Қос құдағи – Үрзиба мен Сағыныш апалардың бір-бірімен жарастықты сыйластығын көру қандай бір ғанибет десеңізші! Әңгімелерін бір-бірінен туғызып, шайларын қанып ішіп алған соң, екеуі қосыла отыра қалып, немерелеріне дәп-дәмді етіп самса, бәліштерін пісіруге де, қатарластарымен сыйласып, араласуға да, жақын-жуыққа барысып-келісуге де уақыт табатын бұл қос құдағи кім десеңіздер, бірі – композитор, әнші Жеңіс Сейдоллаұлының анасы Үрзиба болса, екіншісі оның жары Алмагүлдің анасы Сағыныш.
Сөз басы
Менің анам бірде Сибан Керей турасында әңгіме қозғалғанда: Ол Сибан емес, Сыйбала ғой деп қалды. Анамның сөзінен тағы бір ескі әңгіменің шеті қылтиғанын ұғып, әшейіндегі білгім келетін әдетіммен: «Мама, сыйбала дегеніңіз не?» – деп сұрағаным бар. Сонда анам тұрып: «Е-е, ол құда мен құда арасындағы сыйластықтың биік шыңы, балам. Құлағыңда жүрсін» деп айтып берген.
Ертеде, дүниеге Көшебе, Балта, Тарышы келмей тұрғанда керей шалдың жан дегенде жалғыз қызы болыпты. Бай қызын біразға дейін ұзатуға қимай, оң жақта көп ұстапты. Содан елдің ақсақалдары қолқа салып: «Баланы бұлай ұстауға болмайды, табиғатына қарсы келме», – деген уәжіне тоқтаған әке қызын Уаққа ұзатады. Күн артынан күн өтіп, бір уақытта әке-шеше ұзатылған қызының аяғы ауырлығын естиді. Қызының айы-күні жетті-ау деген мезгілде керей шалдың кемпірі шаңырақ түйеге бесігін салып алып, туған шарананы сұрап алмаққа құдасының ауылына келеді. Құдағидың әлі тумаған балаға бесік алып келген арғы дәмесін артық көрген ауыл-үй, о несі, қызын бергенде өсімін аламын деді ме екен, отының алды, суының тұнығы – тұңғыш немересін кім түйеге артып жіберіпті. Құдағи ессіз адам екен, «айрыласар дос ердің артқы қасын сұрар» деген, мұнысы буынсыз жерге пышақ ұру болды ғой, деп айыптайды. Сонда құда: «Жә, қойыңдар, құдағи жердің үстімен келіп, астымен қайтпасын, бір берген Алла берерін тауыспас, меселін қайтармаңдар», деп баланы бергізген дейді. Сонда мейірленіп, құшағына алып, немересін сүйгенде 20 жылдай семіп қалған ана көкірек иіп кетіп, бәйбішеден сүт шығады. Е, бізге сені бір тайпа ел сыйлап берді ғой, сенің атың Сыйбала болсын, депті дейді бәйбіше баланы алып келгенде қуанған әке. Содан еркелете келгенде Сыйбалаң Сибан болып кетеді.
Қызығы сол, Сибанды суалтқан соң бәйбіше жүкті болып, артынан көш үстінде туған ұлға Көшебе деп ат қояды. Одан соң тағы бір ұл дүниеге келіпті. Оның атын балталаса өлмейтін болсын деп Балта дейді. Енді бұрын құдайдан ер бала сұрағанда зар еңіреп жүрген әкенің мерейі тасып, «сарт байыса там салады, қазақ байыса қатын алады» дегендей, не керек күзде тары орып жатқан алқапта аяқ салған күңі босанып тағы бір ұл дүниеге келеді. Оның аты Тарышы қойылады. Ал осылардың бәрінің ноқта ағасы Сибан. Сибан атауында осындай аяулы сыйластықтың сыры бар. Ертеде құдағилар бір-бірімен қатты сыйласса, араларында құдағи жүзік жүрген. Ақық салып, қымбат тастармен көмкерілген бұл жүзікті салудың да өз рәсімі болған дейді. Ел-жұрт сыйластықтың тамаша үлгісін көруге жиналады екен. Мал сойылып, бас тартылып, ағайын-туыс жиналып, қос құдағидың бір-біріне құдағи жүзік салғанын тойлайтын болған. Құдағи жүзік қазіргідей бір ғана саусаққа тағылмайды. Ол екі баламыз бір адам болды, енді біздің тілегіміз бір, тұтас болдық, ағайын арасын әрдайым осындай татулықтан айырмасын, деп екі саусаққа бірдей кигізілетін жүзік салынатын болған. Сыйластықтың ғажап үлгілерін бұрынғылар осылай жасап кеткен, деген анам.
