АЛТЫНОРДА
Новости

«Көкжайлау дауы» саяси мәселеге айналды

8EEA1F79-DFD6-4C40-91DD-8C0B49B4B99E_w268_r1_cx1_cy12_cw98Алматы маңындағы қорықта тау шаңғысы курортын салудың тиімділігі туралы қызу пікірталас еуразиялық деңгейге шығып, халықаралық конференция өтетін күн белгіленді.

Алматыдан оңтүстікке қарай 10 шақырымдай жердегі Көкжайлау тау үстіртінде жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғысы курортын салу жобасына қарсы бейресми қозғалысқа қосылған азаматтардың қарасы көбейді. Азаматтық белсенділерден мұндай тойтарысты күтпеген билік шұғыл түрде акциялар өткізіп, «экологиялық зияны жоқ курорт» идеясын насихаттауға «қолбала» азаматтық белсенділер мен билікке бүйрегі бұратын журналистерді тартты. Осы аптада бұл пікірталасқа оппозициялық саясаткерлер де араласты.

Билік көп күттірмей, апта аяғында Алматыда 8-9 қазан күндері өтетін тау шаңғысы курорттары жөніндегі еуразиялық конференцияның бағдарламасын жариялады. Конференцияда Алматы әкімдігінің туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламанов «Көкжайлау» жобасы туралы баяндама жасайды.

«КӨКЖАЙЛАУ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСА МА?

Бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Көкжайлау тау шаңғысы курортының жобасы 2,7 гектар жерді қамтиды. Тау басында орналасатын курортты ауылдарда қонақүй, мейрамхана және курортты аймаққа тән басқа да құрылыстар салынып, 185 гектар жерге 63 шақырым тау шаңғысы трассасы төселіп, 16 аспалы жол тартылмақ. Курорт күніне 10 200 шаңғышыны қабылдайды, қонақ үйлерде бір 1300 нөмір бөлме болады деп жоспарланған. Жобаны іске асыруға қазынадан 455 миллион доллардай, ал жеке инвесторлардың қалтасынан шамамен 900 миллион доллар шығады. Көкжайлау курорты жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді деген уәде берілген.

Саясаткер Петр Своик "Көкжайлау дауы" туралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жылСаясаткер Петр Своик «Көкжайлау дауы» туралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл

Жобаға қарсылар адам аяғы баспаған табиғат аясында ірі нысан салу идеясының өзіне де, биліктің шалағай жобаны іске асырудағы асығыстық пен өктемдік танытуына да қарсы. Курорт салуға қатысты даудың бір жағында Алматы әкімдігінің туризм басқармасы, бірқатар коммерциялық құрылымдар мен билікті қолдайтын ҮЕҰ мен қоғамдық ұйымдар тұр. Ал даудың екінші басында — «Көкжайлауды қорғайық» бейресми қозғалысына біріккен алматылықтар.

Осы аптада «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының белсенділері Алматыда азаматтық тыңдау өткізді. Оларға бұл идеяны Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) мүшесі, саясаткер Петр Своик ұсынды. Жиналысқа келген билік өкілдері қарсыластарын қатты сынады. Олармен бірге тау шаңғысы курорты жобасын қолдайтын билікке жақын қоғамдық ұйымдардың өкілдері де келді. Бірақ пікірталастың соңы ашу-ызаға ұласқан сәтте олар «бізге сөйлеуге аз уақыт берді» деп өкпелеп, жиналыс өтіп жатқан залдан шығып кетті.

Көкжайлауды қорғаушылар курорт салу идеясына қарсы «жоба ұлттық, халықаралық құқықтық ережелерге сай емес, экономикалық тиімділігі күмәнді, жобаны ұсынушылардың басқа бір мақсаты болуы мүмкін» деген уәждер айтты. «Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов «Көкжайлау тау шаңғысы курортын салу жобасының жалғыз мақсаты – жерді сатып, баю ғана» деп есептейді. Жобаға қарсы белсенділер курорт пен оның маңындағы құрылыстар төменде жатқан Алматы қаласына таудан соғатын таза ауа ағынына тосқауыл болады деп қауіптенеді.

Көкжайлау қорығы. Алматы, 20 шілде 2012 жылКөкжайлау қорығы. Алматы, 20 шілде 2012 жыл

Өлкенің өсімдіктер мен жануарлар әлемі қандай зиян шегуі мүмкін екенін шамалаған орнитолог ғалым Сергей Скляренконың болжамы да көңіл көншітпейді.

