[:kz]
81 келi салмақтың финалдық айқасын көруге бiз ғана емес, Бразилияға барған туристер де ынтық екен. Екi мықтының финалдық сайысын көруге келушiлер әншейiнде жартылай бос тұратын бокс кешенiнде көз қадайтын орын қалдырмай отырып алыпты. Үш дүркiн әлем чемпионы кубалық Ла Крусқа Әдiлбек екi рет есесiн жiберген. Және де әлем чемпионатының финалында Кубаның бишi боксшысы ұтып кеткен едi. Бұл жолы Әдiлбек жеңiлген жоқ. Менiң пiкiрiм осыған саяды. Әрине, Ниязымбетов үш раунд бойы дүрсiлдетiп сабады демеймiз. Дегенмен қаша жүрiп ұрыс салатын Ла Крустың шырмауына түскен жоқ. Осы жолы Әдiлбектiң қолын көтеретiн шығар деген ойымыз төрешiлердiң пәтуасына кереғар болды. Финалдық жекпе-жекке төрелiк еткен қазылар Ла Крустың үстем түскенiн жария еттi. “Жау кеткен соң қылышымызды тасқа шапқан” бiз төрешiлердiң жығып беруiне төзе алмай жанарындағы мөлтiлдеген жасын iрiкпей төгiп-төгiп жiберген Әдiлбектi бауырымызға басып жұбаттық. “Сенiң екi Олимпиада ойындарында қол жеткiзген екi күмiс медалiң алтын жүлдемен пара-пар, Әдiлбек. Дәл бүгiн Ла Крусқа есеңдi жiбермегенiңе қалың елiң куә, ғалам куә” деп жұбаттық.
ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫ ҮШIН КЕЛГЕН ҚАРИЯ
Сонау 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында Мүслiм Дайырбековтiң Серiк Қонақбаевтың қасында қамқор болып жүргенiн көзiмiзбен көргенбiз. Қазақ боксына өлшеусiз үлес қосып келе жатқан ақсақалды Риодан жолықтырып, пiкiрiн жазып алдық.
Ұлттық құраманың бас бапкерi ағамыздың боксшыларға жасаған шапағатын айтып, марқайып жүргенiне де куә болғанбыз. Жасы сексенге таяған Мүслiм Дайырбеков қазы-қартасын асып, саңлақтарға әл болсын деп Бразилияға қоржынын тоқтап келiптi.
– 40 жыл болыпты, боксшыларымызға жанкүйерлiк етiп, жазғы Олимпиада ойындарына барғаныма. Рио – менiң көрген сегiзiншi Олимпиадам. Қазақтың намысы қайда сыналса, сонда боламын. Боксшыларымыз өткiзген жекпе-жектерiнде өздерiн жақсы көрсете бiлдi. 75 келiдегi Жәнiбек Әлiмханұлы өте кеш “оянды”. Ол тым болмағанда екiншi раундта қимылдағанда жеңiске жететiн едi. Оның мүмкiндiгi қарсыласынан әлдеқайда жоғары. Егер сайыс басталғаннан-ақ ол үшiншi раундтағыдай жұдырықтасқанда жеңiс сөзсiз қанжығасына байланатын едi. 81 келiдегi Әдiлбек Ниязымбетов те тең түстi, жеңiлген жоқ. Бiрiншi, екiншi раундта тең түсiп, 3-раундта ұтты, – дейдi ақсақал жанкүйер.
ТОКИОНЫ ОЙЛАМАЙДЫ ЕКЕН
Боксшыларымыздың арасынан “қазақтың салмағында” топ жарған Данияр Елеусiновтен шағын сұхбат алдық.
– Финалдық айқастың алдындағы түнiң қалай өттi, Данияр?
– Ештеңеге алаңдағам жоқ, жақсылап тынығып алдым.
– Әкең әрi жеке бапкерiң Марат бауырымыз не айтты?
– Жартылай финалдан кейiн көп жақындаған жоқ. Тек финалдық айқасқа шығатын күнi ғана келiп, өзбектiң өршелене алға ұмтылатынын ескерттi, бар ақылын айтты.
– Анаң не дедi?
