АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Күміс білезік

  • Қазақтың дәстүрі бойынша күміс сақинасы мен білезігін келініне сыйлайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан әжелеріміз жайлы материал дайындамақ болып кейіпкер іздеуге кірістім. Бұл әрекетімнен түк шықпады. Бір адамды тапсам-шы. Маған осы дәстүрімізден қол үзіп алғанымыздай көрінді. Біреуі көзі тірісінде келініне көңілі толмай, қызына сыйласа, екіншісі сол күмістің қадірін білмей енесінің сыйлағанын жоғалтқан, дәлірек айтқанда, қайдағы бір «ескі-құсқыны» менсінбей күл-қоқысқа тастаған. Осының өзі-ақ ене мен келін арасындағы сыйластыққа байқаусызда сызат түскенін аңғартатындай.

Күміс білезікті бекерге таңдап отырған жоқпыз. Қасым Аман­жоловтың әкесі Рақымжан да баласы өмірге келгенде оның кіндік шешесі Шәуияға күмістен қос білезік сыйға тартқан. Күміс – қазақ ұғымында тек сәндік әшекей ғана емес, оның қорғану, емдік қасиеттері зор болған.
Қолындағы күмістен соғылған білезігін ұлының алған жарына сыйлауы ененің келініне тапсырған аманаты. Менің жолымды жалғас­тыр­сын, отаудың түтіні түзу шықсын, осы білезік үзілмей қолдан-қолға өтіп, шаңырақ кеңейе берсін деген ырым. Енесінен сыйға алған білезікті келіні ертеңгі күні өзінің келініне сыйлауы шарт. Бұл дәстүрлер сабақтастығының бір белгісі. Қызына сыйласа, онда дәстүріміздің бұзылғаны. Себебі қыз – жатжұрттық. Қыздан туған бала қазақта немере емес, жиен болып есептеледі. Қанша жерден жақын тартқаныңмен қыздан туған жиеннің руы да, қаны да бөлек екені белгілі. Бұл қыздың баласы бала емес дегенді білдірмесе керек, де­генмен қазақтың салт-дәстүрін аяқас­ты етпей, жастарымыз біліп өскені абзал.
Жаңадан түскен келіннің алғашқы қадамы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы тәжірибелі ененің көз алдында. Білмегенін қызындай көріп үйретіп, «жаманын жасырып, жақсысын асырып» отыратын ақ жаулықты аналарымыз азайып кеткендей. Ал ененің тілін таба білетін жас келіннен аналарымыз ештеңе аямайтыны бесенеден белгілі жайт. Оны ененің емеурінінен-ақ танисыз. Бір кездері көңіліне ұнаған, сенім артқан келінін қасына шақырып алып, сандығын ақтарып: «Мынаның бәрі сенікі. Осыны өлгенде өзіммен бірге көрге алып кетеді деймісің, тағып, жарқырап жүр, қарағым» деп, өмірі құлыпталып тұратын сандығынан алтын, күміс әшекейлі заттарды қызындай көріп кеткен келініне табыстаған әжелерді де көзіміз көрді.
Мұндай құндылыққа ие болған ақылды келін дәулет-дәрежесіне қара­мас­тан, енесінің аманатын өзінің қобди­шасында сақтаған. Ендігі мақсаты – өзінің ізбасарына, өзінен туған баланың келіншегіне сыйлау. Оның ар­тында барлық шаруаны, бала-шағаны саған сеніп тапсырдым деген ниет тұрады.
Ауыл-аймақта, жер-жерде осындай білезікке ие, ене мен келін арасын­дағы әдемі бір сыйластыққа ұйыт­қы болып, аманатты арқалап жүргендер табылып қалар. Күдер үзбейік.

Бағдагүл МҰРАТҚЫЗЫ 

http://anatili.kz