Осы аптада дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні (23 сәуір) аталып өтті. Әрине, бұл үлкен мерекелік дата саналмайды. Дегенмен адамзат ақыл-ойының көркем жемісі болып саналатын кітап ешқашан өз құндылығын жоғалтқан емес. Баспа кітаптың тарихы Гутенберг қария шығарған 42 беттік «Інжілден» басталады десе де, қазақ кітабының тарихын көне руна жазбалары мен Орхон-Енисей маңынан табылған тас ескерткіштерден таратуға болар. Ақпараттық технологиялар қаншалықты дамып, кітаптың орнын ығыстырып жатқанымен, көз майыңды тауысып, кітапты жата-жастана оқудың рақаты бір бөлек. Алайда күнделікті қолданыста жүрген кітаптың өзіндік қызықтары бар екеніне көңіл бөле бермейміз. Ендеше, кітап әлеміне саяхат жасап көрсек…
Әлемде өзінің ең үлкен көлемімен таңғалдырып, рекордтар тізіміне енген кітаптар бар. 1976 жылы АҚШ-тың Денвер қаласында шығарылған 300 беттік «Суперкітап» Гиннеске «ең үлкен кітап» ретінде енген болатын. Биіктігі 3 метрге жуықтайтын бұл алыптың салмағы 252,6 келіге тең.
Сондай-ақ рекордтар кітабына енген тағы бір кітап – биіктігі 180 сантиметрлік «Magnificent Maps: Power, Propaganda and Art» кітап-картасы. 37 карта жинақталған бұл атласты 1660 жылдары сол кездегі ағылшын королі Карл ІІ-ге арнап шығарған екен. Негізінде, бұл атлас рекордтар кітабына өзінің үлкен көлемі бойынша енгізілгенімен, ол танымдық-ақпараттық тұрғысынан да өте құнды. Өйткені бұл кітап-карта арқылы сол заманның тарихын зерделеуге болады. Енді беріге келсек, солтүстіктегі көршіміздің баспагерлері көлемі шағын бөлменің аумағына тең болатын, 6х3 метрлік кітап шығарған. 2004 жылы «Кішкентайларға арналған ең үлкен кітап» деген атпен «Ин» баспасынан жарық көрген бұл туындының салмағын бала тұрмақ, ересек адам да көтере алмайды. Шамамен жарты тонна болатын алып кітап – бар-жоғы 4-ақ бет. Орыстың балалар ақындарының 12 өлеңі жинақталған бұл туынды бүгінде тек көрмеге қоюға жарап тұр. Ал ең кішкентай кітап ретінде рекордтар кітабына енген – Массачусетс технологиялық институты шығарған «Новый Завет» пен Антон Чеховтың «Хамелоны». Алғашқысының көлемі 5х5 мм құраса, «Хамелеонның» биіктігі мен ені – 0,9х09 мм. 2001-2002 жылы жарық көрген бұл кітапты оқу оңайға соқпасы анық. Алайда бүгінде нанотехнологияның дамуының арқасында одан да кішкентай кітаптар жасалып жатыр. Мәселен, Симон Фразер университетінің нанотехнологтары «Teeny Ted from Turnip Town» атты басылым шығарған. Көлемі 0,07х0,1 мм құратын кітапшаны тек қана электронды микроскоп арқылы оқуға болады.
Ең, ең, ең…
*Тек салмағы немесе көлемі жағынан емес, томы мен таралымының көптігі жағынан таңғалдырған кітаптар да бар. Мысалға, 1968-1972 жылдар аралығында жарық көрген Британия Парламенті құжаттарының жинағы 1112 томды құраған. Оның толық жинағының салмағы 3,3 тоннадан асып жығылады, егер барлығын оқып шыққыңыз келсе, 6 жылыңызды сарп етуіңіз керек…
*Дүниежүзінде ең көп таралыммен шыққан Агата Кристидің романдары. Оның 78 кітабы әлем бойынша 44 тілге аударылды, жалпы таралымы 2 миллиардқа жуық.
*Әлемде аукцион арқылы миллиондаған долларға сатылған кітаптар да бар. Мәселен, 1994 жылы «Собтис» аукционында Леонардо да Винчидің «Лейчестер Кодексі» атты қолжазбасы 30,8 миллион долларға өткен. Оны әлемдегі ең бай адамдардың бірі Билл Гейтс сатып алған…
*Ең үлкен сөздік пен энциклопедия жағынан 1854 жылдан бастан жарық көрген «Неміс сөздігі» мен 1935 жылдан басылатын «Әмбебап еуро-америкалық суретті энциклопедиясының» алдын орайтын басылым шыққан жоқ. Якоб пен Вильгельм Гриммдер бастаған сөздік 1971 жылы аяқталып, 33 томды құрапты. Бұл ең ұзақ басылған басылым ретінде де тарихта қалатын шығар. Ал энциклопедия жыл сайын толықтырып отырылады, оның томдары бүгінде 100-ден асып кеткен.
