АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Қорғас ісі»: Қыспаққа алынған куәгерлер

коргасҚаржы полициясы куәгерлерге қысым көрсетуде, дейді адвокаттарҚоғамымызды дүр сілкіндірген, ел тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды «Қорғас ісінде» түрлі келеңсізіктердің беті ашылуда. Тергеу барысындағы олқылықтарды былай қойғанда, енді адвокаттардың сөзіне қарағанда, қаржы полицейлері сот процессінің барысында куәгерлерге қысым көрсетіп жатыр екен.

Осыдан біраз бұрын адвокаттар куәгерлерді сот процессіне жеткізумен қаржы полициясы қызметкерлерінің айналысуына қарсылық білдіріп, төрағалық етуші судья Советхан Сакеновтың атына қолдаухат жолдаған болатын. Қорғаушылардың пікірі бойынша, куәгерлерді сот процессіне жеткізу барысында оларға психологиялық қысым көрсету мүмкін болған. Бірақ сот бұл қолдаухат бойынша шешім қабылдаған жоқ. Сондықтан мәселе ашық қалды.

Сөйтіп куәгерлерді сотқа жеткізумен әлі күнге дейін қаржы полицейлері айналысуда. Мұнымен қоймай, қаржы полицейлері куәгерлерге арналған бөлмеде отырып, сот мәжілісіне шақырылған куәгерлерге тергеу барысында айтқандарын «есіне түсірсін»деп,  берген жауаптарының хаттамасын көрсетіп, «қамқорлық» жасап отырады екен. Сондай-ақ адвокаттар «егер куәгерлер тиісті жауап бермесе, қаржы полицейлері оларға қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы Қаулының күшін жойып, куәгерлерді қайтадан қылмыстық жауапкешілікке тарту мүмкіндігімен қорқытуда. Мұны біз куәгерлер Р. Юсуповтан, Раджаповтан, Құсайыновтан жауап алу кезінде анық байқадық», дейді.

Адвокат Ковылкинаның айтуы бойынша, алдын ала тергеу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 65-бабына (Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылғандардың барлығының ісіне дерлік қаржы полицейлері жедел сүйемелдеуді жүзеге асырып отырған көрінеді. Ал осы «Қорғас ісі» бойынша ұзын саны 200-ге жуық куәгер Қылмыстық кодекстің 65-на сәйкес жауапкершіліктен босатылыпты.

 

Куәгер сот мәжілісінде берген жауабынан бас тартты…

 

Сот мәжілісінде сөз алған адвокат Татьяна Ковылкина төрағаның атына  тағы бір қолдаухат жолдады.

«Құрметті төраға, 18-шілдеде сот анықтаулары барысында куәгер Ерлан Сарымбетовтен жауап алынды. Сот алдында тек шындықты айту жөнінде ант берген куәгер өз еркімен қаржы полициясы қызметкерлерінің өзінен жауап алу кезінде «қылмыстық жауапкершілікке тартамыз» деп қорқыту арқылы оған психологиялық қысым көрсетіп, нәтижесінде істемеген қылмысты мойындау жөніндегі жауап алу хаттамасына, оның ішінде, «Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға котрабандалық жолмен тауар тасымалдағанымды білдім-мыс» деген хаттамаға қосымша енгізілген мәтінге де қол қоюға мәжбүрлеу бойынша заңсыз әрекеттер қолданғанын жайып салды. Ол мұның барлығының Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы департаментінің ғимаратында орын алғанын айтты, және өзіне қысым көрсеткен  қызметкерді сипаттап берді. Сондай-ақ Ерлан Сарымбетов сот үстінде мемлекеттік айыптаушының сұрағына өзіне қысым жасаған қызметкерді тани алатындығын сенімді мәлімдеді», деді адвокат Ковылкина.

Сонымен бірге, куәгер сот үстінде жасаған қылмысы үшін қылмыстық қудалаудан босату туралы өзіне қатысты Қаулыны оқыған кезде, бұл құжатпен келіспейтіндігін, аталған қылмыстарды жасамағандықтан өзін кінәлі деп есептемейтіндігін   мәлімдеді.   Е. Сарымбетов сотқа өзіне ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасады деген айып тағылғаны туралы және Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 65-бабының (Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) мағынасын және осы бапты қолданудың зардабын  түсіндірілмегенін жеткізді. Сонымен қатар, куәгер бұл қаулыға өзінің наразылық білдіруге құқығы бар екені түсіндірілмегендіктен шағымданбағанын айтты.

