АЛТЫНОРДА
Новости

Көк күмбезді киіз үй

цкаСары дала төсінде көшпенділік салтын құрып, мал қамымен жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізген қазақ үшін киіз үйдің маңызы аса зор. Көшіп-қонуына ыңғайлы баспанасы, отбасымен тіршілік етер үй-қонысы.

Қазақтың киіз үйі – ағаштың бөрене сияқ­ты түрлерінен шауып, қиюластырып салынған яки балшықтан соғылған баспаналарға қарағанда өзінің көне замандардағы алғашқы нұсқаларының негізгі элементтерін бойына сіңірген құрастырмалы әрі жылжымалы бас­па­наның біршама кейінгі түрі (1,3). Тарихи жаз­баларға сүйенсек, қазақ ұлтының арғы тектерінің бірі – үйсіндер осы киіз үйде өмір сүрген. Б.з.б. 105 жылы Үйсін күнбиіне ұзатылған Хан династиясының Шижүн ханшасы «Аққу әні» деген өлеңінде:
«… Дөңгелек үй, туырлық там орнына,
Ет жеп, айран ішеді ас-суына…» деп жазады.
Құрылымдық жағынан қазақтың киіз үйі – осы уақытқа дейін көшпелі халықтардың бірде-біреуі асып түсе алмаған құрастырмалы, көшіп-қонуға ыңғайлы баспананың ең жетілдірілген түрі (2,29).
Дала перзентінің таным-түйсігін танытар киіз үй қай жағынан алып қарасаң да сайын дала бейнесін елестетеді. Төбедегі аспан шаңыраққа, одан төменге қарай көкжиекке дейін созылған кеңістік уыққа, көкжиек керегеге ұқсайды. Осындай көрінісіне қарап қазақтар аспанды (жоғары кеңістікті) көк күмбезі дейді.Кеңістікте орналасуы жағынан алғанда мифологиялық таным бойынша киіз үй ғаламның ортасы, кіндігі деп танылған.
Ғылыми-зерттеулерде киіз үйдің пайда болуы туралы әртүрлі пайымдаулар айтылады. Қазіргі киіз үйдің алғашқы нұсқалары мыңдаған жылдар бұрын пайда болған екен. Кейбір деректерде киіз үй үлгілері біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 мың жылдықта, тас дәуірі мен қола дәуірі аралығында пайда болған деп жорамалданады (3,42-62).
Киіз үй жабдықтарының жасалуына және қажеттілікке қарай қазақтар керегенің басын қосып, туырлық жауып итарқа тіккен; уықтардың басын қосып жерге шаншып, ұшын шаңырақтағы ұясына сұғып, есік салмай абылайша құрған; кереге мен уықтан шаңырақсыз жаппа және екі үйді қосақтап, қосақүй тіккен, жоғарғы жағын жатынүйге, төменгі жағын асүйге арнап, қабат үй де пайдаланған.
Ертеректе уық пен шаңырақтың өзінен тұратын қосты уыққос деп атаса, керегесі, бірнеше уығы және шағын шаңырағы бар қос түрін аққос, ақтағыр деп айтқан. Мұндай күрке, қостар мен күркелер қазақ тұрмысында шөп шабу, егін салу, астық жинау, жылқы бағу, т.б. секілді маусымдық жұмыстарда бүгін де қолданылып жүр. Ауыл ішінде мұндай үйлер тұрғын үйдің жанына қосалқы үй ретінде тігіліп, олар ас-су мен артық бұйымдар, т.б. сақтауға пайдаланылған. Осы күнгі киіз үйдің күмбез пішінді жетілдірілген, көшіп-қонуға өте қолайлы түрі баспананың осындай қарапайым түрлерінен пайда болған.
Киіз үйдің сүйегі кереге, уық, шаңырақ, бақан, есіктен тұрады.