— Ұлттық табиғи қорықтың кіндік тұсына орналасатын курорт бақты екіге бөліп тастайды да, өрісі тарылған барыс, сілеусін, тау ешкісі, марал сияқты жануарлардың мұнда қайта оралып, таралуы екіталай болады. Курорт аймағына кіретін және оның маңайындағы жерлерді сұр егеуқұйрық, үй тышқаны, дала және үй торғайлары, сары шымшық, сұр кептер мен қарға сияқты құстар мен жануарлардың синантроп түрлері жайлап алады, — дейді ол.

Қоғамдық тыңдауда Көкжайлауға барып тынығушылардың қауіпсіздігі де сөз болды. Андрей Старковтың айтуынша, жарылыс жұмыстарының кесірінен курорт беткейлерінде топырақ қабаты мүжіліп, жарықтар пайда болады, қуаты белгісіз сел тасқыны қаупі күшейеді. Қазақстан альпинизмі мен тау туризмі саласының ардагерлері Владимир Вуколов пен Александр Колокольников курортқа келгендер жүретін Құмбел асуына бөктерінде қар көшкіні қаупінің ұлғаятынын айтты.

Курорт қорықты екіге бөліп тастайды да, өрісі тарылған барыс, сілеусін, тау ешкісі, марал сияқты жануарлардың мұнда қайта оралып, таралуы екіталай болады.

Көкжайлауды қорғаушы белсенділер конституциялық құқық нормаларына қатысты да уәждер айтты.

—Бұл жоба конституцияны бұзып отыр. Оның 31-бабында «мемлекет қоршаған ортаны қорғау мақсатын көздейді» деп жазылған, — дейді оппозициялық саясаткер Серікжан Мәмбеталин.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис те конституциялық құқық жайында ескертті:

—Экологиялық құқықты жалпыдемократиялық құрылымнан бөле жаруға болмайды. Әр адамның экологиялық ортаны қоса алғанда, ешқандай билік қол сұға алмайтын жеке-дара әлемі болуы тиіс, — дейді ол.

ЖОБАНЫ ЖАҚТАУШЫЛАР ҚЫР КӨРСЕТІП КЕТТІ

Көкжайлауды қорғау ісінде пікірталасқа саяси астар берушілер де табылды. Бұл тенденция қозғалысты қолдайтын кейбір оппозициялық саясаткерлердің, мысалы қоғамдық тыңдауда сөйлеген ЖСДП мүшесі Маржан Аспендиярованың сөзінен байқалды.

Көкжайлау қорығының болашағы туралы жиынға қатысушылар. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жылКөкжайлау қорығының болашағы туралы жиынға қатысушылар. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл

— Көкжайлау проблемасын талқылауды саяси деңгейге көтеру қажет. Алматы жұртшылығы Көкжайлау мәселесін Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне қоюды талап етуі тиіс. Сессияға 37 депутаттың бірі қалмай, қала әкімі, үкімет пен министрліктердің шенеуніктері қатысуы тиіс, — дейді ол.

Тау шаңғысы жобасын жақтаушылардан қоғамдық тыңдауда екі адамға сөз берілді. Оларға көбінесе қарсыластарының өткір сұрақтарына жауап беруіне тура келді. Жиналыстың эмоцияға толы осы сәттері қызу өтті.

Профессор Амангелді Сқақовтың айтуынша, жоба дұрыс талданып, кәсіби біліктілікпен бағаланбаған. «Жоба ұлттық заңдар мен халықаралық конвенциялардың талаптарына толығымен сай. Әзірше ешқандай құрылыс жүріп жатқан жоқ» деген ол жобаға қарсыларды «заңнан хабары жоқ, қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі алдын ала талдау есепті оқымаған дилетанттар» деп атады.

Көкжайлаудың қысқы көрініс. 7 қаңтар 2013 жылКөкжайлаудың қысқы көрініс. 7 қаңтар 2013 жыл

Жиналысқа қатысушылар Алматы әкімдігі туризм басқармасынан келген Любовь Бұрымованың аузынан қыркүйектің басында Көкжайлау территориясын қорға алынған жерге ауыстыру процесі басталғанын естіді. Оның қорытындысы келесі жылдың сәуірінде белгілі болады.

Любовь Бұрымова алдыңғы баяндамашылардың «курорттың кесірінен ауа нашарлайды, ұлттық және халықаралық заң талаптары бұзылған» деген уәждерінің негізсіздігін дәлелдеуге тырысты. Ол тау шаңғысы курортын салу үшін Көкжайлау үстіртін таңдау себебін де шамасы келгенше түсіндірді. Оның айтуынша, іргедегі Медеу шатқалындағы электр станциясының артық қуатын Көкжайлау курорты үшін пайдалануға болады.

Тау шаңғысы курорты жобасын жақтаушылар «сөйлеуге мүмкіндік бермеді» деп өкпелеп, жиналыс аяқталуға 20 минут қалғанда залдан қыр көрсетіп шығып кетті.
http://www.azattyq.org