АЛТЫНОРДА
Новости

Күн көзінен, жел өтінен энергия өндіру жүзеге асатын іс пе?

Астана. 13 ақпан. BAQ.KZ. Жолдауда энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытып, күн мен желдің қуатын пайдаланатын технологияларды енгізу» мәселесі талқыланды. Бұл бұйырса 2017 жылы Астана қаласында өтетін Экспо халықаралық көрмесінің тақырыбы. Әлемнің 160 мемлекетінен өкілдер қатысып «Болашақ энергиясы» атты тақырып төңірегінде өнімдері мен ұсыныстарын көрсетеді.

Осыған байланысты, Қазақстанда энергияның баламалы көздері бар ма? Күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологиялар жұмыс істей ме деген сұраққа жауап іздейміз. Күннің сәулесі мен желді пайдалану жоқтан бар жасау әрі табиғаттан қорғануға емес, табиғатты өзімізге қорған ету.
«EXPO 2017 — Өңірлік бастамалар» форумында Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің ғалымдары энергияның баламалы көздеріне байланысты біршама пікір айтты. Соның ішінде Күн мен желден бөлек баламалы энергия көздеріне термалды суларды да жатқызуға болатынын айтты. Олардың айтуынша, Қазақстан оның қорына бай. Олар республиканың 70 пайыз аумағында орналасқан және Ертіс маңында, Зайсан, Іле, Шу, Сырдария жанында, Каспий ойпатының жанында, Торғай және Оңтүстік Маңғыстау жерлерінде артезианды бассейндерімен толыққан. Геотермалдық ресурстар әлемнің 80 елінде барлаудан өтті, олардың белсенді қолданылуы 58 мемлекетте жүргізілуде. Оларды жылу энергетикасында, медицина мен ауыл шаруашылығында қолдануға болады. Сонымен қатар Маңғыстау және Атырау облыстарының жерасты сулары айтарлықтай қызығушылық тудыруда.
Энергияның бала көздеріне байланысты әртүрлі БАҚ беттерінде жарық көрген мамандардың пікірін қарадық. Олар «Экспо-2017» халықаралық көрмесі Елбасы Жолдауын іске асыруға серпін беретінін айтады.
Мергенғали БАЙМИРОВ, ғылыми зертхана меңгерушісі:
— Егерде әрбір баламалы энергия көзін бөлек пайдалана берсек, онда өзгерістер орын алатындығы белгілі. Жел бірде болады, бірде болмайды. Сондықтан жыл бойы тұрақты энергия бере алмайды. Біз соларды біріктіріп, жыл бойы тұрақты энергия бөлетін және тұтынушыға қажет энергияны беретін кешен жасау жоспарда бар.
Бір өкініштісі, бүгінгі күні ірі кәсіпорындар балама куат көздерін пайдалануға аса қызықпай отыр. Мәселен күні бүгінге дейін 30 жобаның тек екеуі ғана мұнай-газ саласына өндіріске енген. Ғылыми ізденіске ешкім қаржы салмаған соң, дамудың да болмайтындығы анық. Ал «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің қазақ елінде өтетіндігі ұнжырғасы түсе бастаған отандық ғалымдарға қосымша дем бермек. Сондықтан жергілікті ғалымдар айтулы көрмеге қатысу үшін ғылыми-инновациялық жобалармен айналысуға құлшына кірісті.
Ғалымбек Жоламанов, құрал-жабдық сату компаниясының директоры:
– Ең маңыздысы жаңа технологияны біздің Қазақстан жеріне әкелу жөнінде болып отыр. Ақтау қаласында, Каспий теңізінің шетінде өнімді ұйымдастырсақ, ол келешекте мына Ресейге, Әзірбайжан, Иран, Ирак және Парсы шығанағына өнімімізді таратуға мүмкіншілік береді.

Аймақта күн мен жел энергиясын пайдаланатын тың жобалар да жүзеге аса бастады. Жуырда Форт-Шевченко мен Құрық кентінде жел энергиясын өндіретін станция құрылысы басталмақ. Ал Жаңаөзен қаласындағы бірнеше көшеге күн көзінен қуат алып, жарық беретін қондырғылар орнатылуда. Көше шамдары өз құнын екі жылда ақтап шықпақ. Бұл экономикалық әрі экологиялық жағынан да тиімді, дейді соны жобаны іске асырушылар.
Әзірлеген – Ж.Смайлов.

http://www.baq.kz/news/23236