– Алматыдағы анаммен тек уатцап арқылы сөйлестiм. Тек Олимпиада чемпионы атанғаннан кейiн ғана хабарласып, дауысын естiдiм. Ауылдағы қарадомалақ балаларды ауданның, қаланың, республиканың деңгейiне шығаруды көздеген әкемнiң арманы орындалды деп ойлаймын. Шағын ғана Қайыңды деп аталатын ауылда балаларды боксқа баулып, көп шәкiртiнiң бiрiн Олимп шыңына жеткiздi.
– Қазақ спортшылары да екi дүркiн Олимпиада чемпионы атануы тиiс. Төрт жылдан кейiн Токио тұр. Қайтемiз?
– Әл-әзiр ештеңе дей алмаймын, аға. Елге аман-есен жетейiн, халқыммен, отбасыммен қауышып, мауқымды басайын, содан кейiн ғана Токио туралы айтудың мезетi туатын шығар. Қазiр асығыс шешiм қабылдау шикiлiк болады. Олимпиада чемпионының маңдайынан сүйiп, қолын қыстық. Лондон Олимпиадасының ширек финалында сүрiнгендегi, былтыр Катардағы әлем чемпионатының алтын медалi алақаныннан сусып кеткендегi өкiнiшi осы күнге бастап жүрiптi ғой.
Мырзағали Айтжанов Рио Олимпиадасында 10 салмақта боксшы қосып, 1 алтын, 2 күмiс, 1 қола медаль (Иван Дычко, аса ауыр салмақ) олжаласа, Вадим Присяжнюк баптайтын қыздар құрамасына 1 қола медаль (Дариға Шәкiмова, 75 келi) бұйырды. Бұл да бiздiң боксшыларымыз үшiн аз табыс емес.
“СПОРТТЫ ТАҢДАҒАНЫМ – ӘКЕМНIҢ АҚЫЛЫ”
Рио Олимпиадасының басты табысының бiрi деп Эльмира Сыздықованың қола медаль иеленуiн айтуымыз керек. Әйелдер арасында өткен белдесуде Эльмира өте сәттi күрестi. Алғашқы белдесуiнде ресейлiк Наталья Воробьеваға есе жiберген қызымызға қола медаль үшiн күресудiң мүмкiндiгi туды. Жұбаныш белдесуiнде моңғол балуаны Очирбатын Насанбурмааны жеңiп, қола медаль үшiн күресте мысырлық Энас Мостафаны жығып, Рио Олимпиадасының жүлдегерi атанды. Эльмира – күрес спортында Қазақ елiнiң қыздары арасынан Олимпиаданың жүлдегерi атанған тұңғыш бойжеткен.
69 келi салмақта белдесуге түскен Эльмираны күрес үйiрмесiне әкеп тапсырған, ақылын айтып, бағдар сiлтеген әкесi екен. 13 жасында спорт интернатына қабылданған Эльмира – үйдiң ортаншысы. Әкесi Әнуарбек бокспен шұғылданған. Өзiнен үлкен әпкесi, сiңлiсi және iнiсi бар. Отбасында iнiсi футболмен шұғылданады.
“Бiлесiз бе, моңғол қызымен осыған дейiн төрт мәрте белдестiм. Екi рет ол жеңiске жеттi. Былтыр Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында Рио Олимпиадасының жолдамасы осы моңғол қызының қанжығасына байланып, мен жеңiлдiм. Бапкерлерiм де оған қарсы қалай күресу керектiгiн айтудай-ақ айтты. Нәтижесiнде оған қарсы әдiс қолданып, жеңiске жеттiм. Бразилия кiлемiнде ештеңге алаңдамас үшiн басшылық барлық мүмкiндiктi туғызды. Психологтар да сабақ өттi. Олимпиадаға ертерек келiп, климатына да жерсiндiк” дедi бойжеткен балуан. 23 жасында Олимпиада ойындарының қола жүлдегерi атанған Эльмираның шығар биiгi әлi алда. Бiз оның жанарынан жеңiске деген құштарлық пен жiгердi байқадық.
