Абай ОМАРОВ (коллаж)
Құрылысқа келгенде Қарағандыны ұлу жылы ұятқа қалдырды. Болары болып, бояуы сіңген дүниені айтып, Қарағандының қара қотыр жарасын қайта қасып қанатқалы отырған жоқпыз. Бірақ көптің көкейінде күмән қонақтап қалғанын айтпасқа болмас. Қазір құрылысқа жұрт күмәнмен көз салады. Ол күмән күтпеген жерден кеудені кеулеп алды. Былтырғы жылы қалпақтай ұшқан тұрғын үйден соң тұрғындар жаңа құрылыс атаулыға адырая, тосырқай қарай бастағаны рас. Күмән үміт секілді емес… Жылт ете қалатын. Күмән көкіректе талайға дейін тұрақтайды екен. Қанша қуаласаңыз да, қуғындасаңыз да, оңайлықпен шыға қоймайды.
Сол күмәнді қуалап, көңілден көшіре алмай жүргенде, БАҚ-та бажылдаған тағы бір ақпарат жарыққа шықты. Ашылғанына бар-жоғы 2, 5 жыл ғана болған Теміртаудағы «Ақ тілек» балабақшасының қабырғасы қара басып қақырап қалыпты. Гу-гу емес. Шенеуніктердің шекесінен шып-шып тер шығарған шыжық – шындық. (Бұл туралы басылымымыздың өткен санында ақпарат бергенбіз). Салтанатты түрде «лентасы» қиылып, ашылар-ашылмастан дау-дамайы көп болған бұл балабақшаны салған фирма «Парасат-сервис» «парасаттылық» танытып, қабырғаны қайта қалпына келтіріп жатты. Құптарлық-ақ. Бірақ құрылыс «жаңылдым, қателестім» дегенді көтермейтінін ескерсек, бұл – мердігер жұмысының сапасына уақыттың берген бағасы. Ал, өкінішке қарай, уақыт бүгінгі құрылыс пен құрылысшыға үлгерімі нашар оқушы секілді бадырайтып 2 қойып отырса ше?
Бір өкініш
ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің айтуынша, бүгінде жемқорлар құрылыс саласына «ұя» салған. Мәселен, былтырғы жылы құрылыс саласына қатысты Қаржы полициясы еліміз бойынша 113 қылмысты анықтапты. Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылықта 46 қылмыс ашылған. Мұның барлығында дерлік шенеуніктердің пара алуы, пара сұрау дерегі бар. Сондай-ақ еліміздегі жемқорлыққа қатысты әрбір 5-қылмыс, жалпы, жемқорлық қылмыстардың 21 пайызы мемлекеттік сатып алу саласының үлесінде екен. Соңғы екі жылда мемлекеттік сатып алу саласын сүзгіден өткізген Қаржы полициясы барлығы 1159 жемқорлық заңбұзушылықты анықтапты. Агенттік былтырғы жылдың өзінде басқа бағдарламаларды есепке алмағанда, «Тұрғын үй құрылысы» атанған мемлекеттік жобаны жүзеге асыруда 17 заңбұзушылықты анықтаған. Еліміз бойынша осындай статистика сөйлеп тұрғанда, құрылысқа қалайша күмәнмен қарамайсыз?
Гүлнар ӘБДІРАСІЛОВА, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының проректоры, ҚР құрметті сәулетшісі, профессор:
– «Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер болсын, әлеуметтік нысандар болсын, ешқайсысына көңілім толмайды. Осы саланың маманы болғаннан кейін олардың қалай тұрғызылғанына назар аударып отырамын. Сапасыз материалдармен салынғандығы көзге көрініп тұрады. Германия, Қытайға барсаңыз, ондағы ғимараттарға таза табиғи материалдарды пайдаланғанын көресіз. Күйдірілген тас, граниттен салады. Әрине, олар мықты болады. Мен шетке шыққанда міндетті түрде ол жақтың архитектурасына назар аударамын. Қолымнан келгенше жаңа салынған ғимараттарға барып, арнайы қолмен ұстап көремін. Тәнті боламын. Олар оған қалай жетті? Демек, онда бақылау күшті жүргізіледі. Ол жоба жасаған адамға байланысты емес. Тапсырыс берушінің қандай материалды қолданып, сапалы жүргізгендігіне байланысты. Бетон құйылмай жатып, арматуралар дұрыс байланды ма – оның барлығын бақылаушы мамандар жіті қадағалауы керек. Ал бізде сапа емес, ақшаны ертерек жинап, үйді тез сатуға асығып тұрады».
