АЛТЫНОРДА
Регионы

Құрылысы аяқталмаған мектепке кiруге мәжбүр болды

Бiздi жаңадан салынған Науалы орта мектебiнiң қазiргi жағдайы қатты алаңдатуда. Себебi жаңа мектептiң құрылысы толық аяқталмаған әрi сапасыз жүргiзiлген. Солай бола тұра Науалы орта мектебiнiң ұжымы жоғарғы билiктiң (облыс әкiмшiлiгiнiң) күштеуiмен құрылысы аяқталмаған мектепке кiруге мәжбүр болды. Жаңа мектептiң шатыры мұғалiмдер және жұмысшылардың күшiмен қардан тазартылғанына қарамастан, шатырдың iшi төбеден аққан судың әсерiнен үлкен мұз айдынына айналды. Шатыр iшiнде ерiген мұз тамшылап, өнер залының, спорт залының, баспалдақтан және бiрнеше кабинеттердiң төбесiнен су ағуда. Ол күннен-күнге ұлғайып барады. Көктем шыға, күн жылынған кезде, бұл тамшылар төбеден нөсер болып жауатыны сөзсiз. Яғни мектептiң төбесi, алдағы екi-үш жылда, судан шайылып ортасына түсуi ғажап емес.

Аталған мектептiң құрылысының сапасыз жүргiзiлгенi туралы жоғарғы құзырлы орындарға және газеттерге жазған едiк. Нәтижесiнде құрылыс мекемесiне айып салынып, одан 54 500 000 теңге өндiрiлiп алынды. Бiраз жөндеу жұмыс­тары да жүргiзiлдi. Бiрақ құрылыс жұмыстары толық аяқталған жоқ және сапасы өте нашар. “Жаз шыға қалған жұмыстарды аяқтаймыз” деп құрғақ уәде беруде. Дей тұрғанмен, бiз бұған сенбеймiз және қатты алаңдаулымыз. Өйткенi мектеп ұжымын құрылысы бiтпеген ғимаратқа күш­теп кiргiзу арқылы аяқталмаған жұмыстың ауыртпалығын жергiлiктi жердiң құзырына аудара салуы да мүмкiн-ау деген күдiгiмiз бар.
Тоқан Тұрсынбаев, Зоя Әлiмбаева, Дина Жансаянова, Рамазан Смағұлов, т.б.Науалы ауылының бiр топ зейнеткер ұстаздары,
Үржар ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
Жас Алаш газетiнен алынды