Үрзиба мен Сағыныш апаларды көрген сайын менің ойыма осы әңгіме оралады. Екеуінің бір-біріне деген құрметін бекіткен бүгінгі күннің сыйбаласы – Олжас ол екеуінің тілегін тұтастырып жіберді.
Үрзиба апа
Үрзиба апаны алғаш көргенім есімде. 80-ші жылдардың ортасында дос құрбым Алмагүл тұрмысқа шығатын болып, Арқалыққа сонау Қызылорданың Төретамынан бір автобус құдалар келді. Келіп тоқтаған көліктің ішінен ең алдымен күн қаққан қоңырқай жүзі жадырай, жарқырай күлген әйел адам түскен. Шашу шашылғанда да, кісілермен амандасқанда да сол жадырай күлген, мәз-мейрам болған жүзі еш өзгерген жоқ. Апыр-ай, мына кісі қандай жайдары еді, дедім іштей.
Артынан апамен жиі көрісетін болдық. Әсіресе, ойын-той кезінде ол кісі шат-шадыман күйге енеді. Түріне қарап, Үрзиба апа өмірінде еш қиындық көрмеген шығар деп ой түюге болатындай. Бірақ апа жүзінде сызат-сызат сызықтар, әжім салған кестелер бар-тын. Бірде ападан әңгіме сұрадым.
Басындағы ақ жаулығын бір түзеп тартып алып, әжім сызған жүзі әлдеқалай алабұртқан ол қандай әңгіме сұрап отырсың, балам деген. Апа, сіздің өміріңіздің бейнетті болғанын Жеңістен естігенім бар, бірақ сіздің мұңайып отырғаныңызды көрмеппін, әңгімеңізді балалығыңыздан бастаңызшы, дедім.
– Айналайын, қайдан мұңаяйын, баланың қуанышы, оның табысқа жетіп, ел-жұртқа танылғаны қуат береді ғой. Қазір қайда барсам да Жеңістің анасы деп жатады. Соған марқаямын. Балам өткенде 80 жылдығыңды Алматыда ресторанда тойлаймыз, дейді. Ойлап отырсам, ол тойға елдегі сыйластарым, қадірлес абысын-ажыным, көрші-қолаңымның барлығы қатыса алмайды екен. Келсе, бір оншақтысы ғана келер. Ал Сейдолла марқұм көз жұмғанда шиеттей 10 баламен қалып, қара жамылып отырғанда, осылай болады деп ойладым ба?! Сондықтан Жеңісіме: жоқ, балам, тойды ауылда жаса, дедім. Жан-жақтан достары жиналып, құрметтеп, астыма машина мінгізіп, төбемді көкке жеткізгендей болды. Сонда отырып, балалығым көз алдыма келді.
