Бүгінде жалдамалы бала күтушілерге сұраныс көбеюде. Ғаламтор арқылы, таныс арқылы, бейтаныс арқылы болса да ұсыныс та, сұраныс та бір-бірін тауып жатыр.
Өзегін жарып шыққан перзентін өзгенің тәрбиесіне беру, өзгенің баласын өз жауапкершілігіне алу екі жаққа да оңай емес. Бірақ онсыз айналып өтетін жол тағы да жоқ. Себебі біздің елдің ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық институтында бала күтуші деген түсінік болған емес. Біздің менталитет тек әже тәрбиесі деген түсінікке ғана басымдық берді. Бұл үрдістің табалдырығымыздан аттағаны кеше ғана…
Мамандар бала бағушыны терең зерттеп, сырына әбден қаныққан соң ғана қабылдаған дұрыс дейді. Себебі, бұл кәсіпті ақша табудың арзан жолына айналдырып алған алаяқтар жетеді. Қазір ғаламторға бас сұға қалсаңыз, «бала күтуші» деген сипаттағы жарнамаларды көзіміз шалып қалады. Жалақылары да әртүрлі. Көбіне бұл жұмысты істейтіндер – мектеп бітірген, жоғары білімі жоқ жас қыздар. Егер тек балаңызға қарап отырса, онда 40-60 мың жалақы төлейсіз, егер бай-бақуатты жандар болса – 100-150 мыңға дейін. Бұл, әрине, жұмыс беруші қойған талаптарға байланысты екені айдан анық. Егер күтушіңіз үй шаруасына да араласып, тағам дайындап жатса, айлығы 80-90 мыңға дейін барады.
Қазір жалдамалы бала күтушілерді тек ауқатты отбасылардан ғана емес, орта деңгейдегі жанұялардан да кездестіретін болдық. Алматының төңірегінде жыл сайын жаңа балабақшалар саны артып жатыр. Соған сәбиін орналастырамыз деп «үмітсіз шайтанның» жетегінде жүрген ата-ана қаншама?! Демек, бала бағу кәсібінің ақысы күннен-күнге шарықтауына басты себеп – балабақша жетіспеушілігі. Жетіспеушіліктің салдарынан елімізде мыңдаған бүлдіршін кезекте тұр. Бір ғана Алматы қаласының өзінде қаншама… Кезектің саны жақындағанда, бала мектеп табалдырығын аттайтын уақыт жетеді. Амалы құрыған ата-ана қалтасы қалың болмаса да, күтуші жалдауға мәжбүр болып жатыр. Бірақ сол күтуші әйелдердің мінезін зерттемей, тиыннан тиын құраймын деп таңнан қара кешке дейін жүрген ата-ана үлкен тәуекелге барады. Тәрбиешілердің біреу қатал, кейбірі мейірімді, ал біреуі тәкаппар. Қазір тәрбиешілерді «өкіл ана» деп атап жүр. «Өкіл ананың» қолында өскен балада қандай тәлім-тәрбие алады? Тәрбиешінің тәрбиесі бүлдіршіннің психологиясына нендей әсер етеді? Осы сауалдардың жауабын іздеген ата-ана бар ма? Ананың ыстық ықыласына, махаббатына бөленбеген сәбиде мейірім бола ма?
Ертеректе аналарымыз әнмен әлдилеп, ертегі, жыр оқып, түн ұйқысын төрт бөліп балам деп шырылдап өсірген еді. Қазір әртүрлі себептерден бұл үрдіс жойылып барады. Ата-әженің тәрбиесінен күтушіні артық санайтын ата-аналар да көбейді. Қанша дегенмен күтуші тек жалақы үшін жүрген қызметкер емес пе?! Бұрындары ата-бабамыз үйдегі алтын қазық – ана деп санаған. Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі демекші, ананың тәрбиесі бірінші орында тұр. Отбасында махаббат пен мейірім болса, баланың тәрбиесі де оң болады. Қоғамда әрбір ана бала тәрбиесімен айналысу керек. Зере әжеміз Абайды дәрет алған соң ғана емізген. Осының өзі ұрпақтарға берген тәлім-тәрбие, таусылмас қазына емес пе? Қазақ халқының асыл тұлғалары дараланып шығуына, асқақ рух сыйлауына, көкірек көздерінің ашылуына әжелеріміздің берген тәрбиесі айрықша болған. Ғалымдар осы уақытқа дейін соншалықты мән берілмей келген тағы бір жаңалықты айтып отыр. Әжесі бар баланың ақылды болуы әжесі жоқтармен салыстырғанда анағұрлым жоғары екен. Ата мен әжесінің бауырында өскен балалардың адами құндылықтарға деген бейімділігі жоғары екенін қазақ баяғыда-ақ дәлелдеген. Олардың зейіні мен санасы қалалық балалармен салыстырғанда озық. Мүмкін, бүгінгі заманауи технологияларды игеруде кемшін түсіп жатар, бірақ оны тез-ақ меңгеруге болады. Ең бастысы – ішкі сыйымдылықтың бос болмауында.