Бір үміт
Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің төрағасы С.Нокин осыдан тоғыз ай бұрын 2012 жылдан бастап жауапсыз құрылыс компанияларына нысан, үй салдырмақ түгіл, құрылыс алаңына аттап басқызбайтындығын кіжініп тұрып, Үкімет сағатында айтқанынан хабардар едік. «Соңғы жылдары құрылыс сапасына байланысты көптеген ескертулер болды. Осыған байланысты біздің тарапымыздан қолданыстағы заңнама нормаларын қатаңдатуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деген еді төраға. Үш категорияны қарастыратын лицензиялаудың жаңа жүйесі енгізілгенін де айтқан сол мырза еді. Сөйтіп, тұрғын үйлерді екінші категориялы лицензиясы бар және бесжылдық тәжірибе жинақтаған компаниялар ғана салуы тиістігін және салынған нысандар бойынша оңтайлы ұсыныстар алынбақ болған. «Ал ондай ұсыныстары жоқ құрылыс компанияларына лицензиялар берілмейді. Олар осыдан кейін көп қабатты үйлерді салмайтын болады», – деп ант-су ішкендей еді. Кім білген? Ендігі оның қаншалықты өміршеңдігін келешек көрсетер.
Бұдан аз ғана уақыт бұрын Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы жылжымайтын мүлік нарығында елде жауапсыз «ойыншылардың» пайда болғанын жария еткені мәлім. Сондықтан да үлескерлік құрылыста Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы алаяқтықтың алдын алу үшін сенімді құрылыс компанияларының тізімін шығарды. Бұл тізімдегілер үлескерлер алдындағы міндеттерін мүлтіксіз орындағандар деп есептеледі. Сондай-ақ бұл мәліметтер ай сайын жаңартылып отыратын болады дейді қауымдастық. Сенімділердің қатарында: «Базис-А», «BI Group», «Шар-Құрылыс», «Стройинвест СК», «Объединение – Сайран», «TS Инжиниринг», «Элитстрой», «Альянстройинвест», «Ақмола Құрылыс Материалдары (АҚМ)», «Найза құрылыс», «Стройконтракт», «Бахус-Астана», «Құлагер», «Орда Строй Групп», «СК Әсем қала» компаниялары бар. Ал сенімге селкеу түсіргендер «Mainstreet», «Астана Құрылыс», «Өркен», «Азбука жилья», Kaz Jordan Construction Company деп отыр бұл күнде.
Бір күдік
Бұл – шаһардағы, көптің көз алдындағы ахуал. Ал шет жатқан, шалғайдағы ауылдардағы бюджет қаржысына салынған әлеуметтік нысандардың жағдайы бір Аллаға ғана аян. Төрт қабырғасын қалқайтып, «қатырдық» деп қомақты қаржыны қалтаға басқан қанша шенеунік бары да беймәлім. Былтырғы жылы бір ауданның білім бөлімі мектептің төбесін жаптық деп, ақшасын қалтасына басып, күзде төбеден су сорғалағанда ғана аттанға басқан атқамінерлерге ол да бір сабақ болған сияқты еді. Қайдам?.. Бәріне – мәртебелі уақыт қазы. Тек уақыт төрелігін айтқанша, жемқорлардың жейтінін жеп, табанын жалтырататыны жаман. Одан кейін тәртіпсіздік жасап алып, «байқамай қалдым» деп, басын сипай беретін нашар оқушы секілді болған шенеуніктің сүмірейген түрі құрысын…
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды