АЛТЫНОРДА
Регионы

Құрылтайдан қайтқанда: пойыздағы әңгіме..

 

Мүфтияттың біртоп қызметкерлері ҚМДБ-ның VII құрылтайынан келе жатырмыз. Астана – Алматы бағыты бойынша қатынайтын №10 пойыздың 10-ыншы вагонындамыз. Бүкіл елдің аузында діни басқармадағы ауыс-түйіс. Жаңа мүфти келіпті деген әңгіме әлем елдеріне желдей есті. Кім қайда келер екен, кім қайда кетер екен? Көпшіліктің көкейіндегі сауал бұл. Ал жанымызға жайғасқан Владимирді мазалаған басқа мәселе: үш жасар қызым кім болар екен, христиан ба, әлде мұсылман ба?

Владимир якутиялық азамат екен. Танысып-білісіп, ахуал сұрасқаннан кейін әңгіме діни бағытқа ойысты. Ол христиан дінін ұстанатынын жеткізді. Медицина саласында қызмет етеді екен. Әйелі қазақ. Қостанай облысының тумасы. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашып» (Абай), шама келгенше шүйіркелесіп келеміз. Ол сұрақ қояды, біз жауап береміз.

– Кешіріңіз, сізден сұрасам бола ма? – деп бастады алғашқы сауалын.

– Әрине.

– Әйелім мұсылман. Тәуіптерге жиі барады. Солардан кеңес сұрайды. Тіпті, бақсы-балгерлерден болашағын болжатып, рухани әңгіме-дүкен құрады. Христиан діні мұны құптамайды, бұған қарсы. Ал Исламда қалай? Шариғаттан хабарым болмаған соң, біз бұл туралы сөз таластырмадық. Осыны түсіндіріп беріңізші?

– Ислам – кемел һәм соңғы дін. Құран – екі дүние бақытына жеткізетін Жаратқанның сөзі. Шариғат барша адамзатты бір Аллаға құлшылық етуге шақырады. Егер кімде-кім Исламмен өмір сүрсе, онда оның бақытқа бөленгені. Мұны қаламаса, өзіне зұлымдық жасағаны. Алла құлдарына мейірімді, дінді ауырлатқысы келмейді, жеңіл болғанын қалайды.

Мұсылман қазақ халқы – сан ғасырдан бері жалғыз Жаратушыға жалбарынып, ұлттық құндылығын Исламмен ұштастырған ұлт. Ата-бабамыздан «Құдайсыз қурай да сынбайды», – деген дана сөз қалған. Яғни, Алла қаламайынша, адам баласына ешкім зиян не пайда келтіре алмайды. Қасиетті Құранда «Нәміл» деген сүре бар. Сол сүренің 65-аятында Жаратушы Ие былай дейді: «Аспан мен жердегі барлық ғайып істерді Алладан басқа ешкім білмейді».

Адам былай тұрсын, адамзаттың абзалы болған пайғамбарлар да өз тағдырын, бес күндік жалғанда қашан дәм-тұзы таусылатынын білмеген. Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім балгерге барып, сөзіне сенсе, онда ол бізден емес», – деген хадисі бар. Мен, тіпті, бірнеше сәттен кейін өмірімнің қандай боларын білмеймін деген сөзді де Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, Алланың ең сүйікті құлдары – Пайғамбарлар, періштелер ғайыпты білмегеннен кейін, адам қайдан білсін?! Өзгенің емес өз өміріне алаңдап жүрген адамның біреулердің қолына қарап, бірдеңелерді сандырақтап, тиын санап жүрген жаннан не үміт, не қайыр?! Оның болмашы сөзіне имандай сеніп, қуанып не қайғырып жүрген адамдарға жанашырлықпен қараймыз. Дұға етеміз.

– Бір күні әйелім маған қабір басына бару туралы ұсыныс жасады. Көңілін қимадым. Бардым. Аққу дей ме, сұңқар дей ме, сондай бір топпен зират басында болдық. Түсініксіз жағдайларға куә болдым. Бейіт басын сипалап, әндетіп, сәлден соң жылады. Қабірде жатқан адамға құлдық ұрып, тілектерін айтып, бір нәрселерді сұрап, бет сипап жатты. Жүрегім қысылып кетті. Пенделердің тілегін «орындайтын» оның қандай адам болғанын сұрадым. Өздері де білмейді. Аты-жөнін, өмір жолын дұрыстап та атап бере алмады. Исламда осындай рәсімдер бар ма?             