Кітап туралы сөз қозғағаннан кейін, отандық кітап шығару ісіне тоқтала кетпесе болмас. Әрине, біздің баспагерлерде алып басылым шығаруға деген құмарлық жоқ. Ана тіліміздегі баспа кітаптың тарихы да бертіннен басталады. Қазақ тiлiндегi ең алғашқы кiтап – 1807 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Сейфүл – Мәлiк» қиссасы. Жалпы, 1917 жылға дейін қазақ тілінде жеті жүзге жуық кітап басылып шыққан екен. Кеңес үкіметі кезінде баспа ісі мемлекет қамқорлығында болып, елде танымал ақын-жазушылардың шығармаларының таралымы жүз мыңдаған данаға жеткен. Бүгінгі таңда Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының мәліметтері бойынша, елімізде 315 баспа мен кітап шығару ісімен айналысатын мекеме тіркеліпті. Олардың 208-і Алматыда шоғырланған. Алайда баспалар шығарып жатқан кітаптардың таралымы тым төмен. Көркем әдебиеттің жүз мыңдаған данамен баспа бетін көруі өткен заманда қалғандай. Өйткені жарық көрген бір кітаптың таралымы 2 000-5 000 дананың аралығында ғана. Кезінде «ең оқымысты» елдердің қатарынан табылатын Қазақстанда бүгінгі күні жан басына шаққандағы көрсеткіш 1 кітаптан аз – 0,98-ге тең болып тұр. ТМД елдерімен салыстырар болсақ, ең жоғарғы көрсеткіш Ресей Федерациясында – 4,28, Беларуссияда – 3,63, Әзірбайжанда – 2,68. Мұндай мәліметті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Отандық және шетелдік кітап шығару, кітап тарату және кітаптану істерінің теориясы мен тәжірибелері: мәселелер, ізденістер, шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Кітап палатасы «Баспасөз статистикасы, кітап және оқу социологиясы» бөлімінің басшысы Ақмарал Балташқызы айтқан еді. Яғни отандық сұранысты сырттан келген кітаптар жауып жатыр. Оған қаладағы кітап дүкендерінің сөрелерінде қызылды-жасылды безендірілген баспа өнімдерінің самсап тұруы дәлел.
Дерек пен дәйек
1. Әлемде шығарылған ең кішкентай 12 кітаптың басын қосқанда, барлығы бір ас қасыққа сыйып кетеді екен. Олардың ішінде «Құранның» кішкентай басылымы, ағылшын тілінің сөздігі, Францияның Ата заңы бар…
2. Тағы бір қызық кітап – «Медицина өнерінің жалғыз және өте терең құпиялары» деп аталады. Ол голландиялық атақты дәрігер Герман Бурхавенің заттарының ішінен, ол өмірден өткеннен кейін табылған. Бұл 100 беттік кітап аукционда 10 мың долларға сатылған. Кітапты ашып қараса, бүкіл беттері тап-таза, тек титулдық бетінде «Басыңды суықта, аяғыңды жылыда ұста, сонда ең жақсы дәрігерді кедейге айналдырасың» деген жазу болған.
3. Кітап ұрлайтын ең белгілі библиоклептоман Стивен Булмберг болған көрінеді. Ол өз өмірінде 268 кітапханаға ұрлыққа түсіп, 23 мыңнан аса сирек кездесетін кітап ұрлаған. Құны 20 миллион доллардан асатын кітапханасын толықтыру үшін Блумберг кітап ұрлауда түрлі қитұрқы әдістерді қолданған.
4. Егер бүгінгі күнге толық жететін болса, ең үлкен энциклопедия – Үлкен Қытай энциклопедиясы болар еді. Жалпы көлемі 11095 томды құраған бұл кітаптың тек 400 томы сақталыпты.
5. Кітап оқыған кезде адамның екі көзі әртүрлі әріптерге қарап тұрады.
6. Ал Рио-де Жанейро қаласының 400 жылдық мерейтойына орай кітапты тат баспайтын болаттан басып шығарған. Оның салмағы 3 тоннаға жетеді.
Үмiтжан
БАКЕЛЕКОВА