Ата-анадан 4 бала жастай жетім қалдық. Үлкеніміз – Шотай ағам 15-те, одан кейінгісі мен. Ағам есеймей жатып қой бақты. Жазғытұрым елден ұзап, колхоз берген киіз үйді тігіп қой бағып жүргенбіз. Қай жөнді үй баға алатын жағдайым бар, кішірекпін. Ағам үйленейін десе, жетім балаға ешкім қызын бермейді, әрі артында 3 сүйретпесі бар деп. Содан не керек, өлдім дегенде ағам келіншек әкелді. Сіңлім екеумізде ес жоқ. Жеңешемнің алдына түсіп жүгіріп жүреміз, тастап кетіп қалып, тағы жалғыз қаламыз ба деп қорқамыз. Үйдің ішіндегі жұмыстан өзге, қой төлдегенде көйлегіміз тоңғақ-тоңғақ болып, қозы бағамыз. Қозыларды көгендеп, аналықтарды тұсап қой да сауамыз. Киетін көйлек те жоқ қой, ауыстыра қоятын. Кешке жуып, таңертең қайта киіп, қозы соңынан жүгіресің. Бірде сол тоңғақ-тоңғақ көйлегіммен қозы бағып, далада ән салсам керек. Бізге үлкендер ешқашан төлге аяғыңды тигізбе деп үйреткен ғой, ұйықтап, жатып қалған қозыны қолыммен түртіп тұрғызып жібергенім сол еді, артымнан дауыс шықты. «Қызым, амансың ба, өзің әнші екенсің ғой. Үйдегі ақ көйлек киген жеңгең бе?» деп сұрады. «Иә, ағам ғой бағып жүр ғой», – дедім. Сөйтсе, басқарма алдында үйге барыпты, сонда кеш тұрған жеңешем отарға қосылмай ауылда қалған ақсақ қойды аяғымен теуіп қалыпты. Басқарма аға қой бағып жүрген ағама барған, ана келіншек саған жұп болып жарытпас, деп көргенін айтады ғой. Үн-түнсіз үйге келген ағатайым: «Мана үйге аттылы кісі келді ме, сен қойды қалай тұрғыздың?» деп сұрады. Жанымыз шығып барады, сол екі ортада ағамызға: «Ол разъездің қызы ғой, қойды қайдан білсін», деп шыр-пыр болдық. Содан ағам 5 жыл отасып барып, бәрібір ажырасты.
Тұрмысқа шықтым. Біздің кезімізде қазіргідей махаббат деп қосыла ма. Жеңгемнің әкесі күйеуімнің шешесіне менің құдашам бар, жасы 17-де, өзі момын, айтқаныңнан шықпайды деп өзі аға-жеңгеме келіп, біздің разъезде бір жігіт бар екенін айтып, әйтеуір сырттан пішілген тонмен танымайтын жігітке қосылдым. Жаз жайлауда жазылып жүрген басым, келін болып кіргенде разъездегі қазылған жертөлеге ендім. Жер хабар бермесін, енем сұмдық қатал болды. Тамақты кілт үйге қойып, кілтін шашының ұшына байлап қоятын. Таң-ертеңнен тұрып, ел жатқанша бір тыным көрмеймін. Істеген ісім көңілінен шықпайды, әрі сыртымда тұрған дүмді төркін де жоқ.
Бірде ағам келіншек алыпты деген хабар келді. Тойға барайын деп айту қайда, енем мен күйеуім тойға қатынасып қайтты. Жеңгеңнің дүниесі келді, ішінде бір масаты шапан, самауыр бар. Соның самауырын алып кел, деді. Ағамның үйіне барып, жеңешемді көрдім, қайтар уақытта енемнің самауырға жібергенін айттым. Обалы не керек, аға-жеңгем самауырды тұрбасымен қолыма ұстатты. Қуанышым қойныма сыймай, оны құшақтаған күйі үйге турасынан жаяу тарттым. Атқақтап соққан жүрегім қуанғаннан жарылып кетердей.
Сөйтіп жүргенде, күйеуім әскерге кетті. Мектеп көрмегенмін, хат жазу білмеймін, келген хатты көршінің баласы оқып береді. Шешесіне арнап жазады ғой, арасында сені жаман қатын ренжітпей ме, жаман қатын аман ба, деп сұрап қояды. Ол әскерде жүргенде темір жолға жұмысқа шықтым. Үш жарым жылдан кейін күйеуім әскерден келді. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір кештік, 54 жасымда 10 баламен жесір қалдым.
Енемнің қаталдығына жасып, көз жасымды ешкімге көрсетпей жылап алатынмын, сонда отырып, балалығым ба, кейін өзім келін түсіргенде осылай жасап, өшімді аламын ғой деп ойлайтынмын. Бірақ, қарғам, қазір ойлап отырсам, өмірден көп сабақ алған екенмін. Тарынғаным жоқ, бая-шая болып басылып та қалғаным жоқ. Соның барлығына шыдауға Алла қуат беріпті, балаларымның қуанышына тойсын дегені шығар.
Үрзиба апаның мінезінде мәрттік, ісінде кісілігі барлығына талай рет куә болдым. Ол кісі өзі тоғыз ай көтеріп өмірге алып келсе де, күйеуінің апасына берген баласы Болатты ешқашан балам деп айтып көрген емес. Тіпті Болаттың баласы үйленіп, келін түсіргенде шашу шаш дегендерге, жоқ, мен құдай алдында уәде бергенмін, өз апасы тұрғанда олай жасамаймын, деп баспай қойды. Мен ол баланың бейнетін көргенім жоқ, бағып-қақпадым, алақанға салып тәрбиелеген біреудің (жақыным болса да) баласын қалай иемденемін, ертең ана дүниеде не деймін, деген.