Ғалымдар әжесі бар балалар ақылдырақ болады деп неге ашық мойындай бастады? Олар «әжелер ықпалы» деген тәжірибе жүргізіпті. Әжесі бар балалардың зейіні мен есте сақтау қабілеті өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары болып шыққан. Себебі, әжесімен тығыз байланыстағы баланың санасы үнемі жаттығулар мен қайталаулардан өтіп отырады екен. Яғни әжесі жұмыс істемейді, қолы бос, сондықтан да немересімен бірге жүреді, бірге тұрады. Араларындағы әлеуметтік өзара ықпалдастық көп. Үлкен адамдарды сыйлау, жан-жағындағыларға деген құрмет, табиғатты бүлдірмеу, тірлікке бейімділік, мойныңа алған жұмысты соңына дейін тындырымды бітіру секілді адами құндылықтармен қатар, баланың сабақты игеруі, оқыған-тоқығанын есте сақтау қасиеті арта түседі. Ақылды ғана емес, жаны мен тәні сау бала аспаннан түспейді екен. Қанша жерден үлде мен бүлдеге бөлеп, елде жоқ ойыншықтарды сатып әперсеңіз де, балаға қажет рухани жақындықтың орнын ешнәрсемен толтыра алмаймыз. Нағыз бала жылу мен сүйіспеншілікке құрылған үлкен тәрбиенің нәтижесінен ғана ақылды болып шығады деген қорытындыны қазақ халқы ұлы дала философиясында айтып қойған. Яғни бүгінгі заманауи технологияларды жаттанды түрде игеріп алған робот секілді адамдарды ақылды деп штамптай бермей, баланың ішкі жан дүниесінің қалыптасуына аса мән бергеніміз жөн болар.
Қазақтың әжелерінің өнегесін тізіп беретін мысалдар көп. Абайдың әжесі – Зеренің ұлағатты әңгімелерінің өзі неге тұрады?! Зере әжесі Абайға көп ертегі айтып берген. Бала Абай әжесінің әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да жалықпай, ынтыға тыңдай беретін. Кішкентай Абайдан дана Абайға айналуына көп септігі тиген – әжесінің тәрбиесі. Тек қазақтың ғана емес, басқа да ұлттардың тарихында аты қалған тұлғаларының бойында бар ана-әжелерінің ақ сүтінен дарығаны белгілі. Қаншама ұлы ойшылдардың өздері мойындап кеткен. Александр Пушкиннің өкіл анасы Арина Родионованы да айтпай кетуге болмайды. Бала кезінде бағып-қағып, ертегі айтып тәрбиелеген сол мейірімді әйелді Пушкин өле-өлгенше ұмытпады. Тіпті оған бірнеше өлең арнап, соның аузынан естіген ертегілерді көркемдеп жазып, халыққа да ұсынған еді. Ақ жаулықты аналар ұрпағын жаза басудан сақтандырып, қайта өнегесімен өрісін кеңейтуге үлес қосқан.
Өз анасын сирек көріп, мейіріміне зәру болып өскен сәби өсе келе бірбеткей, болуы да ықтимал. Бізде күнкөрістің салдарынан көп жас отбасылар көше безіп жұмыс істеп жүр. Әрине, оңтүстік өңірлердегі ауыл-аймақтарда қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймағаны анық. Ата-әженің мейірім-шапағатын көріп өсетін бала баршылық. Ал қаланың қарты немере бағуды ойлай ма? Одан гөрі жалдамалы бала күтушіге жүгінгенді жөн санай ма? Алматының көшесінде немере ерткен қарияларды сирек кездестіреміз. Бірде кешкілік аулада отырсам, жанымдағы орындықтан қарт ананы көзім шалды. Ойнап, шулап жүрген балалар. Солардың арасынан бір қыз құлап қалып, «мама» деп жылады. «Әжесі болар» деп жанына барып, қыздың үсті-басын қағысып әңгімеге тарттым. Әженің есімі – Айсұлу екен, Шымкенттен келіпті. Қолындағысы жақындығы жоқ адамның қызы екен, яғни жалдамалы күтуші. Қызы осында жоғары білім алып жүр. Қызының жанында болып, бір тиын болса да үйге кірсін деп істеп жүрген жұмысы. Қазір баласын күтіп жүрген үйдің иелері – жақсы адамдар. «Қожайынның менде шаруасы жоқ. Өздері кішіпейіл, өте тамаша адамдар. Қыздары 4 айлығында осы үйге күтуші болып келдім. Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Егер қолым тисе, үй шаруасына да көмектесемін. Айару – олардың бірінші баласы. Оны өзімнің қызымдай жақсы көремін. Әкесі-шешесі бизнесмен әрі банкте қызмет істейді. Күні-түні жұмыста жүреді. Өзім бағып-қағып өсірген қызым ғой. Жексенбі күндері байғұс бала ата-анасына тіпті жақындамайды. Мені «мама» дейді. Ол кісілерді жат көреді, қасына жақындамайды да. Шетелге іссапарларға бірге шығып тұрамыз. Демалған күндері қыздарының бетінен сүйіп ойнағысы келеді. Бірақ қыз жанына жоламайды. Мені «мама» деп, қасымнан бір елі қалмайды. Сол себепті мені қастарына ерте жүреді. Анасына бармаған баланы көргенде, жүрегім ауырады. Сәбиге ананың мейірімі керек. Мен де анамын, сәбиім басқа адамды «мама» десе, жаныма қатты батар еді. Өз қызымдай жақсы көремін. Сонда да анасына ана деп айтқызып үйретіп жүрмін дейді» Айсұлу апай.
Әке-шеше мейірімін, ата мен әженің аялы алақанының жылуын сезінбеген баланың болашағы да бұлыңғыр болады емес пе? Бұл кісінің жүрегі таза, көңілі ақжарқын екені көрініп тұр. Бала бауыр басып қалған екен. Өз анасындай көреді. Бірақ өкініштісі, өкіл ананың аты өкіл ана емес пе? Сәбиге ата-анадан артық жанашыр, немереге ата мен әжеден артық күтушінің керегі жоқ екенін естен шығармайық.
Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ
http://aikyn.kz/articles/view/52693