АЛТЫНОРДА
Иносми

ҚЫРҒЫЗ БЕН ТӘЖІК НЕГЕ ҚАҚТЫҒЫСТЫ? МҰНЫҢ АСТАРЫНДА ШЕКАРА ДАУЫ ЖАТҚАН СИЯҚТЫ

Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік шекара қызметінің қоғамдастықпен және БАҚ-пен байланыс бөлімінің хабарламасы бойынша, Қырғызстанның Баткен облысында Тәжікстанмен шекаралас жерде қарулы шекара қақтығысы болды.

Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің ақпараты бойынша Тәжікстан шекарашылары қырғыз әскери қызметшілеріне қарсы бірінші болып қару қолданған. Қырғыз шекарашыларына қарсы оқ атуды Тәжікстанның МҰҚК шекара әскері арнайы жасақ бөлімшесінің бастығы бастапты. Олар тіпті атыс қаруымен қоса миномет қолданған.

Одан әрі Қырғызстанның Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысының өңірлік шекара басқарма бастықтарының кездесуі барысында тәжік тарапына жарылмай қалған миномет снаряды көрсетілді. Бұл қақтығысқа байланысты Қырғыз Республикасының Мемлекеттік шекара қызметі тәжік тарапын қырғыз әскери қызметшілеріне қатысты қару қолданғаны және қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында шекарашылардың әрекеттеріндегі өрескел бұзушылық фактісі бойынша түсініктеме беруге шақырды.

Ресми ақпарат бойынша, атыс нәтижесінде Қырғызстанның МШҚ бес әскери қызметшісі жарақат алды. Олардың ішінде біреуінің денсаулық жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Зардап шеккендер Баткен облысы аурухана дәрігерлерінің жіті бақылауында. Тәжік әскери қызметшлерінің арасында да жарақат алғандар бар.

Тәжікстанның ASIA-Plus ақпарат агенттігі «сенбі күні түске дейін қырғыздар шекарашылардың көмегімен территориясы даулы Исфара ауданындағы көлік жолы құрылысын жалғастырмақ болғанын» хабарлады. Құрылыс жұмыстарын Тәжікстан шекарашылары тоқтатуға тырысып бақса да, қырғыздар оларға қарсы оқ атқан. Алайда, қырғыз тарапы «Қақтығысты тәжіктер бастады. Тәжікстанның шекара іскерінің арнайы жасағының штаб бастығы бірінші болып оқ атты» деп отыр.

Қырғыз бен тәжік арасындағы кикілжіңнің туындағаны бір бұл емес. Былтыр тәжік отбасының бес адамы қақтығыс кезінде мерт болған. Бұған не себеп? Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қырғызстанның Баткен облысы Тәжікстан мен Өзбекстанмен шектеседі. Алайда, шекара дауы 1991 жылдан шешілмей келеді. Бәріне себеп – осы дейді. Шынында да, сөзінің жаны бар сияқты…

 

Динара Дүрмән 

http://www.turkystan.kz/