Астана. 19 желтоқсан. BAQ.KZ — Дүниеде уақыттың әмірі жүрмейтін құдірет табылатын болса, ол құдіреттің бірегейі – өнер. Адамның өмірі шектеулі болғанымен, өнер шексіз. Ғасырлардан-ғасырға адам ауысады. Алайда олардың қолынан шыққан ғажайып өнер туындылары, сезімінен туған әндері мен күйлері, тылсым сырға толы сәулет және кескін өнерінің жауһарлары, сазды әуеніне сүйемел болар музыкалық аспаптары қалады. Ұрпақ пен ұрпақты саз жалғастырады, өнер байланыстырады.
Ал тумысынан ақынжанды қазақ үшін өнердің орны бөлек. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген ақын сөзінде шындық бар. Қасиетті тілімізден бастау, рухымыздан қуат алған ұлттық музыкалық мұрамыз, ұлттық нақыштар мен ою-өрнектерден өзек тартатын кескін өнері қазақтығымызды сақтауымыздың да бірден-бір кепілі. Сондықтан өнеріміз өрісті, ойымыз келісті болсын дей отырып, елден қиыр жайлап, шет қонған қандастарымыз жайлы бірқатар ойларымызды орайы келіп тұрғанда ортаға салғанды жөн көріп отырмын.
Ұлттығымызды да, мемлекеттігімізді де баянды етудің төте жолы – туған тілімізді сақтап қана қоймай, оны заман қажетіне сай үздіксіз дамытып, жетілдіріп отыруда. Өйткені тіл бірлігі болмай, ел бірлігіне қол жеткізу қиын.
Әрине, осы уақытқа дейін тіліміздің өрісін ашу бағытында қыруар шаруалар атқарылып келеді. Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, тіліміздің жағдайы көш ілгері екендігі сөзсіз. Еліміздің орта мектептерінде қазақ тілінде білім алушылардың саны жетпіс пайыздан асуы үлкен үміт күттіріп қана қоймайды, сонымен бірге таразы басының қазақ тіліне қарай ауғанын, болашақта бар салада үстемдікке ие болатынын айдан анық көрсетеді. Дегенмен, әлі күнге осы салада шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы оларды үздіксіз көтеріп келеді, көтере береді де.
Енді ерекше назар аударуды қалайтын мәселенің бірі – шетелдегі қазақтардың тағдыры. Қазіргі кезде қазақтың үштен бірі, яғни 5 миллион қазақ шет елдерде мекендеп жатыр. Бұл бір орташа мемлекеттің халқына парапар халық. Сондықтан бізді сырттағы қандастарымыздың тағдыры ерекше алаңдатуы тиіс. Алаңдауға негіз де жетерлік. Бұрын қазақтардың басым көпшілігі қоныстанған Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елдерінде қазақ мектептері жұмыс істейтін. Соның арқасында қара орман жұрт қазақтықтарынан ажырамай, тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап келген еді. Қазіргі кезде Ресейде бір миллионнан астам қазақ тұрғанына қарамастан, қазақ тіліндегі мектеп тұрмақ, қазақ тілі дейтін пән де оқытылмайды. Соның салдарынан Ресей қазақтарының ересектері болмаса, кейінгі жастары қазақ тілінен ада қалуға бет алды. Ал Қытай, Өзбекстан, Моңғолияда да қазақ мектептері барған сайын қусырылып келеді. Бірте-бірте олардың да Ресей қазақтарының кебін құшатыны сөзсіз. Ақиқатқа тура қарасақ, шеттегі қазақтардың барлығының Қазақстанға толық көшіп келе қоюы неғайбыл. Мысалы, Ресей қазақтарына келем десе ешқандай кедергі жоқ. Түркия, Еуропа қазақтарының да жылы орындарын суытқысы келмейтіні түсінікті. Сондықтан көші-қон ісін қайта жандандырумен бірге, шеттегі қазақтардың сол тұрғылықты жерінің өзінде қазақ тілі мен қазақтығынан ажырап қалмайтындай жағдайын ойластыру өте маңызды.