Сағыныш апа
Сағыныш апа кіндіктен жалғыз. Бірақ жазда Арқалықтан Зерендіге туған жеріне барған сайын ол кісі жалғыз оралған емес. Ере келген туыстың баласы (кейде 2-3-уі) бірнеше жыл қатарынан осы үйде жатып, оқып, дипломын алып ауылдарына қайтып жататын. Өз басым осы конвейердің тоқтағанын көрген жоқпын. Қашанда болсын қаланың үш бөлмелі пәтері босап көрген емес. Өмірінің соңына таман ол кісінің анасы – Рахима апа бірге тұрды. Қолынан ине-жібі түспей, құрақ құрап, ою ойып үнемі іспен айналысатын. Ал Сағыныш апа тоқыған кесте кілемдерді айтсаңызшы. Көзіңізді ала алмай, қалай қолыңыз сипап кеткенін байқамай қаласыз.
Сағыныш апа өмірінің тарихы да еліміздің тарихымен тұстасып жатыр. Бірде жылай, бірде күле отыра әулетінің шерлі шежіресін шерткен ана сөзіне құлақ түрейік.
Аталарымыз Қарауыл ішіндегі хан Кенеге ақылшы болған Бөгенбайдан тарайды екен. Ал анамның әкесі Сары Қозған Жәпек бай осы Бөгенбай тұқымы Әбжанмен бесік құда болады. 1928 жылы байларды кәмпескелеген тұста, бір түнде қашқан Жәпек құдасы Әбжанға келіп, екеуміз құдай алдында құда болып едік, енді балаларды айырмайық, Рахима сендерде қалсын, деп Әбжан үйіне қызын тастап кете барады. Содан ол тұқымның бар-жоғынан күні бүгінге дейін хабар шыққан жоқ. Анам Әбжан атасының үйінде бой жетеді, одан Нұрымжанға қосылып шаңырақ көтереді. Бірақ, арада неше жыл өтсе де бір перзент көтермей қояды. Енді басынан күнде таяқ кетпей, енесі Қази: «Сенен лақтаған ешкі артық», деп тепкілеп отырады. Анам байғұс: «Көрген күнім күн емес, тозаққа айналды. Күйеуім жүріс жүріп, ақырында соғыс уақытында өзі басқарма бола тұра, үйдегі ата-енем мен саған деп жиналған егістіктен масақ тергенім үшін соттатып жіберді. Сондағысы бір кесе дән еді. 6 жыл түрмеге кесіліп кете бардым. Сені қайтып көремін деп ойлағаным жоқ», деп жылайтын. Анам түрмеде болғанда мен де небір қиындықты көрдім. Әкем іле басқа әйел алды. Мені үйімнен оқытамын деп, әкемнің қарындасы алып кетті. Таңертең ел ұйықтап жатқанда тұрып, иінағашқа қос шелекті іліп алып су тасимын. Мал жайлап, от жағып, шай қойып үйдегілерді оятамын. Одан оны жинаймын, кір жуамын, мал суарамын, үйдегі жұмысты аяқтап, енді мектепке барайын десем, бірге оқитын балалар үйлеріне қайтып келіп жатады. Осылайша 3 жыл мектепке бармадым. Осы кезеңде ешқашан қазаннан өзіме арнап құйылған ас ішкен жоқпын. Апамның балалары көп, солардан қалғанын самауыр артындағы бір кесеге жинап отырады. Барлығы ішіп болды-ау дегенде сол жуындыны құйып беретін. Ішпеймін дейтін қайран жоқ, ашсың, сөйтіп жүргенде түрмеден босап шешем келді. Әжем марқұм ол қатын жаман, оған жолама, деп кездестірмейтін. Ақыры бір күні қашып кеттім. Ел іші, бала елден кетпесін деп, әйелі қайтыс болған бір ағайынға шешемді қосты. Құлымбай әкемнің қайтыс болған екі әйелінен 8 бала қалған екен. Шешем барлығын аялап, бақты, енді жалғыз емес, маңайымда тумаса да туғандай аға-інілі, апа-сіңлілі болып қалдым. Өзің көретін Арқалықта қолымда өскен Сәуле сол бір бауырымның қызы еді. Қазір қарап отырсам, қолымнан келгенше көп адамға көмегім тиіпті.