– Мен сіз қойған сұраққа қазақтың мақалымен жауап берейін: «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады». Сөздің төркінін түсінген шығарсыз?

– Иә, түсіндім.

– Біздер, қазақтар өліге құрмет көрсеткен халықпыз. Әулиелік дәреже жеткен тұлғаларымызды сыйлаймыз, бірақ оларға сыйынбаймыз.

Өмірден қайтқан кісілер тірілердің даусын естімейді. Бұл туралы Құранда ашық аяттар бар: «Егер оларға жалбарынсаңдар – дауыстарыңды естімейді. Мүбада, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан танады. Толық хабар беруші Алладай сендерге ешкім түсіндірмейді» («Фатыр» сүресі, 14-аят).

Қазақ сөзге шешен халық қой. Осындайда аталарымыздан қалған тағы бір қанатты сөз ойыма оралып отыр: «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?..»

– Шынында да, тауып айтылған әдемі сөз екен. Тәнті болдым. Тағы бір сұрағым бар еді…

– Айта береңіз.

– Университетке не мектепке барсаңыз, бірді-екілі немесе екі-үш қыздың хиджаб таққанын көресіз. Олар өзара оқшауланып отырады. Өзгелермен ашық сөйлеспейді. Белсенділігі де төмен. Бұл қалай? Сонда хиджаб киген қыздарға шектеу бар ма?

– Сіз христан дінінің православ бағытын ұстанамын дедіңіз. Сіздерде әйелдер шіркеуге жалаңбас кіре ме, әлде әуретті жерлерін жаулықпен жаба ма?

– Жо-жоқ, жалаңбас кірмейді. Мен бас киімсіз шіркеуге кірген әйелді көрген емеспін. Тіпті, шіркеу қызметкерлері бұған жол бермейді. 

– Кешіріңіз, сіз яһуди әйелдер мен қыздардың дін қызметкерімен кездескенде жалаңбас отырғанын көрдіңіз бе?

– Әрине, жоқ. Яһуди дінін ұстанушылар әйел қауымына бастарын жауып жүруді міндеттейді.

– Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп қойғандайсыз. Исламда әйелге құрмет көрсетудің, ары мен ұятын қорғаштаудың маңызы жоғары. Өзіңіз айтқандай, өзге діндерде де қыз-келіншектердің әуретті жерлерін жауып жүруі қатаң ескертілген. Ал Алла Тағала кемеліне келтіріп жіберген Ислам діні мұны қалай жоққа шығармақ. Керісінше, Алланың бұйырғанында адамдар үшін қайыр мен хикмет бар. Орамал зина жасаудан қорғайды. Ар-ұят пен иманды сақтауға әсер етеді.

Ата-бабаларымыздың имандылықты ту етіп, ғибратты ғұмыр кешкенін айттық. Қазақ халқының қыз-келіншектерге арналған бүкіл киімдерінің бәріне ортақ бір ерекшелігі бар. Ол адамның дене бітімін қымтап жауып тұратындығында. Бұл жағынан алғанда, қазақ киімдерінің көпшілігі қасиетті дініміздің талаптарына сай келеді деуге толық негіз бар. Мәселен, сәукеле, бөрік, кимешек, қарқара, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, шылауыш, т.б. бас киімдерге қатысты атаулар қазақ даласына кеңінен тараған. Демек, қазақ ғұрпында әйел кісі бас киімсіз, жалаңбас жүрмеген. Сондықтан болар, әйел затын ардақтаған кезде «ақ жаулықты ана ғой» деп әспеттеп, дәріптейміз. Қыздарымызды еркелеткенде, «үкілеп өсіріп отырған қызымыз» дейміз.

