Қазақстанда апатты жағдайдағы мектептер саны екі есеге азайды, ал биыл жаңа 157 мектеп шәкірттеріне өз есігін айқара ашпақ. Бұл туралы кеше Ақордада мәлім болды.
Осы күні Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елдің білім беру жүйесінің қызметкерлерімен кездесті. «1 қыркүйек – Білім күні» қарсаңындағы жиынға Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов, сондай-ақ бірқатар үздік ауыл мұғалімдері, жаңашыл педагогтар, педагогикалық және ғылыми мекемелердің басшылары қатысты.
– Өздеріңіз білетіндей, елімізде үлкен реформалар жүргізілуде, – деді кездесуді ашқан Гүлшара Наушақызы. – Елбасы әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру туралы міндет қойды. Қазір бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Осының барлығы білім беру саласының алдына үлкен талаптар қояды, себебі, соның бәрі біліммен тығыз қабысып жатыр. Егер біліміміз мықты болса, біз осы мақсаттарға жетеміз! Біздің білімді балаларымыз – біздің жарқын болашағымыз! Балабақшадан бастап, орта және жоғарғы білім беру жүйелерін әлемдік стандарттарға жақындатуға тиіспіз. Бұл салаларда мәселелер бар. Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрі бірқатар бағдарлама әзірлеуде, сіздердің, ұстаздардың пікірі өте пайдалы болады, – деді жиналғандарға қайырылған Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген сөзін алдан тартты. Мемлекеттік хатшы Қазақстандағы адами капиталдың сапасы дамыған елдер кіретін «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының» стандарттары деңгейіне дейін көтерілуге тиістігін атап көрсетті. Осыған орай отандық білім беру жүйесі жаңғыртуды бастан кешеді.
Кездесуде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндама жасады. Жиын алдында журналистерге сұхбат берген БҒМ басшысы саладағы бірқатар проблемалар бойынша түсініктеме бере кетті. Оның айтуынша, мектепті «Алтын белгімен» бітірген жастардың барлығы грантпен оқуға түседі. Бұдан біраз бұрын ақпарат құралдары жоғары балл жиған «Алтын белгі» иегерлерінің де гранттан құр қалғанын жариялаған болатын. Министр мұны ол түлектердің грант өте аз бөлінетін заңгер, қаржыгер, экономист секілді беделді мамандықтарды таңдағанымен түсіндіреді. Бірақ жастардың жігерін құм қылмау үшін мемлекет оларға көмек қолын созбақ.
– Жалпы, биыл 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегерлері мемлекеттік білім грантына қол жеткізді. Ал тізімге ілікпей қалған иегерлер оқу жылы басталғанға дейін гранттармен қамтамасыз етіледі. Бұл не университеттің гранты болады немесе олар демеуші кәсіпорындар есебінен тегін оқиды. Қалай болғанда, шығар жолды табамыз! – деді А.Сәрінжіпов. Ол бүгін, бейсенбіде, Орталық коммуникациялар қызметіндегі арнайы брифингте жаңа оқу жылына дайындық бойынша толық статистика жария етілетінін хабарлады. Алдағы сенбіде өтетін Үкіметтің жеке отырысы да осы мәселеге арналады.
Оның дерегінше, қазіргі кезде барлық ЖОО-лар жаңа оқу жылы-на дайын:
– 25 тамызға дейін талапкерлерді қабылдау жүреді. Биылғы жылы 30 мыңнан аса грант бөлінді. Тұтастай алғанда, ағымдағы жылғы еліміз бойынша ҰБТ нәтижелері былтырғыға қарағанда біраз жоғары болды. Сондай-ақ табалдырықтық балды еңсерген түлектер саны да биыл көбірек.
Министр еліміздегі құлағалы тұрған, көнерген білім ордаларының саны азайғанын жеткізді: «Жаңа мектептердің құрылысы белсенді жүргізілуде. Өйткені бірінші сыныпқа баратын балалардың қатары жыл сайын 20-30 мыңға артып отырады. Осыған орай Президенттің тапсырмасымен, мектеп орындарының тапшылығы мәселесін шешудеміз. Бүгінде үш ауысыммен оқытатын мектептер 20 пайызға қысқарды. Шамамен 80 мектеп қана қалды. Апатты мектептер саны екі еседей азайды: былтыр олардың саны 136 болса, қазір 60-ы ғана бар. 2017 жылдың соңына дейін біз осы мәселелердің барлығын шешуді жоспарлап отырмыз!» деп сөз берді Аслан Сәрінжіпов.
Ол алдағы жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық мектептердің оқулықтармен қамтамасыз етілетініне де уәде етті: «Қаңтар айынан бастап, нақты кесте түзген болатынбыз. Барлық облыстар бойынша жұмыс жүруде. Көпшілігінде бұл көрсеткіш ендігі 100 пайызға жетті. Оқулықтармен қамтамасыз етуге бюджеттен 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген, ақша игерілді. Келісімдер жасалды. Бүгінде оқулықтар мектептерге жеткізілуде. Толық қамтылмаған бірнеше аудан ғана қалды, біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. 28 тамызға дейін осы шалғай аудандарға да оқулықтар жеткізіледі» деген министр биыл 4 сыныптың оқулықтары ауыстырылатынын еске салды.
Үстіміздегі жылы білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру аяқталады. Осы уақыт ішінде «Бастауыш білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты» қабылданды, мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру стандарттарының жобалары әзірленді, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың түбегейлі жаңа жүйесі құрылды.
Мектепке дейінгі тәрбие, яғни балабақша жүйесі дамып келеді. Қазіргі уақытта елімізде 8 мың 780 осындай мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша «3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 78,6 пайызға дейін жетті».
Жалпы және кәсіби техникалық білім беру жүйесінде дуальды оқытудың жаңа технологиялары енгізілуде. «100 нақты қадамды» іске асыру аясында Үдемелі индустрияландыруға, экономиканың негізгі 6 саласына 10 колледж білікті кадрлар даярлайтын болып, нақты бекітілді.
Бүгінде республикамызда 125 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Соның 29-ы 252 мамандық бойынша «халықаралық мамандандырылған аккредитациядан» өтті.
Кездесу кезінде Мемлекет басшысы ұсынған бес институттық реформаға, сондай-ақ педагогтардың мәртебесін көтеруге, ауыл мектептерінің, техникалық білім беру мекемелерінің, ғылыми және педагогикалық ұйымдардың жұмыстарына байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекеттік хатшы құзырлы меморгандарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Кездесу соңында, Г.Әбдіқалықова елдегі барша педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтап, оларға зор денсаулық, шығармашылық табыс, бақыт және игілік тіледі.
Айхан ШӘРІП
http://aikyn.kz/