АЛТЫНОРДА
Новости

 Клинтонның өзі келеді

Биыл алтыншы рет өтетін Астана экономикалық форумы тағы да саясаткерлер мен ғалымдардың, бизнес қауымдастықтың сұхбат құрар алаңына айналады. Сегіз мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған жаһандық жиынға қазірдің өзінде 60 мемлекеттің мәртебелі тұлғалары, Нобель сыйлығының 10 лауреаты, 40-тан аса ірі іскерлік корпорация басшылары, 11 мемлекет пен Үкімет басшысы, 15 министр мен орталық банктердің, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысатынын растапты. Олардың арасында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон да бар.


«G-Global және Астана экономика­лық форумы (АЭФ) көкжиектерінің кеңеюі. VI Астана экономикалық форумының және тұңғыш Дүниежүзілік Дағдарысқа қарсы Конференциясының (ДДҚК) жос­парлары мен болашағы туралы баян­да­ған баспасөз мәслихатында осындай ақпа­рат­қа қанықтық. Осы тұста айта кетерлігі, осыдан алты жыл бұрын өткен ең алғашқы Астана эко­номикалық форумына 40 мемлекеттен 500 қатысушы келген еді. Ал биылғы форум 100-ден астам елден келетін 8 мыңның үс­тіндегі адамды қарсы алмақ. Форумға CNN, BBC, Euronews, Financial Times сын­ды беделді басылымдар да қатысатынын растап отыр. Тағы бір ескерер жайт, үсті­міздегі жылдың 22-24 мамырында өтетін VI АЭФ және ДДҚК-ге БҰҰ-ның өзі қол­дау жасап отыр екен.

«Ғалымдардың Еуразиялық экономи­калық клубы» қауымдастығының пре­зиденті Мұрат Кәрімсақовтың айтуынша, форумға дайындық шаралары аяқтал­ды деуге болады. АЭФ аясында түрлі фор­маттағы 60-тай шара өтеді. Сол шара­­лар барысында үстіміздегі жыл­ғы жаһан­дық экономикалық өсімнің болашағы мен шикізат бағасы, инфрақұрылым мен инновациялық технологиялар, ха­лықаралық нарықтағы бәсекеге қабі­леттілік, экономикалық өсімнің әлеумет­тік аспектілері, қаржылық жүйелер, жа­һандық тәуекелдер мен олардың ал­дын алу шаралары сынды мәселелер тал­қыға түседі. Сонымен қатар дәстүрлі инновациялық конгресс, еуразиялық іскерлік конгресс те ұйымдастырыла­ды. Биылғы форумның бір жаңалығы,
ASTEX-2013 атты жаңа шара ұйымдас­тырылады. Бұл шарада ақпараттық ком­муникативті даму саласындағы озық ин­новациялық бағыттарды таныс­тыра­ды. Ал  форумды  «Жаһан  көшбас­шылары­ның пікірталасы» тамамдайды.
Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерін әдеттегідей форумды өткізуге жұмсалатын қаржы көлемі мен ол қаржының қайдан алынатыны қы­зықтырды. Мұрат Кәрімсақовтың айтуын­ша, Астана экономикалық форумын өткізуге 2 миллион доллардан астам  қар­жы жұмсалады.

«Бұл қаржыны форумның бас демеушісі саналатын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бөледі. Осы қар­жыға Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияны ұйымдастыру және өткізу шығындары да кіреді. Сіздер мұндай ауқымды шараны өткізудің оңай емес екенін бі­лесіздер. Дайындық шараларының өзі бірнеше айға созы­лады. Салыстырмалы түрде алсақ, 2 млн доллар мұндай шара үшін көп қаржы емес. Мәселен, Санкт-Петербургте өтетін экономикалық форумға 30 млн доллардан астам қаржы бөлінді», – деді М.Кәрімсақов.

Бұл салыстыруға қарап, форумға соншалықты көп қаржы жұмсалмайды екен деп ойлайтынымыз анық. Алайда біз де бір салыстыру жасап кетуді жөн көрдік. Өткен жылы Астана экономикалық форумының 5 жылдық мерейтойлық жиы­нына 400 млн теңге жұмсалған. Былтырғы форум қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында «033 бюджеттік бағдарламасы бойынша форумды өткізуге 400 млн теңгеден аса қаржы бөлінді», – деп дәл осы М.Қарымсақов мырза мәлімдеген болатын. Енді 400 млн теңге мен 2 млн доллардың арасын өзіңіз салыстыра беріңіз. Айтқандай, өткен жылғы баспасөз мәслихаты кезінде форумды ұйымдастыруға жұмсалған қаржы кейін есесімен қайтарылады және ол экономикамызға оң әсерін тигізетіні де айтылған. «Бұл форумды өткізуге жұмсалатын қаржы түсетін пайдамен салыстырғанда түкке тұрмайды. Біз кем дегенде жылына әлемдік деңгейде алғанда триллион доллар пайда түсіреміз деп күтеміз» – деген еді бір сарапшы. Ал кешегі баспасөз мәслихатында М.Кә­рім­сақов бұған дейін өткен 5 форумның нәтижесінде 100-ден астам келісімшарт жасалғанын жария етті. Ал олардың жалпы құны 1 триллион долларға жетпейді – 8 млрд доллар ғана…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

http://www.aikyn.kz/