Украинадағы УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко «Украинаға қатысты қазіргі мәселелерді қантөгіссіз шешуге тырысу қажеттігін» айтты.
Мұны Кличко «1+1» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген. Ол «Украина билігінің ресейлік әріптестермен конструктивті диалог жүргізуге тырысып отырғанын» хабарлады.
Ол «Мәселені қарумен емес, кеңесу арқылы шешуіміз қажет. Ресеймен келіссөздер жүргізу үшін арнайы комиссия құрылады» дейді. Саясаткер отандастарын «адамдарды тілдік, ұлттық, діни ерекшеліктері бойынша алаламауға» шақырды.
1 наурыз күні Ресейдің Федерации кеңесі бірауыздан Ресей қарулы күштерін Украина территориясында пайдалану туралы Путин ұсынысын қолдады. Ресей президенті Владимир Путин Федерация кеңесінен «жағдай тұрақтанғанша Украина территориясында әскер пайдалануға» рұқсат сұраған еді. Ресей парламентінің жоғарғы палатасы — Федерация кеңесі спикері Валентин Матвиенконың айтуынша, қаулы қабылданған мезеттен бастап күшіне енген.
Ал Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин «Федерация кеңесінің қаулысы әскер Украинаға жақын арада жіберіледі дегенді білдірмейді» дейді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Владимир Путиннің Украинаға әскер кіргізу туралы шешімді жағдайға қарай қабылдайтынын» айтқан. Песков әзірге ондай шешімнің жоқ екенін хабарлады.
Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Андрей Парубий Facebook парақшасында «елде жалпы мобилизация (әскерге шақыру) жарияланғанын» жазды. Бұл туралы «Украинская правда» газеті де хабарлады.
http://www.azattyq.org/content/news/25282258.html