Елді естен тандырған қызылшаға қарсы екпеден ешқандай кінәрат табылмады. Өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі аталмыш вакцинаға қатысты кезекті тексерудің қорытындысын осылай деп жариялады. Осыған дейін жасалған екі бірдей сараптаманың қорытындысы Үндістаннан жеткізілген дәрілік препараттың барлық талапқа сай екендігін көрсетіп отыр. Егер 15 пен 19 жас аралығындағы балаларға салынған екпе қауіпсіз болса, балалар арасында сыры белгісіз дерт қайдан пайда болды? Қалай десек те, қызылшаға қарсы екпенің дауы әлі аяқталған жоқ. Онымен қоймай, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі осы айда елімізде қызылша ауруын жұқтырғандар қатары артып кетті деген мәлімдеме жасады.
Қызылша жұқтырғандар 13 есе көбейді
Әлем елдерінде соңғы үш жыл ішінде қызылшамен ауыратындар саны ұлғайғандығы туралы ресми деректер бар. Ал Қазақстанда аталмыш жұқпалы сырқатқа шалдыққандар арасында, әсіресе 15 пен 19 жас аралығындағылардың қатары көп. Биылғы жылдың басынан бастап осы жастағы балаларға қызылшаға қарсы егу жұмыстарының жүргізілуі де сондықтан еді. Өткен жылы Қазақстан бойынша 321 адам қызылша ауруымен тіркеліпті. Ал қазір Қазақстандағы қызылшамен сырқаттанушылардың саны 13 есеге артып, олардың қатары 1121-ге жетіпті. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мұның негізгі себебі қызылшаға қарсы егудің тоқталуы дегенді алға тартып отыр. Нақты деректер бойынша, еліміздегі қызылша жұқтырғандар биылғы жылдың алғашқы төрт айында 2,5 есеге көбейген. Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытқа дейін 140 адам қызылшамен ауырған. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанда қызылша дертінің 55 дерегі зертханалық тексеру барысында анықталса, 2015 жылдың төрт айында бұл көрсеткіш 140 жағдайға көбейген. Олардың орташа жасы – 15 пен 29. Бұл Қазақстандағы қызылшамен ауырған барлық науқастардың 60 пайызын қамтиды. Қызылша ауруымен сырқаттанғандардың 66 пайызы осы уақытқа дейін мүлдем екпе қабылдамаған екен. Соңғы үш жыл ішінде Батыс Еуропада 100 мыңнан астам адам қызылша сырқатына шалдықса, ТМД елдерінде 14 мыңнан астам қызылша ауруымен науқастанғандар тіркеліпті. Қазір аталмыш жұқпалы дерт әлемнің жеті бірдей елінде таралған.
Қызылша ауруы миқұрт және энцефалит түрінде асқынып, тыныс алу мүшелері мен орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әкеп соғуы ықтимал. Сол себепті, бұл дерттің алдын алуға тырысу керек дейді мамандар. Тіпті, қызылша ауруын жұқтырып, ажал құшқандар да бар екен. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының деректеріне сенсек, қызылшамен ауырғандардың көпшілігі көршілес қырғыз елінде тіркелген екен. Қырғызстанда қызылша ауруына шалдыққандар саны 7 жарым мың адам болса, жұқпалы дертпен сырқаттанғандар Босния және Герцеговинада 5 мыңнан асып жығылады. Биылғы жылы жұқпалы дерттің алдын алу шараларының нәтижесінде қызылшамен ауыру деңгейі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге төмендегендігін мәлімдеді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Мамандар енді 2020-жылға дейін бұл сырқатты түбірімен жоюды көздеп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызылшаға қарсы жаппай екпе егуге шақыруда. Бірақ қазақстандықтар бұл үндеуге әзірге қосылмайтын тәрізді. Себебі қызылшаға қарсы екпенің балаларға кері әсер етуінің салдарынан ата-аналардың көпшілігі балаларына екпе жасаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Тіпті, депутаттар екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс та жасаған. Балаларының денсаулығын ойлап, мазасы қашқан ата-аналарды бұл ұсыныс та алаңдата қоймады. Кейбір ата-аналардың айтуынша, екпе жұмыстары оқушылар мен студенттерге ата-аналарының рұқсатынсыз жасалған. Дәл қазіргі таңда екпеге қатысты түсініксіз жағдай қалыптасуда. Оқыс жағдай тіркелгенге дейін Ақтөбе облысында діни көзқарастарына байланысты балаларына екпе егуден бас тартқан ата-аналар санының қатары артқаны бірнеше рет айтылған. Дегенмен екпе егілген соң жасөспірімдердің жағдайының нашарлап, тіпті, екінші рет аурухана төсегіне таңылуы екпеге деген ата-аналардың күдігін күшейтпесе азайтпады.
