Кеңесұлы «Елбасытану», «Астанатану» сабақтары бойынша Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өмірбаянымен, еңбектерімен, сондай-ақ Астана тарихымен жете танысып, алдын ала жасалған бағдарламаға сәйкес елорданың көрікті жерлерін тамашалап жүр. Ауылдағы әр баланың жүйрік қиялында елорда ертегілер елі іспеттес десек, «Бәйтеректің» биігіне көтерілген әр адам аңсаған арманына жетеді деген сенім кеуделеріне ұялаған қос ұланның Астанадағы алғашқы серуендері Тұңғыш Президент музейінен бастау алды. Одан кейін Назарбаев орталығы, Тұңғыш Президенттің кітапханасы, Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі тәрізді Елбасы идеясымен тікелей сабақтас нысандарды, «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, Ұлттық музей сынды Есілдің сол жағалауындағы әсем де зәулім басқа да бірталай мәдени ошақтарды, «Хан-Шатыр», «Думан» ойын-сауық және сау­да орталықтарын, қаһарман тұлғаларға арналған еңселі ескерткіштерді тамашалау сәттері күтуде.

«Жастарымызға Елбасы жүргізіп отырған саясатты жеткізе білу біздерге, үлкендер үшін үлкен міндет саналады. Мұны құрғақ сөзбен айтып қоя салу әрине, оңай. Сондықтан күнкөрісі төмен отбасыларға, қарттарға, жастарға қолдау білдіру ниетіндегі іске бәріміздің жұмыла кірісуімізге мұрындық болған марқұм әке-шешеміздің аруағына бас иеміз», дейді бізге берген өз сұхбатында Камира Өмір­баева. Осы әңгімеден тағы бір байқа­ғанымыз, 2015 жылы наурыз айында Өмірбаев­тар отбасының демеушілігімен Ұлы Отан соғы­сының 70 жылдығына орай тыл ардагері, 90 жастағы қария, Ділдә­беков ауылдық окру­гінің тұрғыны Жүніс Үсентаев Аста­наны аралап, Тұңғыш Прези­дент музейі­мен, елорданың басқа да көрікті жер­лерімен, ел Президенті Н.Назар­баевтың жетістіктерімен танысып қайтыпты.

Еске сала кетейік, 2012 жылы 1 желтоқ­санда Мақтаарал ауданының «Құрметті азаматы» Сламбек Өмірбаев пен және оның қызы Камира Асықата кентіндегі өздері білім алған № 112 жалпы орта мектепте және Ынтымақ ауылдық округі Өркенді елді мекеніндегі «Қуаныш» балалар бақшасында «Өзипа апа сүйген Елбасы» атты тарихи-танымдық, әлеуметтік және мерекелік іс-шара өткізген болатын. Өмірбаевтар отбасы осы іс-шараға Елбасының бірге оқыған сыныптасы Рауза Төлемісованы шақырып, кездесу ұйымдастырды. Шара барысында орта мектептің ауласына ағаш көшеттерін отырғызу рәсімі өтті, сондай-ақ Жетісай гуманитарлық колледжінің оқытушысы, ақын Зікірия Қожаев тұлғаларға арнаған жырларын паш етті. 9-сынып оқушыларына Рауза Төлемісова мен Камира Өмірбайдың қаты­суымен тарихи-танымдық сабақ өткізілді. Р.Төлемісова Елбасының балалық кезеңі мен жастық шағы туралы оқушыларға естелік­тер айтты, Н.Назарбаевтың мемлекетті қалып­тастырудағы орасан зор еңбегі туралы баяндады, ардагер «Елбасы сыныптастары» атты кітаптың бір данасын мектепке сыйға тартты.

Бұған және Камира Сламбекқызының мүмкіндігі шектеулі балалар үйіндегі 13 мүгедек балаға Өмірбаевтар отбасы атынан бағалы сый-сияпаттар табыстағанын қоса баяндасаңыз, жай қарапайым қызмет атқара жүріп те адам баласының қолынан жұртқа көп жақсылық жасау келетінін түсіне түсесіз… Бір айта кететін жайт, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы барысында Өмірбаевтар отбасы мүгедек, жетім балаларға ұдайы материалдық көмек көрсетіп отырады. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданы Ынтымақ ауылдық округіндегі «Қуаныш» балалар бақшасы сәбилеріне, мектептің үздік оқушыларына «1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні» құрметіне инвентарьлар, ойыншықтар сыйға тартылады. 2011 жылы желтоқсан айында Асықата кентіндегі ардагерлерге, белсенділік танытқан азаматтарға Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай сыйлықтар табысталды. 2013 жылы Асықата кентінде өздері тұратын Қ.Тілегенов және Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 4, 5, 6-сынып оқушыларынан 2 футбол командасын жасақтап, команда мүшелеріне сый-сияпаттар жасалған сәттердің әсерлерімен бөліссеңіз, көзі тірі кездерінде Өзипа мен Сламбек Өмірбаевтардың бастамасымен ауылда қаншама қайырымдылық істері атқарылғанын білесіз. Туған жерді көгалдандыру, тазарту жұмыстарына белсене атсалысқан отбасылық эстафетаны, демеушілікті бүгінде кейінгі ұрпағының қолдан түсірмей жалғастыруын өнеге мектебінің өміршеңдігін, тамыры тартылмайтынын құлағымызға құя түсетін тағы бір жарқын мысал деп түсінеміз.

Қаршыға КҮЛЕН.

http://egemen.kz/