Астана. 27 тамыз. Baq.kz-Қазақты шоқындыру саясаты Ресейде мемлекеттік құпия болудан қалып, ашық әрекеттің майданына айналды. Тіпті шоқындыруға аттанатын “крест жорығының” әскери-жазалау шаралары да күні бұрын қарастырылып, қаражаты бөлініп, жасақтары дайындалып қойған.
Ресей отаршылары миссионерлікті жеріне жеткізе жүргізді. Үкімет басына қандай жүйе келмесін, бұдан ешқашанда бас тартып көрген жоқ. Ресей мемлекеті мен ресейліктердің көзқарасы таза православиелік танымда ғана емес, православиелік-орысшылдық бағытта қалыптасты. Кей тұстарда православиелік саясат ұлтшылдықпен астасып, ерекше бір “орыс әлемін” жасады.
Қазақтарды шоқындыру арқылы орыстандыру жоспары 1902-1916 жылдардың арасында жүзеге асырылуы тиіс еді. Бағынбағандарды қырып салу үшін Түркістан уәлаятында жазалаушы әскерлер сақадай сай дайын тұрды. Ресейдің жауыз пиғылын Аллаһтың қалауымен 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, 1914 жылғы I дүниежүзілік соғыс, 1917 жылы жеңіске жеткен қазан төңкерісі жүзеге астыртпай тастады.
Жиырмасыншы ғасырдың басында пайда болған Кеңес империясы жалпы дін атаулыны мансұқтап, христиандарға да, мұсылмандарға да бүйідей тиді. Мысалы, 1920 жылдары Орталық Азияда қызмет еткен 25-30 мың мешіттен 1941 жылы 1 мың ғана аман қалды. Барлық медіреселер толық жойылды. 47 мың дін қызметкерлерінің 2 мыңнан азы тірі қалды.
Қаймана қазақ халқы қазан төңкерісінің арқасында жаппай шоқындыру науқанынан аман қалды. Әйтпегенде, бүгінгі сібір халықтарының кебін киуі әбден мүмкін еді. Қазақты шоқынып кетуден құтқарған Кеңес үкіметі оның ақысына сан ғасыр ұстанып келе жатқан ислам дінінен аластатты.
Осылай діннен аластатылған қауым, дінсіздіктің жолына түсті. 1920-жылдардың аяғында Кеңес Одағында «Құдайсыздар ұйымы» дейтін имансыз құрылым пайда болды. Осы ұйымға мүше болу мәртебе саналды. Аталмыш ұйымға мүше болуда қазақстандықтар Одақ көлемінде Украйнадан кейінгі екінші орынды жеңіп алып, Мәскеудің шексіз марапатына қол жеткізді.
http://www.baq.kz