Жуырда Астана қаласында Еуропа аймағын қызылшаға қарсы иммундау мәселесі бойынша өткен дөңгелек үстелде Испаниядағы Сантьяго жұқпалы аурулар университеттік клиникалық ауруханасының басшысы, доктор Федерико Мартион Торрес: «Вакцина бүкіл әлемде сәтті қолданылуда. Осының арқасында 6 миллион адамның өмірі сақталды, қызылшамен ауырғандардың саны 1 миллион адамға қысқарды және бұл – айтарлықтай нәтиже», – деді. Қандай жағдай болса да, қызылшаға қарсы емді жалғастыру қажет. Өйткені бұл – өте қауіпті әрі жұқпалы дерт. Ал жұқпалы дерттің алдын алу – уақытында егу жұмыстарын жүргізу. Мысалы, Австрия билігі 2016 жылдан бастап баласы егілмеген ата-аналарға берілетін жәрдемақыны қысқартпақ. Бұған елдегі 5 жасқа дейінгі балалардың 10 пайызының бірде-бір рет егілмеуі себеп болған. Ал АҚШ-та егілмеген баланы мектепке кіргізбейді екен. Бірақ Қазақстанда балаларға екпе салдыру әзірге ата-аналардың рұқсатымен ғана жүзеге асады. Еліміздегі шуы әлі де басылмаған қызылшаға қарсы екпе дауы бүгінге дейін тексерілуде.
Екпе талапқа сай болса, ауру қайдан шықты?
Елімізде қызылшаның алдын алу үшін 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдерге қызылшаға қарсы екпе жұмыстары жүргізілгені туралы айттық. Алайда Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинаның қауіпсіздігін тескеру үшін екпе салу жұмыстары әуелі 2 наурызға дейін тоқтатылып, кейінірек бұл мерзім 4 мамырға дейін созылған. Екпе жұмыстары тоқтатылғаннан бастап еліміздегі медицина мамандары мен ұлттық сараптама орталығы тексеру жұмыстарын жүргізді. Алғашқы тексерудің қорытындысы сәуір айының сегізінде дайын болды. Қызылшаға қарсы вакцинаның физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтік талаптарға сай болып шықты. Мұндай қорытындыны Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының мамандары шығарды. Ұлттық сараптама орталығы жариялаған мәліметтер бойынша, Үндістандағы «Serum Institute of India» компаниясы ұсынған қызылшаға қарсы екпенің еріткішпен бірге 16 физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері сынақтан өткен.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті қызылшаға қарсы сатып алынған моновакцинаның көлемін, сұранысын, техникалық сипаттамасын да анықтаған. Қызылшаға қарсы екпені жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын қосымша иммунизациялауды өткізу кезеңінде жоспардан тыс тексеруді ұйымдастырған кезде вакцинаның «салқындату тізбегін» сақтау және тасымалдау ережелерінің бұзылуы анықталмады. Бірінші жасалған сараптама оң нәтиже көрсеткенімен, көпшілік кейінгі тексерудің қорытындысын асыға күткен. Екінші рет жүргізілген тексеру жұмыстары да моновакцинадан еш кінәрат таба алмады. «Ерекше белсенділігі» және «идентификациялау» көрсеткіштері бойынша сынақтардың өткізілуін бақылау үшін «Serum Institute of India LTD» компаниясы өндірген «Vero» жасушасының реагенттері алынған болатын. 20 сәуірде дайын болған қорытынды да қызылшаға қарсы вакцинаның барлық талаптарға сай екендігін дәлелдеді.