ҚЫЗДАР ҚАЛАЙ КҮРЕСУ КЕРЕКТIГIН ДӘЛЕЛДЕДI
Таңат Сағындықов баптайтын грек-рим күресiнiң үш балуанына, Сергей Белоглазов баптайтын еркiн күрестiң бес спортшысына бұйырмаған Олимпиаданың медалiн қыздарымыз олжалады. “Бiзге жүктелген мiндет 1 медаль алу болатын. Қыздарымыз жүктеменi асыра орындады” дейдi қыздар құрамасының бас бапкерi Қайрат Сағадиев.
Жұлдыз Эшимова соңғы жылдары 53 келiде күрескен-дi. 48 келiнiң көшбасшысы Татьяна Аманжол жарақат алуына байланысты Жұлдызға жеңiл салмаққа ауысуына тура келiптi. Сондықтан да ол Рио кiлемiнде өзiнiң мүмкiндiгiн толықтай пайдалана алмаса керек. Дегенмен де ол Рио Олимпиадасында 5-орынға ие болды.
63 келiде белдескен Екатерина Ларионова да жұбаныш белдесуiнде швед қызы Катерина Йохансанды ұтып, қолаға таласта әлем чемпионы, АҚШ балуаны Елена Пирожкованы жауырынымен жер иiскеттi. 75 келiде күрескен Гүзель Манюрова жартылай финалда ресейлiк Екатерина Букинаны ұтып, Олимпиада чемпионы атағына таласта канадалық Эрика Уибеге есе жiбердi.
Қыздар құрамасының бас бапкерлiгiне тағайындалғанына екi жыл да толмаған Қайрат Сағадиев Рио Олимпиадасына төрт балуанын күрестiрiп, төртеуiн де бестiкке iлiндiрдi. Үш шәкiртi жүлдегер атанды. Қазақ күресiнiң тарихында бiздiң балуандар бұрын-соңды дәл осындай жетiстiкке жеткен емес.
САҢЛАҚҚА ҚАНДАЙ СЫЙ ҰСЫНАМЫЗ?
Қазақ елi Олимпиада чемпионы атанған саңлаққа 250 мың АҚШ доллары көлемiнде сыйақы бередi. Күмiс медаль иеленген саңлаққа – 150 мың доллар, қола медаль олжалаған спортшыға – 75 мың, төртiншi орын иегерiне 30 мың, бесiншi орын алғанға – 10 мың, алтыншы орынға тұрақтаған спортшыға 5 мың доллар сыйақы төленедi. Олардың бапкерлерiне де мемлекет қазынасынан сыйақы берiлмек. Сонымен бiрге Олимпиада чемпионына үш бөлмелi, күмiс жүлдегерге екi бөлмелi, қола медаль алған спортшыға бiр бөлмелi пәтер спортшылардың тұрақты тiркеуге тұрған қаласынан үлестiрiледi.
Олимпиада чемпионы атанған спортшылар төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасында топ жарған саңлақтардан 2,5 есе көп қаражат алады, теңгенiң құлдырауына байланысты.
Жалпы, жазғы Олимпиада ойындарында чемпион атанған спортшыларға аста-төк сыйақы беруден әлемде Әзiрбайжан елi алда. Олар Олимпиада чемпионына 510 мың АҚШ долларын төлесе, Таиланд 314 мың доллар бередi. Бiрақ оны ай сайын бөлiп-бөлiп 20 жылға созатын көрiнедi. Бакуде екi бөлмелi пәтердiң құны аумағының кеңдiгiне қарай 60-90 мың доллар аралығында.
Рио Олимпиадасында Ұлыбританияға 27 алтын, 23 күмiс, 17 қола медаль алып берген спортшылар соқыр тиын да сыйақы алмайды. Бразилиядан жүлдесiз қайтпаған Норвегия, Швеция, Хорватия елдерiнiң де спортшылары төртжылдықтың додасында үздiк шыққаны үшiн, төккен терiнiң өтеуiне сыйақыға кенелмейдi. Бұл елдер спортшыларға сыйақы бергенше сол қаржыны елдiң спортын көтеруге, салауатты өмiр салтына жұмсағанды жөн деп санайды екен.
Несiп Жүнiсбайұлы
http://www.zhasalash.kz/
[:]