Адвокаттың айтуынша, сол күні сот отырысының соңында төраға сотқа қатысушы тараптарды Е. Сарымбетовтың атынан түскен арызбен таныстырған. Онда куәгер өзінің сотта берген жуабы шындыққа жанаспайтыдығын хабарлаған. Өйткені ол кейбір сотталушылар тарапынан кек алу мүмкіндігінен сескенген көрінеді.

Бұған наразылық білдірген адвокат «Қазақстан Республикасы Қылмыстық істерді жүргізу кодексі 24-бабының талабына сәйкес сот, прокурор, тергеуші, анықтаушы дұрыс шешім қабылдауға қажетті істің мән-жайын шынайы анықтау үшін заңда қарастырылған шараларды қолдануға міндетті», деді. Сонымен қатар қорғаушылар тарапы осы арыздың шығу тегін және оның Сарымбетовтың өз қолымен жазғандығын тексеру керектігін жеткізді. Өйткені шындықтың бетін ашқан Ерлан Сарымбетовты сот залынан шыққанда қаржы полициясының қызметкерлері қарсы алған, ал кешкісін аталмыш арыз пайда болған. Тағы бер атап айтар жайт, адвокаттардың айтуынша, осы уақытта мемлекеттік айыптаушы Кирияк мырза да сот залында болмаған екен. Бұл кездейсоқтық па, әлде…

Енді адвокаттар тарапы ҚР Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 343-бабына басшылыққа ала отырып, сот төрағасына келесі өтініштерді білдірді:

—                 Куәгер Е. Сарымбетовтың арызының көшірмесін беру;

—                 жаңадан ашылған деректер бойынша куәгер Е. Сарымбетовты қайта жауап алуға шақырту;

—                 қаржы полициясы қызметкерлеріне куәгерлерді сот залына жеткізуге және №18 тергеу изоляторының аумағында болуға, куәгерлерге арналған бөлмеде отыруға  тыйым салу.

Ал біз кезегімізде, сот шынайылық, бейтараптық принциптерін сақтай отырып, екі тарапқа да (айыптау және қорғау — автор) өздерінің кәсіби міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік тудыра отырып, әділ сотты жүзеге асырады, деп сенеміз.

 

Ал мемлекеттік айыптаушы судьяның тапсырмасына құлақ аспауда…

 

Мемлекеттік айыптаушы «Қорғас ісі» бойынша басты сот мәжілістеріне төрағалық етуші судьяның тапсырмасына құлақ аспайды, дейді адвокат Ашурбек Ашурбеков.

«Сот мәжілісінде заңдылықты бұзу фактілері бойынша адвокаттар тарапынан екі қолдаухат мәлімденген еді. Бірінші қолдаухат адвокаттардың әңгімесін тыңдауға, тергеу изоляторының камералары мен адвокаттардың өз қорғауындағы адамдамен кездесетін бөлмелерге дыбыс және бейне жазу құралдарын заңсыз орнатуға қатысты болатын. Екінші қолдаухатта  сотталушылардың камерасында түнгі сағат екіде тінту жүргізілгені көрсетілген», деді Ашурбеков журналистармен болған кездесу барысында.

Сондай-ақ адвокат қолдаухаттар бойынша судья мемлекеттік айыптаушыға аталған екі факті бойынша тексеру жүргізу жөнінде тапсырма бергенін айтты. Бірақ біраз уақыт өткеніне қарамастан, адвокаттарға тексеру жүріп жатыр ма, мемлекеттік айыптаушыға судья тарапынан берілген осы тапсырма Бас прокурордың тиісті бұйрығына сәйкес прокуратураның арыздарды тіркеу кітабына тіркелгені не тіркелмегеніне беймәлім.

Адвокат мемлекеттік айыптаушының «тексеруге қатысты материалдарды судья жазбаша түрде жолдауы керек» дегенді желеу етіп, нақты жауап бермей жүргеніне өкініш білдірді. Ал Ашурбековтың айтуынша, Бас прокурордың бұйрығына сәйкес судьяның тапсырмасы прокуратураның арыздарды тіркеу кітабына міндетті түрде тіркелуге жататын ауызша хабарлама болып табылады.