Шаңырақ – киіз үй уықтарының басын біріктіріп тұратын шеңбер. Шаңырақты көбінесе қайыңнан және қара талдан жасаған. Шаңырақ тоғын деп аталатын шеңберден, оны жоғары қарай көтере иіп әкеліп, бір-бірінің ортасынан қиып өтетін күлдіреуіштен тұрады. Күлдіреуіш арасындағы кепіл ағаштары бақана делінеді.
Әдетте кереге талдан, қайыңнан жасалған. Кереге құрастыратын әрбір ағаш желі деп аталады. Бір кереге 14 ерісі, 9 балашықтан, 9 сағанақтан құралады. Ерісі деп керегелік желінің (керегелік әрбір ағаштың) ең ұзынын айтады. Кей жерде ерісі дегеннің орнына сағана деп қолданады. Керегенің ерісінен сәл қысқалауын – балашық, ең кішісін сағанақ деп атайды. Ерісі балашық, сағанағы көктеліп құрастырылғанда оны кереге деп айтады. Мұның жазылған түрі де кереге немесе қанат деп аталады (4, 107).
Киіз үйдің үлкен-кішілігі кереге­лердің (қанатының) санына қарай анықталады. Ел билеген хан-сұлтандар мен атақты байлардың үйлері 8 қанаттан бастап, 30 қанатқа дейін баратын үлкен және өте бай жиһазды ою-өрнектермен безендіріліп, әшекейленген. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруалар мен кедей шаруалардың үйлері алты қанат үй, боз үй, қоңыр үй, қараша үй деп аталған. Кереге ба­сының саны шаңырақ көзінің санына қарай белгіленеді.
Туырлық пен үзік, түндік, киіз есік пен дөдеге тәрізді киіз үйдің жабдықтары қойдың күзем жүнінен басылады.Үй сыртынан шым ши немесе ақ ши тұтылып, киіз әбзелдерімен жабылады. Ал киіз үйдің қаңқасы жел­бақан, салма қазық, уыққазықтарымен орнықтырылады.
Киіз үйдің бау-шуларына бас бау, аяқ бау, үзік бау, уық бау, түндік бау, жел бау тәрізді түрлі баулар мен құр, терме, басқұрлар,т.б. жа­­тады. Олар қой, түйе жүнінен тоқылып, жыл­­қы қылынан есіледі. Түндік күннің шығып-батуына сәйкес ашылып-жабылып тұрады.
Кереге кереге басы, кереге құлағы, кереге қасы, кереге сағанағы, кереге көгі, кереге аяғы деген бөлшектерден тұрады.Көлемі мен ауқымына, қолданылатын материалына қарай тор көз кереге, жел көз кереге, қырықпа кереге, сүйекті кереге, кәукеншек кереге, күміс шапқан кереге, қалайылған кереге, қорғасындаған кереге, шолақ кереге, аяқты кереге, тік кереге сияқты түрлерге бөлінеді.
Киіз үйдің есігі ергенек, сықырлауық, киіз есік деп те атала береді. Осылай аталатын есіктердің ішінде дәстүрлі нұсқаға жататыны – сықырлауық. Сықырлауық ашпалы екі есіктен, екі босағадан, маңдайшадан және табалдырықтан тұрады. Есіктің тақтайларын қозғалтпай ұстап тұруға арнап, көлденең қағылған ағашты қарғаша, жіпсе, кей жерде бақалақ деп атайды. Ол екі не үш жерден қағылады. Ашпалы есіктің екеуі екі жаққа қарай ашылады, жабылғанда бір-бірімен ашылатын қырынан түйіседі. Сықырлауықта топса болмайды. Оның орнына екі босағаның жоғарғы және төменгі жағындағы маңдайша мен табалдырықтан есіктің ашылып-жабылуын қамтамасыз ететін ойық, ұя жасалады. Ойықты кей жерде қашама, кей жерде қазынақ дейді. Сықырлауықтың шегесіз құрастырылуы көшіп-қонған кезде қолайлылық туғызған.
