Түркістандағы Қожа Ахмет Яасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері күннің жарығымен жүретін ерекше автокөлік жасапты.
Бұл университетте жаңалық ашуға құштар, инновациялық-технологиялық ізденістерге талпынған ғалымдар мен студенттер жеткілікті. Солардың қолдарымен университет аумағындағы демалыс орындарындағы шамдар да күн сәулесінен қуат алуда. Тіпті қаладағы 80 көшенің шамдары мен мұғалімдер тұратын коттедждердегі жарық жүйесін күн энергиясына қосқан.
Ал күн сәулесінің қуатымен жүретін жеңіл автокөлік сағатына 30 шақырым жылдамдықпен тоқтамастан 70 шақырым жерге дейін жүре алады екен. Бұл көлікті студенттермен бірге қолға түскен түрлі бөлшектерден құрастырған адам – оқу орнындағы арнайы мамандандыру орталығының мұғалімі, өнертапқыш-инженер Ферхат Сатылмыш Чайыр. Ол әзірге шағын да қарапайым электромобильдің үш түрін жасап, оларға патент алыпты.
Жалпы, мұндай көлік соншалық таңсық емес, көптеген елдерде экологияны ластамайтын электромобильдерді жасау өндірісі кеңінен жолға қойылған. Мәселе мұндай экологиялық жағынан да, экономия жағынан да өте тиімді автокөліктің өзімізде жасалуында. Енді Қазақстан осындай көлікті шығаратын зауыттар салып, өндіріс жолына қойса, көлік жасап, экспортқа шығарумен баяғыдан айналысып келе жатқан басқа елдермен иық тіреспесе де, арадағы алшақтықты жақындатар еді.
Алғашқы электромобильді жасауға өнертапқыштар тобы сегіз ай жұмсапты. Олардың айтуынша, тәжірибелері болмағандықтан шығын көп кетіпті. Көліктің төбесіне қойылған күн батареясын Қытайдан сатып алыпты. Электр жүйесін электроникадан дәріс беретін мұғалімдермен бірігіп жасаған. Ал қаңқасын түрлі көліктердің қалдық бөлшектерінен құрастырыпты.
– Көліктерді әлі де жетілдіре түсеміз, кейін кішігірім зауыт ашсақ па деген жоспар бар. Егер ойдағыдай болып, электромобильдерді зауыттан шығара бастасақ, халыққа 1000-2000 доллардан сатуға болады, – дейді Сатылмыш Чайыр.