АЛТЫНОРДА
Новости

Құнсызданған рубль Қазақстанға қауіпті

www.azattyq.orgРубльдің құлдырауы қазақстандықтардың қорқынышы мен алаңдаушылығын тудырды. Халық арасында девальвация жайлы қауіп тарады. Азаттық тілшісі әңгімелескен сарапшылар «жуық арада девальвация болмайды» деп болжайды.

Ресей мен Қазақстан экономикасы көп жағынан ұқсас. Оның үстіне екі елдің экономикасы 2015 жылы Еуразия экономикалық одағына айналатын Кеден одағы аясында интеграцияланған. Кейбір қазақстандық экономистер мен қаржыгерлер Азаттыққа қазіргі жағдай туралы комментарий беріп, қазақстандық валютаның болашағына қатысты болжамдарын айтты.

Қазақстан экономистер қауымдастығының атқарушы директоры Олжас Құдайбергенов:

– Рубльдің рекордты құлдырауы бүкіл қаржы жүйесін шатқаяқтатты. Жуырда орталық банк негізгі пайыздық мөлшерлемені өсірді. Енді бұрын берілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 25-30 пайызға дейін қымбаттайтын болды. Яғни өңдеуші өнеркәсіп тиімділігі нөлге түсіп кетеді. Банк аралық несиелендірудің тоқтауы да кейбір банктердің банкроттыққа ұшырау қаупін күшейтеді. Осының бәрі қосылып өнеркәсіп өндірісінің тоқырауына ұласады.

Ал бұл жағдайдың Қазақстанға ықпалына келсек, Ресейдің Қазақстанға импорты Қазақстанның есейге экспорты көлемінен үш есе көп. Мысалы, былтыр импорт көлемі 18 миллиард доллар, ал экспорт 6 миллиард доллар болып, теріс сальдо 12 миллиард долларға жетті. Ал 2010 жылы теріс сальдо деңгейі бұдан екі есе аз болатын. Ресей экономикасында 2013 жылдың аяғында басталған рецессияның белгілері биыл анық білінді, соның салдарынан биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы импорт-экспорт көлемі 20 пайызға азайып, теріс сальдо 9 миллиар долларға жетеді. Келесі жылы рецессия қарқын алып, экономикасы қатты әлсірейді де Ресей импорты азаюы мүмкін. Демек, теріс сальдо да түсуі тиіс. Ресей ұшыраған қиындықтар Қазақстандағы капиталдың кетуін азайтып, біздің экономикамыздың жағдайын жеңілдетеді.

Енді халықтың девальвацияға қатысты қорқынышына келсек, девальвация проблеманы шешудің орнына, мүлде ушықтырып жібереді. Оның үстіне, келесі жылы саяси екі оқиға өтеді. Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелейміз, алекіншісі – сайлау өтуі мүмкін. Демек сыртқы макроэкономикалық ахуал осы қалпында үш жыл сақталады, сондықтан жыл сайын девальвация жасай бермей, орташа мерзімге есептелген шешімдер қабылдау керек. Өз басым девальвацияға қарсымын, жұрттың девальвациялық қорқынышын түпкілікті сейілтетін әрі ағымдағы проблемаларды шешетіндей тиімді шешім қабылданар деп үміттенемін.

«Сентрас Секьюритиз» инвестициялық компаниясы басқармасының төрағасы Талғат Қамаров:

Рубльдің құлдырауы мен құбылуы қазақстандықтарға Ресейде арзандап кеткен тауар, автомобиль, жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік берді. Солтүстіктегі шекара маңында орналасқан аудандарда қазір осындай құбылыс байқалады. Ал Байқоңырда тұратындар үшін рубльдің құлдырауыэкономикалық тұрғыда жайсыз болды. Байқоңыр дүкені сөрелеріндегі біздің тауарлар мен қызметтердің рубльмен есептегендегі құны күрт қымбаттады. Тұрғындар енді жалақысына бұрынғы көлемде тауар сатып ала алмайды. Ал ірі көлемдегі экспорт-импорт операцияларына қатысты айтсақ, рубль бағамының құлдырауы мұнда Ресей тауарларын сататын импортерлер үшін тиімді. Ал тауар экспорттаумен айналысатындар, керісінше тауарларын өткізе алмай қиналып қалды.

Девальвация жөніндегі қауесеттерге келсек, егер мемлекеттік бюджеттің кірісі азайып кетсе, девальвация болады. Бюджетке түсетін кірістің 70 пайызы қазір мұнай экспортынан түсіп отыр. Біз мұнайды Ресей емес, басқа елдерге экспорттаймыз. Сондықтан мұнай бағасы мүлде арзандап кетсе, үкімет теңгені девальвациялау туралы шешім қабылдауы мүмкін. Қазір инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін ұлттық қордан қыруар қаржы бөлініп жатыр. Осы факторларды ескерсек, жуық арада девальвация болмайды.

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директоры, экономист Меруерт Махмұтова:

– Рубльдің күйреуінің айқын зардаптары – Ресейде азық-түлік және азық-түлікке емес бүкіл тауардың бағасы қымбаттап кетті де, енді тауарды Қазақстаннан әкетіп жатыр. Ресейде инфляцияның өсуі күні ертең бізге де жетеді дегенді білдіреді. Ресейдегі қолма қол валюта тапшылығы болса, оны Қазақстаннан әкету қаупі күшейеді. Оның үстіне теңге бағамына қысым күшейіп келеді. Осы жағдайларды ескерсек, «Ұлттық банк бағамды қаншалықты ұзақ ұстап тұра алады және бұл ел бюджетіне қанша салмақ салады?» деген заңды сұрақ туады. Мұның бәрінің жағымсыз зардаптарын азайту үшін кедендік шекараны қалпына келтіру керек.

Рубль күйреп жатқан тұста девальвация болу қаупі арта түседі.Бірақ 2014 қаржылық жыл аяқталып қалды әрі мұнай бағасы биыл орташа есеппен алғанда қымбат болды да, бюджет кірісіне қатысты проблема жоқ. Меніңше, келесі жылы бюджет кірісін қамтамасыз ету құралдарының бірі ретінде девальвация болады.

www.azattyq.org

Түпнұсқадағы тақырып

(Құнсызданған рубль және Қазақстан қаупі)

 

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/kunsyizdangan-rubl-kazakstanga-kaupt-59569/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі