АЛТЫНОРДА
Новости

Көшпенді тайпалар мәдениетінен сыр шертер 2 оба табылды

434_9c795f27c0a0b7605b5cf079658164b3Астана. 26 шілде. Baq.kz – Оңтүстік Қазақстан облысында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан ғалымдар іргесі бұзылмаған екі бірдей обаның орнын тапты.  

Археологтар бұл қабірлер тарихы аз зерттелген қаңлы тайпаларына тиесілі деп отыр. Мүрденің ішінен аршып алған әшекей бұйымдар мен таңбалы қыш құмыралар көшпенді тайпалар мәдениетінің жоғары деңгейде дамығанын көрсететіндігін айтады мамандар.

Арыс өзенінің бойындағы көне Күлтөбе қорымының 2000 жылдық астам тарихы бар. Соған қарамастан қабірдегі сүйектер жақсы сақталған. Археологтарды қабірдің ішкі ерекшелігі қызықтырды. Қорым кіреберіс, доғал есік және ішкі бөлме болып 3-ке бөлінген. Оның тереңдігі — 5 метр. Жерленген адамдардың қасына ыдыс-аяқтар мен қару-жарақтар бірге көмілген.

Александр ПОДУШКИН, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

— Қорымнан табылған күлсалғыштың екі жағын да пайдалануға болады. Оны қайтқан адаммен бірге көмуінің де өз ерекшелігі бар. Сол кездегі діни наным-сенім бойынша, арғы дүниеде бұйымдарды қажетіне жаратады деп есептеген.

Қорымнан аршып алынған әшекей бұйымдар мен қару-жарақтарға қарап, бірінші қорымда 2 әйел мен жас баланың, ал, екіншісінде 5 бірдей ер кісінің жерленгенін байқауға болады. Жандарына әшекей бұйымдар, құмыра, садақтың оғы мен су ішетін ыдысты да қатар қойыпты. Талай жылдардан бері қазба жұмыстарымен айналысып келе жатқан Полат Фазылов мұндай көне бұйымдарды кездестірмегенін айтады.

Полат ФАЙЗУЛЛАЕВ, археолог:

— Басқа қазбалардан ерекшелігі бұл жерде сүйектер ірі ер адам екенідігі анық байқалады. Іші бесік тәрізді. Садақтың бас жағы, одан кейін құмыра мен су ішетін ыдыс, күмістен және тастан жасалған моншақ, тіпті құрбақа пішінді әшекей қойылған.

Ғалымдарды қызықтырып отырған — құрбақа пішіндес әшекей бұйым. Себебі, ол замандарда мұндай су және теңіз жәндіктерінің бейнесі тек Мысыр елдерінде ғана қолданыста болған. Тарихшылар ойынша, соған қарап қаңлылардың өзге тайпалармен байланысы болғанын, мәдениеті жоғары дамығанын көруге болады.

Мастура САТЫБАЛДИЕВА, ҚР Мемлекеттік орталық мұражай археологиялық орталығының жетекшісі:

— Бұл жерден сонау Мысыр елінен әкелінген әшекей бұйым табылды. Ол — фаянстан жасалған бақаның кішкене мүсіні. Бақа — біздің дүниетанымымызда да, көптеген шығыс халықтарының түсінігінде де тазалықтың белгісі және су. Басқа да елдермен тығыз қарым-қатынаста болғанының бірден-бір дәлелі.

Археологтар көне Күлтөбе қалашығының маңында талай жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында табылған құнды жәдігерлер ұлттық тарихымыздың көкжиегін кеңейтіп, жаңа тарихты қалыптастырады.

24kz