Қорқор сатып, қыруар қаржы тауып жүрген кәсіпкерлер кеше бас қосып, «табысымыз күрт төмендеп, банкроттықтың алдында тұрмыз» және «біздің құқығымыз тапталуда» деп еңірегенде етегі жасқа толды. Олардың тыныш өмірінің астан-кестеңін шығарған – Қазақстанның Бас санитарлық дәрігерінің «Қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салу туралы» №6 қаулысы. Бұл қаулы 14 наурыздан бастап өз күшіне енген. Содан бері кәсіпкерлердің айтуынша, қорқор өнеркәсібінің кірісі бірнеше есе төмендеп кетіпті.
Осы қаулы күшіне енген күннен бастап, Алматы мен Астананың 70-ке жуық кәсіпкерлері қауымдастық құрып, өз көзқарастарын қорғамаққа бекінген. Олардың пайымдауынша, мұндай тыйым елдегі орта және шағын кәсіпкерлікті тұралатып, 20 мыңға жуық адамды жұмыссыз қалдыратын көрінеді. Сонымен қатар ел қазынасы салықтан түсетін үлкен қаржыдан да қағылмақ. Мәселен, шетелден қорқор темекісін әкелумен айналысатын кәсіпкер Дидар Өтелбаевтың айтуынша, ай сайын Қазақстанға 10 тонна қорқор темекісі әкелінеді екен. – Кез келген кафе, клуб, мейрамхананың табысының 20 пайызы қорқор сатудан құралады. Ай сайын Қазақстанға 10 тонна қорқор темекісі импортталады. Ал бір келі темекінің құны – 1990 теңге. Яғни кіріс салығы мен брокерлік қызметті есептемегеннің өзінде, біз ай сайын 19 миллион 900 мың теңге қазынаға құйып отырмыз. Қазақстан бойынша қорқор қызметін ұсынатын бес мыңға тарта ойын-сауық орындары бар. Олардың әрқайсысында 3-4 қорқор жасайтын жігіттер жұмыс істейді. Бұл тыйым жастардың жұмыссыздығына әкеліп соғады. Бизнесті дамытуға алған несие туралы айтпай-ақ қойсақ та болады, өйткені көптеген кәсіпкерлер өздерін банкрот деп жариялауға мәжбүр, – деп түйіндейді Дидар Өтелбаев. Сондықтан мұндай түбегейлі шешімнен бас тартып, «қауіпсіз» қорқордың санитарлық талаптарын жасайық деп ұсыныс тастады кәсіпкерлер. Ең сорақысы сол, бұл бизнестің ел нарығына енгеніне 10 жылға жуықтаса да, оларға қойылатын талаптар мен санитарлық нормалар әлі айқындалмаған көрінеді. Осы орайда су жаңа қауымдастық төрағасы Нұрболат Сейпішев «қорқор қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеп, қорқор қызметін лицензияланатын қызмет түріне енгізу, ақылы негізде лицензия беру, бір рет пайдаланылатын құбыршектерді қолдану қажет» деп пайымдайды. Ендігі жерде кәсіпкерлер осындай санитарлық талаптарға сай келмейтін орындарды ғана жауып, басқаларына тиіспеу қажеттігін алға тартады. Алайда өздері құбыршектерді қандай ерітіндіге салып жуатындарын да нақты айта алмады. Тіпті Рустам Лазгиев есімді кәсіпкер қорқор туралы дәрігерлер айтып жүрген «аңыздардың» бетін аша келе, «қорқор бұл шығыстық үлкен мәдениеттің белгісі, баяғыда ақсақалдарымыз қорқор тартып отырып, келелі әңгіме құрған» деп салды. Рас, Шығыста қорқор тарту бағзы заманнан келе жатқан дәстүр болар, алайда ол кездегі қорқор мен бүгінгі қорқордың құрамын салыстыруға мүлдем келмейді емес пе? Сондықтан да қорқорға тыйым салу бастамасын көтерген «Темекі түтінінен таза Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының төрайымы Жәмиля Садықова ешқандай да сындарлы келісім болуы мүмкін емес деген пікірде. – Өйткені қорқор өнеркәсібі өкілдерінікі тек коммерциялық мүдде ғана. Оларға керегі – халықтың қорқор шеккені. Ал қорқор дегеніміз – түрлі жұқпалы аурулар, канцерогендер, токсиндер, темекіге тәуелділік. Бұл жерде тек қана тыйым салу болуы керек деп тұжырымдайды Жәмиля Садықова. Аталмыш қаулы шыққанға дейін республика бойынша 673 нысан тексеріліп, оның ішінде 51 қоғамдық тамақтану орындарында қорқор қызметі көрсетілетіні анықталған. Оның 49-ы Алматы қаласында орналасса, 3-і Астанада, Шымкентте екеуі, біреуі Ақтау қаласында орын тепкен. Осыдан кейін қандай «қауіпсіз қорқор» туралы сөз болуы мүмкін? Үмітжан ЖАПАР |