АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚМДБ: Құрбан айт ұлттық нақышпен өтеді

мечетҚазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Құрбан айт мерекесіне қызу дайындық көруде. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен өңірлерде ұлық мерекенің сәні мен мәнін келтіретін қайырымдылық акциялар өтеді. Сонымен қатар, айт күндері мешіт аулаларына арнайы дастархан жайылып, қазақтың ұлттық спорт түрлерінен, мәселен, палуандар күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеруден жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тәлім мен тағылымы мол айтыс өнеріне де мән беріліп отыр.

«Мұсылмандардың ұлық мерекесі әрі мемлекеттік мейрам – Құрбан айтты жоғары деңгейде өткізу үшін мешіттер мен арнайы орындарда баннерлер, плакаттар ілінсін; ұлағатты ұрпақ, иманды жастар буынын қалыптастыру үшін ғибратты кештер, мерекелік ойын-суықтар, арнайы қайырымдылық акциялар ұйымдастырылсын; құрбандық еті мүгедектер, қарттар, жетім мен жесірлерге, мұқтаж жандармен қатар жатақханада тұратын студенттерге де таратылсын; мерекелік іс-шаралар ұлттық нақышпен өткізілсін, уағыздарда ел бірлігі, мұсылмандар ынтымағы, діни тұрақтылық мәселелері қамтылсын», – делінген Бас мүфтидің аймақтағы өкіл имамдарға жолдаған бұйрық-хатында.

Биыл елімізде Құрбан айт мерекесі 15 қазанда атап өтіледі.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы

http://masa.kz/