Қыз балалардың шариғаттан шалыс, әдет-ғұрыптан қалыс кетуінен бүгін біздің қоғамымызда көптеген күрделі мәселелер туындап отырғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Мәселен, жеңіл киінудің аяғы жеңіл жүріске ұласып, нәтижесінде қаншама қыздар қолдан түсік жасатуда.

Шариғат бойынша киіну арғы жақ, бергі жақтан келген бір ағымның жолы емес. Қасиетті Құранда анық айтылған бұйрық: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Қазақтың маңдайына біткен Мұхтар Әуезов деген жазушысын білетін шығарсыз?

– Әрине, оны мен емес әлем таниды ғой.

– Сол әлем таныған тұлға Мұхтар бабамыз орамалды «Шариғаттың шәлісі» деп атаған.

– Мені мазалайтын мәселе бар. Құдайға шүкір, қазір бір қызымыз бар. Жасы үште. Қазақ бала-бақшасына барады. Орысшадан қарағанда, қазақ тілін жақсы біледі. Мен оның болашақ өміріне алаңдаймын. Өскенде кім болады, сенімі қандай болмақ деген сұрақтарға басым қатып жүр. Мен – христан, ал әйелім Ислам дінін ұстанады. Қызымыз енді қай дінді ұстанауы тиіс? Қазақстанда жүрген кездерде мұсылман, ал Ресейде болған сәттерде христан болса, қалай болар екен? Солай-ақ болсын десем, тағы да көңілім жарым. Екі дінді ұстану қиындау көрінеді. Не істесем екен? Нендей кеңестер бересіз?

– Адам Исламға келмейді, мұсылман болып туады. Алайда оның өскен ортасы баланың сеніміне тікелей әсер етеді. Сөзіңізден ұққаным, қызыңыздың екі дінде болуын қаламай отырсыз.

Сізге Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен бір оқиғаны айтып берейік. Ислам дінінің тамырын тереңге жайып, бүкіл елге тарала бастаған шағы болса керек. Дін дұшпандары Мұхаммед Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жолдан тайдырудың қаншама амалын жасайды. Алайда ардақты Елші (с.ғ.с.) бір қолына айды, екінші қолына күнді қойса да, Алланың аманатын жүзеге асыра беруден қайтпайтынын жеткізеді. Салы суға кетіп, айлаға көшкен мүшріктер «белгілі мерзімде біз сенің, одан кейін сен біздің дінімізді ұстан дегендей ұсыныс жасайды. Алла Тағала өз Елшісіне (с.ғ.с.) «Кәфирун» сүресін түсіреді. Қасиетті Құранда ол сүре былайша баяндалады:«(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй Кәпірлер!» Сендердің табынғандарыңа табынбаймын. Әрі сендер де менің құлшылық қылғаныма құлшылық қылмайсыңдар. Сірә мен сендердің шоқынғандарыңа шоқынушы емеспін. Сондай-ақ сендер де менің құлшылық қылғаныма, құлшылық қылушы емессіңдер. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» де».

«Исламда зорлық жоқ». Бұл да Құран аяты. Біздің ойымызша, қызыңыздың қай дінді таңдауы өзіне қалдырылып, бұл мәселені өз санасымен шешуі қажет. Ары тарт та, бері тарт болып жүргенде, шаңырағыңызды шайқалтып алмаңыз. Біздің айтарымыз осы.

– Мен сіздермен, діни басқарманың қызметкерлерімен сапарлас болғаныма қатты қуанып тұрмын. Шерімді тарқатып, жеңілденіп қалдым. Шынында да, Ислам біз ойлағандай емес екен. Жұмысыңызға береке тілеймін. Аман болыңыздар. Рахмет сіздерге!

– Сізге де амандық тілейміз. Алла жар болғай!

 

P.S. Шариғатымызда мұсылман қыз баланың мұсылманға ғана тұрмысқа шығуын бұйырған. Ислам мұсылман қыз балалардың өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуына қарсы. Сөзімізді тағы қайталауға тура келіп тұр: Алланың бұйырғанында береке мен қайыр бар. Иә, Алланың даналығында шек жоқ. Владимирдің отбасындағы жағдай Қасиетті Құран аяттарына деген сенімімізді беки түсті.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы       

Шын порталы