АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Қорғас ісі» бойынша айыпталушыларға Қылмыстық кодекстен алып тасталынған қылмыс айып ретінде тағылуда

хоргосБүгінгі таңда атышулы «Қорғас ісінің» сотта қарастырылып жатқаны баршаға белгілі. 2011 жылғы сәуірде қоғамымызды дүр сілкіндірген бұл істің жауабынан сұрағы көбейіп бара жатқан сыңайлы. Мәселен, дүйсенбіде журналистермен кездескен «Алатау КРО» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Михаил Войтовичтің адвокаты Ашурбек Ашурбеков біраз жайттың басын ашты. Адвокаттың айтуынша, «Қорғас ісі» бойынша айыпталушыларға 2011 жылы Қылмыстық кодекстен алып тасталынған бапта қарастырылған қылмыс айып ретінде тағылуда.

«2011 жылғы қарашада еліміздің қылмыстық заңдылығы өзгертілген болатын, оның ішінде, біздің қорғауымыздағы азаматтардың ісі сотқа берілген 235 бап та өзгеріске ұшырады. Қылмыс құрамы жойылып, ізгіліктендірілді. Алдын ала болған сот мәжілісінде біз заңдылықтың өзгергендігі туралы мәлімдеме жасаған едік, бірақ істі қарау жалғасуда. Қазіргі таңда іс сотқа берілді және ол Қылмыстық кодекстің 235, 209 және басқа баптары бойынша қарастырылуда», — деді А.Ашурбеков дүйсенбідегі кездесу барысында.

Сондай-ақ адвокат тергеу барысында Қылмыстық істерді жүргізу кодексі талаптарын өрескел бұзу фактілері орын алғанын атап өтті.

Мәселен, қорғаушының айтуынша, айыпталушы ретінде жазаға тарту туралы қаулының біреуінде де кедендік шекарадан алып өткен тауарлардың тізімі жоқ екен. Тек халық тұтынатын тауарладың 22 атауы алып өткендігіне сілтеме жасалынған. «Бірақ осы санаттағы істерді тергеу ерекшелігі айыпталушы ретінде жазаға тарту туралы қаулыда ҚР мемлекеттік немесе кедендік шекарасынан алып өткен тауарлар тізімінде әрбір тауардың жеке көрсетілуі талап етіледі», — деп атап көрсетті адвокат.

Сондай-ақ А.Ашурбеков тергеу барысында айғақ заттардың зерттелмегені туралы да айтты.

«Мәселен, бірде бір айғақ затта тергеушінің оны қарағаны туралы белгісі, бирка, айғақ заттарды қараған тергеушінің, қарауға қатысқан  жоқ куәгерлердің қолтаңбалары жоқ. Ал Қылмыстық істерді жүргізу кодексі оның барлығының болуын талап етеді. Жалпы, мен айтып отырған айғақ заттардың 80 пайызы біз қараған кезде қораптарда, орамаларда ашылмаған күйінде сақталған, яғни оларды ешкім қарамаған. Олардың ішінде не жатқаны бізге, тіпті, тергеушіге де беймәлім», — дейді А. Ашурбеков.

Сонымен қатар, адвокат контрабанда ретінде айыпталынып отырған тауарлардың 90 пайызы бойынша кедендік рәсімдеуге кедендік декларацияның мүлдем ұсынылмағанын атап өтті. Ал бұл тауарларды контрабанда ретінде анықтаған қаржы полициясы тергеушілерінің қандай құжатты басшылыққа алғаны олардың өздері ғана біледі. Жалпы, тауардың контрабандаға жататынын не жатпайтынын тек кедендік рәсімдеу аяқталғаннан кейін анықтауға болады.

 

Қайрат Матреков,

Алматы