АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ.МАҚТАШЫЛАРДЫҢ «МҰРЫН СІҢБІРУГЕ» УАҚЫТТАРЫ ЖОҚ

   d7d6a9589b3a4f47423d3fe1ef092de2_XL Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының жақында тағайындалған әкімі Бейбіт Атамқұлов Мақтаарал ауданын аралап қайтты. Ауданмен танысты. Мақташылармен әңгімелесті. Диқандардың проблемаларын майшаммен қарады. Біраз мәселені шешіп берді. Кейбір проблемаларды қалай шешу керектігі туралы әңгімеледі. Сөздің шыны керек. Жаңа әкім ауданға дер кезінде барды.

    Облыс әкімі… Қазір ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер алдына фартук байлап, ең болмаса бір сағат, немесе бір күн мақта теруге шықса ғой…

    Оңтүстiк Қазақстан облысында мақта жинау науқаны қызып тұр. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметтерге қарағанда науқан жоспарланған деңгейде өтіп жатыр. Шаруалар өсірген өнімдерін дер кезінде жинап алу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуде. Қажырлы еңбек өз жемісін беріп жатыр. Былтырғы жылғымен салыстырғанда биыл өнім көптеу, диқандардың  табысы молдау болатынға ұқсайды.

   Облыстағы негізгі «ақ алтын» өсіретін аймақ-Мақтаарал ауданы. Биыл мұнда диқандар   94 мың гектар жерде  ақ ұлпа өсірді.  Аудан мақташылары биыл 230 мың тонна «ақ алтын» жинаймыз деп  отыр. Оның 100 мың тоннасы шетелге экспортталады. Бұл-орындалатын жоспар.

    d7d6a9589b3a4f47423d3fe1ef092de2_XL  Дәл қазір мақтааралдық мақташылардың көңіл-күйлері жаман емес. Ж.Ералиев ауылдық округiнде  «Ақ алтын» АҚ-ына қарасты мақта қабылдау бекетi бар. Ол «Луи дрейфус Коммодитиз Қазақстан» серiктестiгi деп аталады. Сонда  мақтаның бір  келiсiн жылдағыдай  70 теңгеден емес, 100 теңгеден қабылдап жатыр. Бұл жаман баға емес.

     Осы арада айта кетуіміз керек. Ауданда мақта алқабы өткен жылдардағыдан  28 мың гектарға қысқарды. Бірақ өнімділікті арттыру есебінен жиналатын мақтаның жалпы көлемін азайтпақшы  емес.         

     Шаруалар ауылшаруашылығын әртараптандыруға талпынып жатыр. Бұл бір жағынан суды үнемдеуге мүмкіндік бере бастады. Көрші   елдiң каналына тәуелдiлiк сәл де болса азайды. Мақтааралда  «ақ алтын»  алқабын суару үшiн бір жылда  700 мың текше метр ағын су қажет екен. «Ақ алтыннан» пайда табу үшін суды үнемдеу, мақта тұқымын жетілдіру, жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдерін өсіруді молайту қажет екенін диқандар жақсы түсініп отыр.

   Мысалы, «Арсенал сад» және «Қаршыға тау» шаруа қожалықтары суды үнемдеу үшiн бау-бақшасына Еуропадан әкелiнген көшеттер екті. Егістікті тамшылатып суару технологиясын пайдалануда. Олар алдағы екi жыл iшiнде жемiс сақтайтын қойма салмақшы. Сыйымдылығы 1300 тонналық қойманың құрал-жабдықтарын Италиядан сатып алу үшiн келiсiмшарттар жасап жатыр. Шаруа қожалықтары жүзiм, алма, алмұрт, қауын егiп, өнiмдi шетелге экспорттауда. Жемiстерiн шетелдерге  сатуда. Сөйтіп, олар Қазақстанда өсірілген  өнiмге сұранысты арттырды.

      Мақтаарал ауданында 350 мың адам тұрады. Осыншама халықтың негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру. Мысалы, мақтаны өсіріп қана қоймай, оны өңде барып сату  керек. Сонда табыс та молаяды.  Осы мақсатта  ауданда  индустриалды аймақ құрылған. Онда жақын жылдарда  12 қайта өңдеу кәсiпорны салынады деп жоспарланған. Қазір ауданға инвесторлар  шақырып жатыр. Инфрақұрылымдық жүйелер тартылуда. Өңдеу кісіпорындарында халық тығыз қоныстанған аудандағы мыңдаған азаматқа жұмыс орны ұсынылмақшы.

    Мақтаарал   тұрғындарының тұрмысы жап-жақсы деп есептелетін аудан. Дегенмен, мұнда  шешiмiн таппаған мәселелер де  көп. Аудан халқының 80 пайызы «көгiлдiр отынға» қол жеткiзе алмай отыр. Ауызсу мәселесi де толық шешiлмеген.

    Шаруалар үшiн өте өзектi  тағы да бiр мәселе  бар. Ол-– субсидия. Қазiр 1 гектар жерге   20 мың теңге көлемінде ғана субсидия беріледі. Оның өзiн кәсiпкерлер екi бөлiп алады. Облыстың  жаңа әкімі осы, басқа да мәселелерге зер салды.

    Ауданда қазір диқандардың «мұрын сіңбіруге» уақыттары жоқ. Мақта жинау науқаны келді дегенше той-томалақ та азаяды. Барлық күш өсірілген өнімді жинап алуға жұмылдырылады. Тіпті, қазір аудандық әкімдіктен  іздеген адамыңды таппай қалуың ғажап емес. Бәрі мақта жиналып жатқан алқаптарға кеткен болуы мүмкін. Оңтүстікте  осындай. Өсірілген өнімді қардың астында қалдырмай жинап алу үшін күн демей, түн демей жұмыс істейді. 

    Науқан келді дегенше ешкім «темекі де шекпейді», насыбай да атпайды…  Уақыт тапшы. Аспанға бұлт үйірілді дегенше мақташының қабағы түйіліп кетеді. Қазірше… Алла-тағала абырой беріп, ауа-райы қарасып тұр. Бірақ түнде күн салқындап, таңертең мақталыққа шық түсіп қалып жүр.