Шетелдегі қандастарымызбен қарым-қатынас жасауды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына ғана тапсырып, қалғанымыз қарап отыруға болмайды. Қауымдастық – қоғамдық ұйым. Оның көп мәселені шешуге келгенде қауқары жете бермейді. Соңғы кездері ресми мекеме Көші-қон комитетінің де жұмысы түсініксіз болып кетті. Басы жақсы басталған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының да аяғы сұйылды. Мұның соңы көштің біржола тоқтауына әкелді.
Сырттағы бес миллион қазақтың арқа сүйері де, үміт етері де атажұрттары Қазақстан екені сөзсіз. Олардың тағдыры Қазақстанды бейжай қалдырмауға тиіс. Өтіп жатқан шаралар да, шетелдегі қазақ оқушылары арасында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі Қазақ тілі олимпиядасы да, үлкен-кіші құрылтайлар да осы бағыттағы игі істер екендігінде сөз жоқ. Бірақ бұлар аздық етеді. Бұл орайда кешенді шаралар қажет, жүйелі істер атқарған абзал.
Біз көбінесе Ресейдің ісін қайталауға құмармыз ғой. Осы орайда Ресейдің шетелдегі диаспораларына қатысты әрекеттерін үлгі етсек болады. Онда шетелдердегі орыс диаспораларымен қарым-қатынасты жүйелі жолға қою үшін министрлік деңгейіндегі арнайы «Россотрудничество» дейтін ресми федералдық агенттік жұмыс істейді. Одан бөлек ондаған институттар, қорлар қызмет атқарады. «Русский мир» қоры арқылы шет елдерде орыс тілі мен мәдениетін насихаттауға бюджеттен миллиардтаған қаржы жұмсалуда. Сондықтан біздің елімізге де шет елдердегі бес миллион халықтың мәселесімен айналысатын арнайы ресми мекеме ашу қажет. Мұны қазір орайы келіп тұрғанда құрып алмасақ, бірнеше жылдан кейін Еуразиялық одақ әбден күшіне мінген кезде мұндай мекеме туралы ойлаудың өзі мұң болуы мүмкін.
Баланың қазақ тіліндегі мектептен білім алмай қазақ тілінің уызына жаруы мүмкін емес. Бұл еліміздің ішінде де, тысында да үлкен мәселе болып отыр. Қытай, Өзбекстан, Моңғолия елдеріндегі қандастарымыздың ішінен өнерпаздардың көптеп шығуының өзі де оларда қазақ мектептерінің сақталуында, қазақ мектептерінен білім алуында екенін бәріміз білеміз. Ал миллионнан аса халық тұратын Ресейде бірде-бір ақын не жазушының шықпауын тікелей осы қазақ мектептерінің жоқтығымен түсіндіруге болады. Яғни тілінен айырылған халық рухани бедеулікке ұшырайды екен.
Сондықтан Қазақстан Үкіметі өз елімізде орыс тіліне жасалып жатқан жағдайларды, орыс тілінде білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының мұртын бұзбай сақтап отырғандарын алға тарта отырып, дипломатиялық тетіктерді іске қосу арқылы Ресей билігінен қазақтар тығыз қоныстанған аймақтардан қазақ мектептерін ашу, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бөлімшелерін ашу мәселесін көтеру қажет. Сол секілді Қытайда, Өзбекстанда да жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды қолға алған жөн. Бұған қол жеткізе алмаған жағдайда «Қазақ-түрік лицейлерінің» үлгісін пайдалануға болады.
Қазақтар мекендеп жатқан шет елдерде Гете институты секілді «Абай үйлерін» ашудың да маңызы зор болар еді. «Қазақ тілі» қоғамы Қазақстанның шетелдегі елшіліктеріне осы «Абай үйін» ұйымдастыру мәселесін қойып келеді. Алайда әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу үшін шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізудің жаңа тәсілін реттейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаудың кезі келген секілді. Сонда осында айтылған мәселелердің бәрі қамтылып, жауапты мекемелері белгіленіп, тиісті қаражатпен қамтамасыз етіліп, жүйелі жұмыстарға қол жетер еді. Осы ұсыныстарды тиісті мекеме басшылары ескерер деп үміттенемін.
Өмірзақ Айтбайұлы,
академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті