Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалында құрылыс жұмыстары басталды. Шаңғы курорты жобасының тиімділігі туралы экологиялық сараптама әлі дайын емес, бірақ шенеуніктер «курорт бәрібір салынады» дейді.
ШАТАҚ ШЫҒАРҒАН БҰРҒЫЛАУ МАШИНАСЫ
Көкжайлау шатқалына «Табиғат» және «Көкжайлауды қорғайық» экологиялық қозғалыстары ұйымдастырған пресс-турға Азаттық тілшісі де қатысты.
Көкжайлаудың терістік беткейі тірелетін жотадан бұрғылау қондырғысының көмегімен тереңдігі екі метрге жуық шұңқыр қазылыпты. Шұңқырдың жан-жағында топырақ пен тастар үйіліп жатыр. Көкжайлауға келген жұрт айналадағы табиғатты тамашалау үшін шұңқыр қазылған осы алаңқайға көтеріледі. Таудың күнгей жағында Құмбел асуы, терістігінде Алматы қаласы жатыр. Қазылған шұңқырдың түбінен туристер тастаған қоқыс көрінеді.
Көкжайлауда жылжымалы бұрғылау қондырғысы пайда болғаны туралы хабар соңғы күндері тау шаңғысы курорты жобасын қолдайтындар мен оған қарсы адамдар әлеуметтік желілерде ең көп талқылаған тақырыптардың бірі болды. Жас шыршалардың арасына жасырып қойған әлгі бұрғылау қондырғысының фотосуреттері Facebоok’те жарияланды.
«Көкжайлау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) баспасөз хатшысының айтуынша, бұрғылау қондырғысы құрылысшыларға қажет топырақ сынамасын алу үшін әкелінген. Қондырғыда жұмыс істейтін адамдар кейбір журналистерге ағынан жарылса, енді біріне басқаша сөйледі. Олар азаматтық белсенді Ержан Оралбековке «тау шаңғысы курортын салу идеясын құптамаймыз, бірақ басқа жұмыс болмаған соң келістік» депті. Ал қондырғыны күзетіп отырған қарауыл «ештеңе қазып жатқан жоқ, бұрғылау машинасы сынып қалды» деп айтқан.
«Сынған» қондырғының төмен қарай ағызып бара жатқаны жотаның үстінен жақсы көрінеді. Өздерін суретке түсіріп жатқанын байқап қалған бұрғылаушылар төменнен «суретке түсірмеңдер» деп айқайлады. Бірақ көп ұзамай қондырғыны тоғайдың арғы шетіне апарып тастады.
АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫ
«Көкжайлауда алғашқы шұңқырлар пайда болды» деген хабар тарамастан бұрын азаматтық белсенділер Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи бағы, қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Алматы әкімдігі мен прокуратурасына хат жолдаған. Олар хатта «тыйым салынғанына және шлагбаум тұрғанына қарамастан шатқалда бұрғылау қондырғысы бар жүк көлігі жүр» деп жазған.
Табиғи бақтың жарғысына сәйкес, жалпы қолданыстағы жолдар мен арнайы бөлінген аумақтан тыс жерде табиғи кешендердің тіршілігіне қауіп төндіретін кез келген жұмыс жүргізуге де, механикалық транспорт құралдарының жүріп-тұруына да тыйым салынған.
Әзірше хатқа жауап келген жоқ. Бірақ «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи бағы бас директорының көмекшісі Азамат Ақаевтың жергілікті радиостанциялардың біріне берген түсініктемесі бар. «Бұрғылау машинасы өрттің алдын алу мақсатында тұр. Ал шұңқырлар өрт шыға қалған жағдайда өрт баққа жайылмас үшін, оттың жолын кесу үшін қазылған» деп түсіндірген ол.
Бұрғылау машинасының Көкжайлауда жүруінің нақты мақсаты кейінірек ашылды. Бұрғылау қондырғысын өткізуге рұқсат берген құжатқа «Казахский Промтранспроект» ЖШС бөлім бастығы П.Г.Ефимченко қол қойған. Осы құжатқа қарағанда, «Көкжайлау тау шаңғысы комплексіне апаратын автомобиль жолы» деген нысан бойынша зерттеу-жобалау жұмыстары жүріп жатқаны белгілі болды. Автотранспорт тізімінде сегіз көлік (төрт КАМАЗ, екеуінің бұрғылау қондырғысы бар) көрсетілген.
Қазір сегіз шақырым жол мен жолдың шетінен 100-200 метрдей жердің нақты жоспарын сызу сияқты инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың аясында 320 метр бойы көлемінде 50 геологиялық ұңғыма қазылмақ.
Іле Алатауы паркі басшылығы Көкжайлауда инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізуге рұқсат беру туралы өтінішке «жұмыс істейтін әр адамнан күніне 371 теңге 10 тиын мөлшерінде экологиялық салық алынады» деген шарт қойған.
Бұрғылау қондырғыларын кіргізуге рұқсат беретін құжатты көрсеткен инспектордың табиғи бақта жұмыс істегеніне 16 жыл болыпты.
– Егер мұнда машина қаптап кетсе, қоқыс та көбейеді. Онсыз да демалуға келетін адамдарды қоқыстарын жинауға мәжбүрлейміз. Шетелдіктер келіп демалса, түк болмағандай тап-таза қалады. Біздікілер келсе — тау боп үйілген күл мен қоқыс тастап кетеді. Жабайы жануарларға да обал болады. Марал, аю, сілеусін, елік, қабандар ауып кететін болды, — дейді парк қызметкері.
ДИАЛОГҚА ШАҚЫРУ
Айтпақшы, БҰҰ дүниежүзілік туристік ұйымының президенті Талеб Рифаиге жуырда Көкжайлауды көрсетті. Ол тау шаңғысы туризмі сарапшыларымен бірге Алматыда өткен «Қысқы туризмнің жаңа туристік бағыттарын дамыту» халықаралық-еуразиялық конференциясына қатысқан еді.
Талеб Рифаиге «тау шаңғысы курортын салу жобасын құптапты-мыс» деген қауесеттің мәнін түсіндіруіне тура келді. Ол азаматтық белсенділерге «Алматы маңында тау шаңғысы туризмін дамыту туралы идеяны ғана құптадым, бір де бір нақты жобаны құптаған жоқпын» деп мәлімдеді.
Талеб Рифаи жобаны қолдаушылар мен қарсыластарын мәдени диалог жүргізуге шақырды. «Экологтар өз қаупін ашық айтуы тиіс, түсінемін, бұл — олардың парызы. Бірақ шешімді экологтар ғана емес, бүкіл қоғам болып қабылдауы керек» деді ол.
Ал тау шаңғысы туризміне арналған конференцияға қатысушылардың бірі, Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салу жобасын қолдап жүрген Алматы қаласы туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламанов жергілікті телеарналардың біріне «курорт бәрібір салынады» деп мәлімдеді. Ол қоғамдық белсенділердің наразылығын «құр айғай» деп атады.