АЛТЫНОРДА
Новости

ҚОЖА ЕЛУГЕ ТОЛДЫ

56e7bba35bb43115dafeb7956cf2fe00 (1)Қазақ балаларына арналған алғашқы фильм «Менің атым – Қожаның» түсірілгеніне 50 жыл болды. Осынау айтулы шара қараша айының алғашқы күні Алматы қаласында тойланады. 

Мерекелік шараның редакциялық комиссиясының мүшесі Айнұр Исаева дайындық жұмыстарының қызу жүріп жатқанын айтты. Тарихи туындыға тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде мән беріп отыр. Себебі көз көргендер киноның шығармашылық ұжымының кейінгі тағдырының мылтықсыз майдан жағдайында өткенін айтады: Фильм туралы сыңаржақ пікірлер Канн фестивалінде Бас жүлдені қанжығасына байлағанға дейін тиылмағанын айтады.

Бір қызығы, өз фильмі­нiң Канда жүлде алғанын сол сәтте режис­сер­дiң өзi бiл­меген екен. Канның жүлдесін алуға Францияға Абдолла емес, Қазақфильмнің өзге басшылары барған. Қайран қазақы орта аймаңдай ұлдарына Франция сапарын да қимапты. Біз бұл жайлы балалар жазушысы Сейфолла Оспаннан естідік. Қос оғланымызға деген қазақ қоғамының қысастығы мұнымен шектеліп қалмапты. Бердібек пен Абдолланың қасында жүрген, солардың сарқытын ішкен ақын ағамыздың айтуынша, Канда үндінің белгілі режиссері Радж Капур киноны көріп, Бердібек пен Абдоллаға қатты ықыласы түсіпті. Тіпті Абдолламен бірге жұмыс істеуге ықылас танытып, режиссерге Мәскеудегі Үндістанның елшілігі арқылы шақыртуға жіберген. Бірақ біздің жақта кейбір адамдар сол кезде жер басып жүрген Қарсақбаевтың әлдеқашан «о дүниелік» болып кеткенін айтып, сыпайы түрде қарсылық білдірген. Бірақ өтіріктің құйрығының бір-ақ тұтам екені ат айналмай жатып белгілі болып қалыпты. Себебі сол бір жылдары Ташкент қаласында өткен кезекті өнер фестивалдерінің бірінде Радж Капур мен Абдолла Қарсақбаев аяқастынан кездесіп қалған. «Өлді» деуге қимай жүрген әріптесінің жер басып, тірілердің қатарында жүргеніне аң-таң болған үнділік режиссер «Жерден шықтың ба, көктен түстің бе, сен туралы «өліп қалған» деген жаманатты хабар Үндістанға жетті ғой » деген екен.

– «Екеуінің құшақтасып түскен суреті «Жаңа фильм» журналының 1970 жылдардан бергі нөмірінде Азия –Африка елдерінің кино фестиваліне арналған мерекелік нөмірлерінде жарияланды. Егер іздестірсеңдер, ұлттық кітапханада сақталуы әбден мүмкін. Оны іздеп, кітабыма қолдануға менің денсаулығым көтермеді. Абдолланың тума таланты тек бізде ғана емес, орыс режиссерлерінің де қызғанышын тудырды. Абдолла ағамызға тек бізде ғана емес. Жұмыс бермеді немесе талантының бар қырын ашып танытуына мүмкіндік бермеді. Абдолла мен Бердібек ағаларымыз тақырыпқа, сценарийге «ашығып өлді» дейді Сейфолла аға.

Атақты Қожаны түсіру кезінде екінші режиссер болғанын жұрт­тың бірі білсе, бірі білмейді. Ол аза­маттың есімі – Тұрар Дүйсебаев. Бір сұхбатында айтуынша, ол кісіге «Менің атым – Қожаның» екін­ші режиссері болуға өтініш білдірген Абдол­ла Қарсақбаевтың өзі екен. Ал Абдолла Қарсақбаев пен Бер­дібек Соқпақбаевты таныстырған белгілі жазушы Тахауи Ахтанов. Бердібек Соқ­пақ­баев алғашқыда өз повесіне сценарий жазу­ға бата алмаған екен. Б.Соқпақбаев жұмысында отыр­ған кезде бiреу қоңырау шалады. Телефонды Т.Ахтанов көтеріп: «Өзiң келсеңшi, мында Бердiбек те отыр. Не нәрсенi де шешуге болады ғой» деп тұтқаны қояды. Содан кейiн «Бердiбек, сен осы ана балаларға арналған шығармаларыңды киноға бейiмдесең қалай болар едi? Мен жаңа Абдолла деген режиссердi шақырып қойдым. Кино жағынан ол үлкен талант. Саған нағыз таптырмайтын адам» дейдi.

Менің атым –Қожаның кітаби нұсқасы мен әдеби нұсқасының арасында кейбір өзгерістер бар екенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі: Мысалы, Қожаның ғарышкер болып қиялданатын тұсы – режиссер мен жазушының бірлескен шығармашылық альянсының жемісі: Кейінірек, Бердібек Соқпақбаев оңаша әңгіме кезінде «Киноның бағын Тахауи Ақтанов ашты. Ол кездеспегенде, туынды мұндай деңгейде шығар ма еді» дегенді айтыпты.

– Бердібек Соқпақбаев сотқар балаларды сүйікті кейіпкер ету арқылы балалар әдебиеті тарихында, педагогика әлемінде үлкен төңкеріс жасады. Сондықтан екеуі де балалар тәрбиесінде батыл қадамдарға барған реформатор ретінде бағалануы керек,  –дейді Сұлтан Қалиев.

Сабаева Гүлбаршын

http://www.aikyn.kz/articles/view/32446