Сол күні біз де Анадолыда едік. Қайғылы хабардың жүректі сыздатқаны анық. Стамбулдан Анкараға қарай жолға шыққан сәтте естідік. Түркияның Маниса аймағы Сома кентінде орналасқан көмір шахтасында қайлығы оқиға болыпты. Мамырдың 13 күні шахтада болған апаттан 274 адам қаза тапты. Түркия өз тарихында шахталарда бұрын соңды болмаған ең үлкен апатты көрді. Түркияда осы қайғылы оқиғаға байланысты үш күн бойы аза тұту жарияланды. Түркияның ресми билік орындарының таратқан деректеріне қарағанда шахтада болған өрттің салдарынан көптеген шахтерлер түтінге уланып қаза тапқан. Түркияның Энергетика министрі Танер Йылдыздың деректеріне қарағанда апат кезінде шахтада 787 адам болған. Олардың 363 ін құтқарылған. Бірақ, өкінішке қарай қаза тапқандар саны арта түскен жайы бар. Үміт оты да әлсіз. Өйткені, шахтада 120 адамның қалғаны туралы деректер бар. Ал, шахтаның кейбір жерлерінде әлі де өрт болып жатқаны туралы дерек бар. Бірақ, түрік халқының бұл қайғылы күндерде де сабырлы болып қала білгенін, қайғыны қасқайып қарсы алғанын көрдік.
Жалпы, Түркияда көмір шахталары көп емес. Бірақ, бұл елде көмір өндіру де қиын. Сома шахталарында жылына 10 млн тонна көмір өндіріледі. 5 мың 500 адам жұмыс істейді. Ал, апат болған Ейназ шахтасында жылына 6 млн тонна көмір өндіріледі. Сөйтіп, жердің астында жүріп жер бетіндегілерге жарық пен жылу жеткілікті болсын деп қызмет қылатындар Түркияға қажет энергияның 10 пайызын өндіретін стансаларды көмірмен қамтамасыз етеді. Дегенмен, жалақылары көп емес бұл шахтерлардың. Бірақ, елдің игілігі үшін қызмет қылар еді шахтерлар. Сөйткен шахтерлардың бір тобы айдың, күннің аманында қаза тапты.
Сома… Түркияда жүрген біз үшін бұл елдімекеннің орны бөлек болып тұрған жайы бар. Анкарада біреулер қайғылы қаза кезінде үкіметке қарсы шығып, «сендер кінәлісіңдер» деп алаңдарда жүрсе, шахтадан шыққан бірқатар азаматтар отанды сүюдің ерекше үлгісін де көрсетті. Сәрсенбі күні шахтадан шығарылған бір шахтердің «Жедел жәрдемнің мына дүниелері бүлінбесін, мен киімімді шешейін» деуі түрік басылымдарындағы басты тақырыпқа айналғандай. Саясатта мұндай апатты қалыпты жағдай сияқты қабылдағандарды көрдік. Партия жетекшілерінің қайғылы оқиға болғанжерге барғандарын, бұқараға көңіл айтқанын естідік. Дегенмен, Премьер министрдің де оппозициялық партиядан сайланған депутаттың 15 күн бұрын бұл мәселені айтқанын жоққа шығарды. Билік басындағылар «шахталарды үнемі тексеріп тұрамыз» деп жатыр. Қысқасы, қарапайым шахтерлердің қазасын, түрік халқының қазасын саяси ұпай жинау үшін де қолданып жатқандар бар. Әлем жұрты көңіл айтып жатыр түркі халқына. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан, Германияның канцлері Ангела Меркельден, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен, Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмороннан және өзге де мемлекет басшыларынан көңіл айту хаты келіп жатыр. Рас, ресми органдардың қайғыға ортақ болуы бір бөлек, бұқараның мұндай жағдайлардағы ұстанымы бір бөлек. Рим папасы да дұға жасап жатқан көрінеді деректерге қарағанда. Ислам елдерінде де қатым түсіріп жатқандар көп. Ашығын айтсақ Қазақ еліндегі мешіттердің де бұл апаттан қаза тапқандардың рухына арнап Құран оқытқанын қалайды бұл көңіл. Өйткені, біз «торқалы той, топырақты өлімде» бір-бірін далаға тастамайтын түркінің ұрпағымыз. Ал, қалың қазақ Анадолыдағы ағайынның қайғысына шын көңілден ортақ екендігіне сенеміз. Түрік халқына Алла жәрдемші болсын. Қаза тапқандардың имандары жолдас болғай!
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