АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

КӨШЕДЕГI ҚАЙЫРШЫ ӨЗIМIЗГЕ СЕС КӨРСЕТТI

images (1) Биыл демалыстан оралған Мәжіліс депутаттары күзде отыздан аса заң жобасын қарап шығулары тиіс екендіктерін жарыса сөз қылды. Бір таңқаларлығы, Үкімет ұсынған заң жобасын қараған халық қалаулылары бір нәрсеге асыққандай сол заңды кейде бірінші оқылымда қабылдай салады.
   Сондықтан болар, бізде шалажансар, орындалмай, қағаз жүзінде қалатын заңдар к өбейіп барады. Соның бірі — көшеде көрінгенге қол жайып жүретін қайыршыларға қатысты өткен жылы қабылданған заң. Ол заң күшінде болса, көшеде қайыршы атаулы көрінбеуі тиіс.

Бірақ бізде барлығы керісінше болып жатыр. Заңға бағыну былай тұрсын, оған пысқырып та қарамайтындар көбейіп барады. Оған Астана мен Алматы көшелерінде ойыншықты құндақтап алып қайыр-садақа сұрап жүргендер дәлел болса керек.
   Қуыршақ құндақтағандар болмағанымен өткен-кеткенге қол жайып отыратын қайыршылар Оңтүстікте де жоқ емес. Тіпті басқа өңірге қарағанда көп десе де болғандай. Әсіресе ондайлар соңғы кезде Шымкент пен Түркістан қаласында және Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында көбейіп барады. Жуырда біз Келес өңірін аралағанда Абай ауылында осындай келеңсіздіктерді көптеп кездестірдік.
   Базар мен автобекет аумағында қол жайып жүргендер мен отырғандардың көптігінен оларды өзіңнің айналып өтуіңе тура келеді. Бірақ бұлар шынымен күн көре алмай жүрген қайыршы емес секілді. Себебі есімдерін сұрап, өзін суретке түсірмекші болсаң орнынан тұра қашып кетеді. Тіпті лауазымды қызметте отырған біреулердің атын айтып, сес көрсететіндері де бар екен.
   Базардың кіре берісінде отырған екі адамның бірі бізді көрген сәтте орнынан тұрып, кетіп қалды. Ал өзін Қаратал ауылынан келген Рақым деп таныстырған азамат: «Полицияда баламдай болып кеткен жігіт бар. Ол маған өзімнен туғандардан артық көмектеседі. Ешкімге тиістірмейді. Біреу тиісетін болса соған айтам, ол кез келгеннің қалпағын қайырып қояды. Саған өзі не керек? Жайыңа жүр, әйтпесе сол балама айтып беремін», – деп сес көрсетті.
   Соған қарағанда, қайыршылардың да полиция мен әкімдікте «көкелері» бар ма деген ойда қалдық. Әйтпесе қабылданған заң аясында неге жұмыс жасалмайды? Темекі тұқылын көшеге қашан тастайды деп қарапайым адамдардың соңынан аңдығанша, полиция қызметкерлері көз алдарында заң талаптарын бұзып жүрген қайыршыларды тәртіпке шақырса болады ғой.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

http://zamana.kz/