ерекше аймақ. Оның айтып тауыса алмайтын «жырлары» көп. Соның бірі еңбек адамдарының тапқан табысы, қоғамның, мемлекеттің еңбек адамдарына көрсетіп отырған құрметі.
Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өзіңіз білесіз! Мақтаарал ауданынан 33 Социалистік Еңбек ері шығыпты. Бірнеше адам Жоғарғы және республикалық Кеңестердiң депутаты болып сайланыпты. Бұл қалай мақтанса да болатын көрсеткіш. Мақтааралдың даңқты перзенттерiнiң есiмдерi аудан тарихында алтын әрiптермен мәңгi жазылып қалған.
Еңбектiң ерен үлгiсiн көрсеткендердің арасында «Мақта өсiрудiң академиктерi» атанған Шаблан Дiлдәбеков, Жолдасбай Ералиев, Жұмагүл Сәуiрбаева, Дiнәсiлбек Бөртбеков, Әжiхан Есқараев, Жолбарыс Қалшораев, Қыстаубай Аманов, тағы басқалары бар. Ел ешқашан ұмытпайтын есімдер!
Аудан мақташыларымен мақтанады. «Ата кәсiп» дейді мақта өсіруді. Оны жалғастырып келе жатқан жастардың да қарасы мол. Алтын арқауды үзбей келе жатқан әулеттер ауданда жүздеп, тіптен мыңдап саналады..
Жақында «Шаңырақ» отбасы клубы ұйытқы болып, «Еңбеккердiң мерейiн асыратын мереке» деген тақырыпта кеш өткізді. Еңбексүйгiш отбасылар кешке әулетімен келіпті. Арнайы шақыру алыпты. Олар жастармен кездесті. Байқауға қатысты. Қазыбек би ауыл округiнде тұратын Еркiн Ботабековтiң отбасы «Еңбек әулетi» деген атаққа ие болды.
Бұл жиынға ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын ерлi-зайыпты Аюбхан, Злиха Әбдiрахмановтар отбасы да шақырылыпты. Олар өздерiнiң ата кәсiптерi жайлы әңгiмеледi.
-«Еңбек қылмай ер оңбас, бiрлiк қылмай ел оңбас» деген сөзді халық бекер айтпаған.Адал, қажырлы еңбек қана адамды үлкен абырой-беделге, құрметке бөлейдi. Ерiнбей еңбек ету арқылы тұрмысың түзелiп, бай, қуатты боласың. «Елдi ел ететiн–еңбек, еңбек бәрiн де жеңбек» деген қағида осыған байланысты айтылған деп ойлаймыз,-дейді Әбдірахмановтар отбасының мүшелері.