АЛТЫНОРДА
Новости

КОРЕЙ ЕЛІМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАҚСАРА БЕРЕДІ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметов екі күндік ресми сапармен Оңтүстік Корея елінің астанасы Сеулге келді.

«Айқынның» арнаулы тілшісі Нұртөре ЖҮСІП Оңтүстік Корея Республикасынан хабарлайды:

Шығыс Азияда Жапон, Шығыс Қытай және Сары теңіздерімен жиектесетін, бір жағынан Корей Халықтық Демократиялық Республикасымен шектесетін Оңтүстік Кореяның аумағында тоғыз провинция мен  орталық бағыныстағы жеті қала бар. Солардың ішінде Пусан, Тэгу, Инчон, Кванчжу және Тэджон сияқты бес қаланың орны ерекше.

Тэджон қаласында 1997 жылы ЭКСПО өткен. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мырза бастаған топ «LG Chem»паркінде болып, осы заманғы технология жетістіктерімен танысты.

Сеулдің түбінде құрылысы 1999 жылы басталып, бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұрған «Енгхын» жылу-электр стансасы орналасқан. Қазақстандық делегация өкілдері «Енгхын» ТЭС- інде болды. Қазақстан бұл күнде жасыл энергетика саласына аса зор көңіл бөліп отырғаны белгілі. Әсіресе, «ЭКСПО – 2017» көрмесін ұйымдастырып, оны өткізу міндеті алда тұрғанда әлемдегі озық технологиялық жетістіктерді терең зерттеу – өте маңызды.

Оңтүстік Корея елінің энергетика саласын қайта құрылымдау негізінде 2001 жылы Корей электр энергетикалық корпорациясынан бөлініп шыққан «KOZEP» компаниясы елдегі ірі бес компанияның бірі. «Енгхын» жылу электр стансасы қазір өзінің толық қуатында жұмыс істеп тұр. Қазақстандықтар осы стансаның  энергоблоктарды басқару және мониторинг жасау жөніндегі аса заманауи жүйесімен танысты. Электр стансасы Сеул қаласына жақын орналасқандықтан мұндағы экологиялық жағдайға өте қатаң бақылау орнатылған. Күкірт пен азот сілтінділерін ауаға жібермеу үшін дымқыл электрофильтр қондырғысы мүлтіксіз жұмыс істеуде. Соның арқасында бізге үйреншікті қара түтіні будақтаған жылу электр стансасын бұл арадан көре алмайсыз. Табиғатқа залал келтірмеудің осы жүйесі біздің елімізде пайдаланылса, қоршаған ортаға қазіргідей зиян келмес еді.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылдың 28 қаңтарынан бастау алады. Сол уақыттан бері екі ел арасындағы экономикалық байланыстар жыл өткен сайын нығайып келеді. Екі елдің өзара сауда саттығы былтыр бір миллиард екі жүз елу жеті мың АҚШ долларын құраса, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен жылғыдан 6,4 пайызға артқан. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылдың екінші тоқсанында оңтүстіккореялық тікелей инвестицияның жалпы түсімі 4,47 миллиард долларға жеткен. Өз кезегінде Қазақстанның бұл елге құйған қаржысы 2,6 миллиард доллар құрап отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда Оңтүстік Корея Республикасының қатысуымен 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде ең әйгілісі «Samsung C&T», « LG Elektroniks», « LG Chem», « SK Corporation», « Hyundai», « POSCO» сияқты ірі компаниялар мен  «Dong II Highville», «Urim», «Кыкдонг Консоль» тәрізді құрылыс компаниялары бар.

Премьер-министр «Samsung Electronics D-Light» компаниясының бас ғимаратында болды. Атағы әлемге әйгілі бұл компанияның жаңа өнімдері мен технологиялық жаңалықтарымен танысты.  Мұнда адамға керекті және және өмірдің барлық саласына жарамды қондырғылар мен заманауи ғаламат жетістіктердің бәрі бар.

Оңтүстік Кореяға жасаған сапары барысында Қазақстанның  Премьер- министрі Серік Ахметов осы елдің Президенті Пак Кын Хе ханыммен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның экономикалық мүмкіндіктерін заманға сай пайдалану, мүдделі тараптардың тиісті нәтижелерге қол жеткізуін қамтамасыз ету жайында кеңінен сөз болды.

–Екіжақты тауар айналымының қазіргі қарқыны көрсетіп отырғандай, бұл бағытта елеулі табыстарға қол жеткіздік. Ағымдағы жылдың тоғыз айында оның көлемі 1 млрд долларға артты. Тауар айналымы қарқынын одан әрі арттыруға ниеттіміз, – Қазақстан Үкіметінің басшысы.

Премьер-министр Қазақстан мен Кореяның Балқаш ЖЭС, Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылыстары және «Жамбыл» кен орнын игеру бойынша бірқатар бірлескен ірі жобаларды жүзеге асырып жатырғанын атап өтіп: «Бұл ірі жобаларды жүзеге асырудың, Қазақстан экономикасын дамытуға зор үлесін қосып және біздің елдеріміз арасындағы инвестициялық және технологиялық әріптестікті елеулі түрде нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін»,– деп атап көрсетті С.Ахметов.

Серік Ахметов Пак Кын Хеге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың игі тілегін және 2014 жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткізді.

Сондай-ақ Үкімет басшысы С.Ахметов Оңтүстік Корея Премьер-министрінің орынбасары – Жоспарлау және қаржы министрі Хен Сок О мырзамен кездесті. Сапар нәтижесінде екі елдің министрліктері арасында  бірқатар құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

 

Айқын-ақпарат