АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

КҮН САЙЫН КЕМІГЕН ЖҰРТТЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ

Соңғы жылдары елдегі демографиялық және миграциялық ахуалдың жақсарып, халық санының еселеп артқанына қатты қуанып жүріп, есесіне, жекелеген өңірлердегі ахуалдың тым төмендеп бара жатқанын ұмытқан секілдіміз.
Мәселен, мемлекетіміздің ең маңызды қақпасы, алып Ресейдің үш облысымен шектесіп жатқан Солтүстік Қазақстан облысында халық саны жыл санап емес, ай санап азайып барады. Статистикалық деректерге тоқталсақ, 2000 жылдары Қызылжардың тұрғындары 702 мыңды құраса, бұл цифр 2011 жылы – 583 мыңға, 2012 жылы – 579 мыңға дейін төмендеп кеткен.
Өз аймағындағы өзекті жайттарға қанық болса керек, кеше Астанаға ке­ліп Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі бри­фингке қатысқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров те бірінші сөзін проблемадан бастады.
– «Облыс тұрғындарының басым бөлігі, яғни 60 пайызы елді мекенде тұрады. Өзім де қарапайым ауылда туып өс­кендіктен, маған елдегілердің жағдайы етене таныс. Қандай қиындыққа да шыдап, қара шаңырағын құлатпай, туған жерін тастап кетпей өмір сүріп жатқан ауылдағы ағайынды ерекше құрметтеймін. Олардың арасында отбасымен тынымсыз тер төгіп, несібеге молынан кенеліп жүргендер де көп, есесіне, ештеңе істемей Үкі­метке қарап көмек күтетіндер де кез­деседі. Аграрлы өңірдің шаруашылық саласында 146 мың адам еңбек етеді, бұл жұмыспен қамтылған халықтың 44 пайызы. Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау 2003 жылдан басталды. Осы кезеңде оның көлемі 300 миллион теңгеден 2013 жылы 9,4 миллиард теңгеге дейін, яғни 31 есеге артты» деп, бір тоқтады Ескендіров.
Егін салу ісін меңгерген шаруалар ағымдағы жылы 5 млн 200 мың тонна астық жинапты. Аталған көрсеткіш еліміздегі бидайдың жалпы өнімінің 25 пайызын құрайды. Енді табысқа кенелген тұрғындар шамамен 2 млн тонна астықты ТМД, Еуропалық одақ, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдеріне экспорттауға кірісуде. Қы­зылжар астығы өзінің жоғары сапа­сының арқасында тұрақты сұранысқа ие.
Солтүстіктегі түйінді түйткілдердің бірі – ауызсу мен жол. Әсіресе, көлік жол­дарының 50 пайызы тіптен тозған. Әкім келтірген деректерге сәйкес облыстағы автожолдардың ұзындығы 9 мың шақырымға жуық. Оның ішінде 1280 шақырымы (17 пайыз) жақсы жағдайда, 2560 шақырымы (34 пайызы) қанағаттанарлық, сондай-ақ 3690 шақырымы (49 пайызы) қанағатта­нарлықсыз жағдайда екен. Мұны өңір жетекшісі жол жөндеу жұмыстарына кейінгі жылдары қазынадан қаржы бөлінбеуімен түсіндірді. Тек үсті­міз­дегі жылы алғаш рет жергілікті маңыз­дағы жолдар үшін 5,4 млрд теңге қа­ралған, оның ішінде облыстық бюд­жеттің үлесі 2,6 млрд теңге. Жалпы, жол­дың қаржысы алдыңғы жылға қарағанда екі есеге артық. Енді 2014 жылы 9 млрд теңгеге жөндеу және салу жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр.
Қызылжардағы кісі қызығатын жетіс­тік­тің бірі – балаларды балабақшамен қамту жоғары деңгейде жүргізілуде. «Бала­пан» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда балаларды мектепке дейінгі білім­мен қамту 52 пайыздан 89 пайызға дейін, яғни 14 205 баладан 22 154-ке дейін жет­кі­зілген. Енді жергілікті билік 2015 жылға қарай облыстың барлық аудан­дарында 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақ­шамен қамту 100 пайызды құрай­тын­ды­ғына сенімді.
Дегенмен Солтүстіктің «Балапан» бағдарламасын бірінші болып аяқтай­тындығының да өзіндік себебі бар. Өйт­кені жаңа жоғарыда деректер келтір­геніміздей аймақтағы демографиялық ахуал жыл санап күрделеніп барады. Жы­лына 100 млрд теңгеден аса қаржы бөліп, қажетті жағдайлар жасалынып жатқан Солтүстік облыстан ел үдере көшсе, қыруар қаржы далада қалғандай болмай ма?! Осы орайда Ескендіров елді көбей­тетіндей не істеп жатыр?
– «Негізінен халық ауылдан көшіп жатыр. Сонымен бірге Ресейге де кетуде. Әкімдік мұны жіті қадағалауда, биылдың өзінде өңір тұрғындары 4000-ға кеміп отыр. Иә, олардың орнын толтыруымыз қажет. Бірақ ол үшін қомақты қаржы және мемлекеттік деңгейде шаралар қабылдау керек шығар. Біз өз кезегімізде ауылға су, жол тартып, күнкөріске айна­латын жұмыс орнын құруға ұмтылып жатырмыз. Оралмандар да бір ауыл бо­лып, өсіп келеді» деген Самат Ескен­ді­ровтың жауабына қарағанда, елді еселеуге құрылған, болашақты көздеген жобаның әзірге жоқтығы білініп тұр.
«Жай жатқан жер жау шақырады» дейді, қазақ тәмсілі. Оның өзінде де территориялық тұтастыққа орай ауық-ауық мәселе қозғағыш көршілерге тиіп тұрған негізгі қақпаны қаңыратып қоюға болмайтыны анық. Елбасының 2020 жылға қарай ел халқын 20 миллионға жеткізу керек деген тапсырмасына орай Статистика агенттігі түзген жоспарға сәй­кес барлық аймақта халық саны өсуі керек. Соның ішінде алдағы 7 жылда тек қана Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар саны тағы да 50 мыңға кемиді деп болжаныпты. Мұны мемлекеттік деңгейде көтеріп, ахуалды оңалтудың жолын іздеуге көшуіміз керек-ау. Сонда тілдің де, жердің де, жергілікті атаулардың да мәселесі түбегейлі шешімін табары даусыз

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, Астана

http://www.aikyn.kz