Қызылжарда соңғы жылдары ескерткіштер төңірегінде талай шу шықты. Орталық саябаққа орнатылған тарихи тұлғаларды жұрт танымай біраз әуреленді. Ал Абылайдың ат үстіндегі мүсіні Петербордағы I Петрдің бейнесіне қатты ұқсайтыны да әр жерде айтылып қалып жүр. Дәл осы қаланың билігі шеткері көшелердің бірінде тұрған Ленинді орталыққа әкеліп қойғызып, айды аспаннан бірақ шығарған. Енді, міне, шаһардың шырайын келтіреді деп былтыр орнатылған шағын мүсіндер, керісінше, сәнін бұзып тұр. Сапасыз материалдан жасалған ескерткіштер қар мен жаңбырға шыдамай, шетінен үгітіліп жатыр.
Бірер жыл бұрын Қызылжардағы орталық саябаққа қойылған зиялы қауымды жұрт танымай қалған-ды. Шоқанды ұзын шапанына, ал Толстойды сапсиған сақалына қарап ажыратып алған болатынбыз. Алғашында қалалық құрылыс кеңесі мүсіндерді авторға қайтарып берген-ді. Өйткені олардың сыртқы бейнесі ғана емес, сапасы да төмен еді. Белгілі мүсінші Қазыбек Сатыбалдин өзінің қателігін мойындап, 100 миллион теңге жұмсалған 34 мүсіннің бірсыпырасын қайтадан жөндеп берген болатын. 2010 жылы қала күніне арналып қойылған сол мүсіндер құлап қалмай, саябақта қалқайып әлі де тұрғанына шүкір.
Қызылжарда сапалы ескерткіш жоқ емес, бар. Олар – пролетариат көсемі Ленин жолдастың қос мүсіні. Біреуі дәл сол орталық саябақта менмұндалайды. Ал екіншісі вокзалға баратын көшелердің бірінің қиылысында орналасқан болатын. Сол жерге аквапарк салған жеке кәсіпкер «күн көсемді» бір-ақ күнде тұғырынан түсіріп тастаған. Алайда қалалық әкімдік бұл «әділетсіздікке» төзе алмай, келмеске кеткен империя басшысының басы жалтыраған ескерткішін орталыққа, нақтырақ айтқанда, тұрғындарды еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі есігінің алдына қойып берді. Қазақстан түгіл, Ресейдің өзінде саңырауқұлақтай қаптаған Лениннің ескерткіштерін қоқысқа лақтырып жатқанда, Қызылжар билігі төрге шығарып әлек.
Соңғы жылдары әкімдіктегілер қаланы әрлендіру үшін үлкен ескерткіштер жасап шығындалмай-ақ, адам бойынан сәл асатын шағын мүсіндер қоюды ұйғарған болатын. Бұл шешім бір жағынан орынды көрінгенімен, сапаға келгенде сан соғып қалып жүр. Жыл сайын жөндеу жүргізу керек. Мысалы, биылғы қыстан қаладағы көптеген мүсін қаусап, қалтырап әрең шықты. Халыққа қызмет көрсету орталығы жанындағы Пушкин атындағы шағын бақтағы Татьяна мен Онегиннің мүсіндері құлаудың сәл алдында. Онегиннің сол қолының жартысы жоқ, ал оң қолы бір тал темірге ілініп қана тұр.
Ал қазақтың аты аңызға айналған қобызшысы Қорқыт атаның мұрыны түсіп қалыпты. Кәрім Сүтішев пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы бұл мүсіннің тұғыры да жоқ. Жергілікті сәулетшілер қобызын ұстатып, қара жерге отырғыза салған екен. Мүсіннің мұрыны ғана емес, қолы да зақымданған. Тез арада жөндемесе, қобызын жоғалтып алуы да ғажап емес.
Қызылжар қаласында демалатын, көрікті жерлер жетерлік. Жылда жаңадан саябақтар ашылып, ескерткіштер бой көтереді. Алайда солардың көпшілігі әдемі қалыптарын ұзаққа сақтап тұра алмайды. Мысалы, көше бұрылыстарының біріндегі жолбарыстың құлағы сынса, қос көгершіннің бірінің басы жұлынып қалыпты. Енді бұларды Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жөндеуі керек.
Ольга ТАЖЕТДИНОВА, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Петропавлдағы шағын архитектуралық ғимараттарға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жауап береді. Оның ішінде мүсіндер, шамдар, орындықтар, урналар да бар. Біз әрдайым олардың дұрыстығын бақылауға тырысамыз. Бүлінгендері болса, қалпына келтіріп отырамыз.
Ескерткішті қоюдағы негізгі мақсат – аты айтып тұрғандай, тарихи тұлғаларымызды болашақ ұрпақтың есінде қалдыру. Яғни ол бүгін мен ертең үшін қойылмайды, ұзақ уақытқа сақталуы қажет. Ал Қызылжардың мүсіндері бұл мүддеге сай емес. Көбінің материалы күмәнді, қарапайым құм мен цементті езіп, қалыпқа құя салған сияқты. Ал ол қар мен жаңбырға қайдан шыдасын?
Соңғы жылдары шаһарда ағаштан жасалған мүсіндер де бой көрсете бастады. Мысалы, көлік жүрмейтін, тек жаяу жүргіншілерге арналған Қазақстан Конституциясы көшесінің бойына бірнеше мүсін қойылды. Олардың кейбірінің ғұмыры ұзаққа бармады. Мысалы, Ғабит Мүсірепов кітапханасының алдында орындықта отырған Таня қыздың бейнесі қазір жоқ. Дәл осы кітапхана жанындағы Ғабит Мүсірепов шығармасының кейіпкері Ұлпанның да мүсіні белінен үзілейін деп тұр. Екі ағаштың қосылған жерінің желімі ашылып кеткенге ұқсайды. Мүсінші Константин Чайка мүсінді кесілген ағаштан емес, өсіп тұрған ағаштан жасау керектігін айтады.
Константин ЧАЙКА, мүсінші:
– Кітапхана алдындағы қыздың мүсінін вандалдар қиратып кетті. Ол жөндеуге келмейді. Мен дәл осы бейнені бетоннан құюды ұсынып отырмын. Ал ағаштан мүсін жасауға келсек, өсіп тұрған ағашты кеспей жасау технологиясын қолдаймын. Бұтақтарын отап тастап, ойып жасай бересіз. Ескерткіштің сапалы болуы бірінші кезекте материалға, ал материал ақшаға тәуелді. Аз ақшаға жақсы ескерткіш жасай алмайсың. Сондықтан да қаладағы көптеген мүсін зақымданып жатыр. Әкімдік бізге хабарласса, автор ретінде бұзылғандарын жөндеп бере аламыз.
Облыс орталығына көрік беруге қойылған мүсіндер, керісінше, сыйқын кетіріп тұр. Сапасыз ескерткіштердің зақымдануына вандалдар өз үлестерін қосып қалуда. Мысалы, жыл басынан бері Қызылжарда вандализмге қатысты үш оқиға тіркелген. Жұмысшы кентіндегі моланы талқандағандар, қаладағы жануарлардың мүсіндерін қиратқандар және Жамбыл көшесіндегі декоративті қоршауларды бұзғандарға айыппұл салыныпты.
Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар
Алаш айнасы газетiнен алынды