АЛТЫНОРДА
Новости

Көмек беретін орталық

Бүгінде еліміздегі психикалық ауытқуға ұшыраған жандардың әлеуметтен шеттеліп, қоғамдық ортадан алшақтануы алаңдатарлық жайт. Әлеуметтік байланыстарды жоғалту, отбасының шектен тыс қамқорлығы және үлкен психитатриялық интернаттарда балама ұйымдардың болмауы осындай тұлғалардың әлеуметтік оқшаулануына әкеліп соғатынын айтады мамандар. Осы ретте жабық психиатриялық емханаларда науқастардың құқы жиі бұзылып жатады.


Осы орайда, өз елдерінде жабық интернаттың баламасын жасаған Италия, Швейцария, Венгрия және Эстонияның тәжірибесіне сүйене отырып, «Психоаналитикалық Қауымдастық» қоғамдық бірлестігі Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен ашылған ақыл-есінде ауытқуы бар жастарға арналған орталыққа 18 бен 25 аралығындағы жандарды қабылдауда.
Жалпы былтырғы жылдың статис­тикалық көрсеткіші бойынша, елімізде жүйке ауруларына шалдыққан жандар­дың саны 83 129-ды құрайды екен. Оның ішін­де 1802 адам Алматы қалалық психика­лық сауықтыру орталығына келген болса, ондағы 183-і мүгедек деп танылған. Ал солардың үштен бірі әлеуметтену мен оңалтуды қажет ететін жастар. Көбіне бірден-бір жол оларды үйге қамап неме­се психиатриялық орындарға апарып жа­тады. Сондықтан шетелдік тәжирибе бойынша, жеке-жеке жұмыс жасайтын орталықтар мен клубтардың ашылғаны тиімді. Себебі олар – психикалық ауыт­қушылыққа шалдыққан жандарды төрт қабырғада ұстап, өмірден алшақтат­пай, адамдармен араласып, қоғамға атсалы­суына мүмкіндік туғызатындығын жет­кізеді мамандар. Алайда Психоанализ институтының директоры Анна Құдия­рова ашылған орталыққа адам жинау ке­зінде келеңсіз жағдайларға киліккенде­рін қынжылыспен жеткізді: «Әзірге пилоттық жүйе негізінде біздің орталыққа 18-25 жас аралығындағы 10 адамды қабылдауды көздеп отырмыз. Бірақ қазір әлі де екі орын бар. Біздің мақсатымыз – он адамды қо­ғамға қайтару. Оның біразы мектепті бітірмегендер, кейбірі мектепке барып, кейін тастап кеткендер. Міне, соларға ор­та білім алуға көмектессек дейміз. Олар­ға қарасаң, бойларында қандай да бір қор­қыныш, жасқаншақтық, үрей бар екен­дігін аңғарасың. Әрине оған біздің жа­нымыз ашиды, әрине олармен жұмыс істеу өте қиын. Ал 300-400 адамды бір жерге қамап ұстап ортыру да оңай емес қой. Мы­салы, бір кішкентай қызымыз қоғамдық көлікке кіруге қорқатын еді, билет алуды білмейтін. Сондай қарапайым нәрселер­ді үйретіп, жылы шыраймен түсіндір­сек, олар да жылуды сезініп, өздерін еркін ұс­тап, қоғамға араласып кетпек, – дейді Анна Құдиярова.
Психоноаналитикалық қауымдастық­тың Mental Health жобасы 3 айға ғана жоспарланған, сондықтан мамандар болашақта да ары қарай жалғастырсақ деген ниетте. Бірақ бәрі қаржыға келіп тірелуде. Айта кететіні, бұл клуб Алма­тының Саин мен Шаляпин көшелері­нің қиылысында орналасқан. Көмек қажет еткендерге есік ашық.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

 

http://www.aikyn.kz