Әкемнің жасаған жақсылығы оқымаған сыныптарымды оқыды деген қағаз алып берді. Шешемнің қолына келіп, жетіншіні тәмамдап, техникумға оқуға түстім. Жолдамамен енді салынайын деп жатқан Арқалық ет комбинатына жұмысқа келдім. Бухгалтер болдым. Одан түсті металдар сынығын жинайтын мекеменің директоры, зейнеткерлікке шыққанша облыстық диспансерде шаруашылық ісін басқардым. Шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Қабдылбек екеумізге Алла тағала Алмагүл, Ризагүл есімді екі қыз берді. Тағдырымды құдағиыма жылап айтқанымда, Үрзиба құдағи ұл немере өздеріңдікі деп еді. Сол уәдеде тұрып, Олжасты кішкентайынан бауырымызға салдық.
Екі жарым жасқа келгенде Олжас оңбай күйді. Бір самауыр ыстық су үстіне құлап кетіп, Олжасыма 10 рет ота жасалды. Қазір зіңгіттей жігіт болған құлыныма қарасам, көзім тояды. Содан қой, Олжас бөтенсіп кетер деп, оны Алматыға жібердік. Бірақ отыра алмай Олжастың соңынан өзіміз де Алматыға көштік.
Басқа жарымаған басым, Алмагүл мен Ризагүлге неше бала болса да туа беріңдер, өзім бағып беремін, дедім. Алмагүл мен Жеңісте 2 қыз, 1 ұл, Ризагүл мен Ғабитте 2 қыз, 2 ұл. Барлығын бірге жүріп бағыстым, қазір төрт немерем жұмыс істейді, үшеуі мектепте. Ғабиттер Алматыдан Астанаға көшкілері келетінін айтқанда үйде отыра алмай осылармен бірге келдік. Ғабит үй тұрғызып жатқанда ең болмағанда сорпа-суын дайындап отырайын деп. Осында жүріп, Жеңісті ойлаймын. Түнде кеш келген тықырын естігенде таңертең ерте тұрып, сорпа пісіріп қоятынмын. Осында жүріп: «Ой, менің жағдайымды апамдай ұғатын адам жоқ», деп қоятыны есіме түсіп, еріксіз жымиямын.
Өткен жылы анасының тойын жасағанда, кейбіреулер әдейі ме, қайдам, ұлы бардың аты ұлы бар деп қалды. Сонда жанарымдағы жасымды байқап қалған болса керек, Жеңісім: «Апа, келер жылы Зерендіге барып, ата-бабаңызға құран оқытып қайтасыз, уәде беремін» деген құшақтап. Енді хабар айтыпты, маусымда барып ас береміз деп. Соған Үрзиба құдағиым да келмекші, тәубе!
Өмірімнің бас кезінде, жас кезімде, балауса балғын тұсымда көп қиындық көрдім. Бірақ бал-құрақтың сынбай иілетіні тәрізді, қанша ауыртпалық көрсем де жапырылмай осы күніме аман-есен жетіппін. Тағдырыма өкпем жоқ. Жүрген жерімде өзім де маңайымды сыйлап, аралас-құралас болған адамдарымды ұмытқан жерім жоқ. Құдайдың берген қос қызына да, екі күйеу балама да, құдаларым мен құдағиларыма да ризамын, дейді Сағыныш апа.
Сөз соңы
Сыйластық. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сыйласып, құдандалы жұрттың бір-бірімен бал жаласып, татулықта болғанына не жетсін! Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, ғаламдық өлшеммен 75 жыл өмір сүрген адам 2 жарым ғана минөт өмір сүргендей екен. Осы 2 жарым минөт ішінде қаншама адамның көңілін қалдырып үлгердік, ойландық па? Ал сыйластықтары көпке үлгі болғандай қос құдағи бір-бірін көруге асығады да тұрады. Лайым осындай құдағилар саны көбейсін!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––––
Суретте: құда-құдағилар – Қабдылбек, Сағыныш, Үрзиба Жеңіс баласымен.