Қызылшаға қарсы вакцинаның қауіпсіздігіне отандық мамандар да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері де күмәнданбайды. Ал балалардың екпеден кейін естен танып қалуын олар кездейсоқ жағдай деп бағалап отыр. Шетелдік медицина мамандары балалардың мұндай жағдайға тап болуына қызылшаға қарсы моновакцинаның еш қатысы жоқ дегеннен танбай отыр. «Еуропаның өзінде екпеден бас тартатындар бар. Бірақ олар екпе туралы толық ақпарат алмаған адамдар. Сондықтан, ешқандай дерек-дәйексіз бойларын қорқыныш жайлаған. Біз бұл мәселені халыққа дұрыс мәлімет беру арқылы шешеміз. Тіпті кейбіреулері қорқып, екпе салдырмайды. Бұл жағдай Ұлыбританияда кездесті. Екпе жасатқан адам өлім мен дерттің алдын алады», – деген Федерико Мартион Торрес.
Еліміздегі денсаулық саласына жауапты тұлғалар Үндістаннан әкелінген вакцинаны қауіпсіз деп сендіруде. Өйткені қазір аталмыш вакцина Қазақстанда ғана емес, әлемнің қырықтан астам елінде қолданылады екен. Ал сол қырықтан астам елдің ішінде вакцина мәселесі біздің елімізде ғана дауға айналып жатқанға ұқсайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайтуды және шетелден жеткізілетін дәрілік заттардың сапасын бақылауда ұстауды тапсырғаны белгілі. Сондай-ақ, шетелден дәрі-дәрмек тасымалдауды азайтып, халыққа қажетті дәрілер мен түрлі препараттарды өз елімізде өндіретін уақыттың жеткенін де мәлім еткен. Қазір елімізде өндірілетін отандық препараттар қазақстандықтарды толық қамтамасыз етуге жетпейтін болғандықтан, еліміз дәрі-дәрмектерді Германия, Үндістан секілді фармацевтикасы дамыған мемлекеттерден сатып алады. Қызылшаға қарсы моновакцина да дәл осындай себеппен үнді елінен жеткізілген болатын. Ал осы секілді шет мемлекеттерден жеткізілетін дәрі-дәрмектердің сапасын бақылайтын арнайы органдар вакцина төңірегіндегі даулы мәселелер туындай қалса, даудың шешімін таба алмауына не себеп? 2009 жылы вакциналарды тиісті жағдайда сақтауға санитарлық індетті қадағалау органдары жауапты болатын болып белгіленген. Қазіргі күні вакциналар Денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларында сақталады. Бұл қоймалардың барлығы бірдей дәрі-дәрмекті сақтаудың температуралық режиміне әркез сай келе бермейді. Шетелден келген дәрілік заттарды кімдер, қалай сұрыптаудан өткізіп жатқандығынан қоғам бейхабар.
Қазақстанның Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бұл вакцинаның елімізге он жыл бойы жеткізіліп жүргенін айтады. «Үндістанның вакцинасы Қазақстанда бірінші рет пайдаланылып отырған жоқ. Бұл вакцина елімізде он жылдан астам уақыт пайдаланылып жатыр. Бұл өте жақсы кәсіпорын деп айтуға болады. Сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификаттарымен расталған», – дейді Жандарбек Бекшин.
Сонда елімізде он жыл бойы пайдаланылған қызылшаға қарсы вакцинадан кейін балалардың тосыннан түсініксіз сырқатқа шалдығуына не себеп? Неге бүгінге дейін бұл сауалға нақты жауап беретін адам табылмай тұр? Егер вакцинадан еш қауіп болмаса, 300-ден астам баланың жаппай бірдей сырқатқа шалдығуының бір себебін айтар адам болмағаны ма? Көптің көкейінде сұрақ көп, алайда бірде-бір нақты жауап жоқ. Тіпті, бұл сұрақтарға нақты жауап беретін құзырлы органдар да болмай тұр.
Қызылшаға қарсы екпенің соңғы шындығы 4 мамырда айтылады. Денсаулық саласына жауапты тұлғалардың әзірге жауап бермей отырғандығы сондықтан да болар, бәлкім. Алайда көпшіліктің көкейінде қызылшаға қарсы екпенің ақиқаты толық ашылатынына күдік басым болып тұр. Құзырлы органдар уақытты тағы да кейінге шегермесе, бір аптадан кейін қазақстандықтарды әбігерге салған екпе мәселесіне нүкте қойылуы тиіс.
Әсел ӘНУАРБЕК
http://turkystan.kz/