Адвокаттардың айтуынша, өздерінің қорғауындағы адамдармен құпия әңгіме жүргізу ҚР Конституциясы кепілдік берген құқық. Оларды тыңдауға ешқандай прокурордың санкциясы жүрмейді.

Үзіліс кезінде бізге мемлекеттік айыптаушы Александр Кириякпен кездесіп, оған адвокаттар сұрағын жолдаудың реті келді.

«Мен мемлекеттік айыптаушымын, менің тексеру жүргізуге құқығым жоқ. Ресми жібердім, ресми жауап келеді, ресми түрде сотқа түседі, судья ресми түрде хабарлайды», деді прокурор.

«Түнде тінту жүргізу фактісін сотталушы Валерий Қайырбаев хабарлады», деді сөзін жалғастырған Ашурбеков кездесу барысында.

Қорғаушының айтуынша, сотталушы түнгі сағат екіде оның камерасына жанына қаржы полициясының қызметкерін ерткен тергеу изоляторының қызметкерлері келіп, тінту жүргізгенін хабарлаған.

Ашурбеков осы факті бойынша сот залына тергеу изоляторының бастығы шақырылғанын, бірақ оның орнына режим жөніндегі орынбасары келгенін атап өтті. Мәжіліске келген орынбасар сотқа тергеу амалдарын жүргізу жөніндегі актілерді ұсынды. Ол актілерге сәйкес сотталушының камерасында шынымен түнгі сағат екіде тінту жүргізілген. Тергеу изоляторы бастығының орынбасары қаржы полициясы қызметкерінің режимдік нысанда түнгі сағат екіде не істеп жүргеніні туралы сұраққа жауап бере алмай, бұл сауалды мекеме бастығына жолдау қажеттігін айтты.

«Әрине, тінтулерді жүргізу тергеу изоляторының ішкі тәртібімен белгіленген. Алайда бұл әрекеттер соталушыларға сот мәжілістеріне толыққанды дайындалуға мүмкіндік ермейді», дейді осы мәселе бойынша түсініктеме берген Ашурбеков.

Осы орайда, адвокат түні бойы ұйықтамаған адамның сот мәжілісінде өзінің қорғанысын белсенді ұйымдастыра алмайтынын айтты. Мүмкін, осы қылмыстық іс шеңберінде түрлі тергеу амалдарын жүргізу бойынша ведоствоаралық келісімдер бар шығар. Дегенмен, адвокаттың пікірінше, заңдық тұрғыдан оған жол беруге болмайды.

Тергеу изоляторы бастығының орынбасары ұсынған тергеу амалдарын жүргізу жөніндегі актіден сотталушыларды ұстау тәртібін өрескел бұзудың тағы бір фактісі белгілі болды.

«Сөйтсек, сотталушы Валерий Қайырбаев сотталған тұлғамен бір камерада отыр екен. Ал бұған заң бойынша үзілді-кесілді тыйым салған», дейді сөзін тәмәмдаған А. Ашурбеков.

 

Соңғы сөз орнына:Материал жариялануға дайындалып жатқанда редакцияға «Қалжат» кеден бекетінің бұрынғы қызметкерлері Хален Жылқыбаев пен Марат Хасанаевтың сот мәжілісінде куәгер ретінде жауап беру кезінде алдын ала тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартқаны туралы ақпарат келіп түсті. Яғни, сейсенбі күнгі сот мәжілісінде «Қалжат» кеден бекетінде қызмет еткен қос кеденші ол жауапты қаржы полициясының тергеушілерінің психологиялық қысым көрсетуі салдарынан бергенін мәлімдеді. Ал сәрсебні күнгі мәжілісте осы Қалжат бекетінің тағы екі қызметкері Сәния Досанаманова мен Эльмира Әбдіқадырованың алдын ала тергеу барысында берген жауаптарынан бас тартып, өздеріне қаржы полициясы тергеушілері тарапынан психологиялық қысым көрсетілгені туралы мәлімдеді.

Ал егер 2012 жылғы қаңтарда осы «Қалжат» кеден бекетінде қызмет еткен Нұрболат Ғабдулиннің қаржы полициясын департаментінде жауап беруден кейін өзіне-өзі қол жұмсағанын ескерсек, қос кеденшінің алдын ала тергеу кезінде берген жауаптарынан үзілді-кесілді бас тартуы біраз нәрсені аңғартатын сияқты…

 

 

Қайрат Матреков,

Алматы қаласы