Сықырлауықтың босаға деп аталатын екі жақтауы жоғарғы жағынан маңдайшамен ұштасады. Маңдайша– екі босағаның үстіңгі жақтарын бекітіп тұратын әшекейлі ағаш. Ағаштан жасалатын қарапайым есік түріне ергенек, иткірмес деп аталатын есік жатады. Ергенек– шыбық ағаштардан шарбақ тәрізді етіп тоқып жасаған есік; ағаш шарбақ. Мұндай есіктің ел ішінде ергенжек / ергеншек тәрізді балама атаулары кездеседі.
Үй қаңқасына үйеңкі, тал пайдаланылады, ал шым шилер нар шилерден таңдап алынады. Киіз үйдің ағаш есігі мен есіктің маңдайша, табалдырығы самырсыннан шабылады. Тұтас киіз үйдің қаңқасы бір тал шегесіз, бір тал сынасыз тұрғызылады.
Киiз үй кеңiстiгінен қазақ дүниетанымын тануға болады.Қазақ баласы осы үйде дүниеге келіп, өседі-өнеді, өмірден өтеді. Киіз үй әрі заттық, әрі рухани мәдениеттің үздік үлгісі болып табылады. Қазақ ұғымындағы қасиетті шаңырақ— күннiң символы. Шаңырақ көтерiлiп жатқанда ешкiм сөйлемейдi. Өйткенi ұлы iс атқарылып жатқанда үнсiздiк орнауы тиiс. Осылай ұғынған қазақтан «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз қалған. Шаңырақтың төрт күлдiреуiшi — төрт тарапты, ал уықтар күннiң шапағын елестетеді.
Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Киiз үйдiң есiгi әдетте шығысқа қаратылады. Бұл – күннiң сәулесi алдымен үйге түссiн дегендi бiлдiредi. Есiкке қарсы беттегі төрде жасы үлкен ақсақалдар, батагөй қарттар, төрелiк айтатын билер, сыйлы адамдар отырады. Алтын босағасына қонақ саналатын қыз бала да төрден орын алған.
Оң босағада ер-тұрман, ат әбзелдерi, бүркiт, т.б. қойылады. Оң босағадан арулап, ақ киiзге орап қайтыс болған кісіні шығарады; ақ жол тілеп, бойжеткен қызын ұзатады. Киіз үйдің сол жағы (сол босағасы) шаңырақтың киесі деп есептелетін – әйелдiң орны болған. Сол босағадан кiрген дүние сыртқа шықпай, қазанға түседi. Ал «қазанға түскен қапқа түспейді». Сол жақ босағаға кебеже, саба, мес, күбi, т.б. қойылады. Оларға айран, iркiт, қымыз, шұбат, т.б. құйылады. Сол үшін сол жақ босаға құт мекені саналады.
Табалдырық – төмендегi әлеммен бай­ла­нысқа түсiретiн орын. Сондықтан қазақ баласына «табалдырықты баспа» деп тыйым салады.
Жинақтай келгенде, көшпенділік өмір салты туғызған кәрі тарих жәдігері, эконо­ми­калық-экологиялық және тұрмыстық тұр­ғыдан өте қолайлы киіз үй – құрылысы, құ­рылымы, жабдықталуы, т.б. жағынан жетіл­дірілген үздік заттық және рухани мәдениет үлгісі, ата-бабалардың асыл аманаты, ұлтымыздың баға жетпес құндылығы.

Әдебиет: 
1. Маргулан А.Х. Казахская юрта и ее убранство. М., 1964.
2. Руденко С. Очерк быта казахов рек Уила и Сагыза // Казахи. Антропологические очерки. Л., 1927.
3. Вайнштейн С.И. Проблемы истории жилища степных кочевников Евразии // Советская этнография, 1976. №4.
4. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 3-том. Алматы, 2012.- 736 б.
5. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990.

Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты
тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты