Жарлық баспасөзге жарияланған 2 шілдеден бастап күшіне кірді. Демек, сәтін салса жиырма жылдан бері айдыны сіресіп қалған қырғыз тілінің мұзы еритін күн келді.
«Бүгінгі күні тіл саясатында мемлекеттік тілді дамыту мәселесі өте өткір тұр. Өлкенің барлық білім беру мекемелерінде оқытылып жатқандығына қарамастан, қырғыз тілін оны ана тілім деп санамағандардың оннан бір бөлігі ғана біледі»,– деп жазылған жарлықтың кіріспе тұжырымдамасында. Кейінгі сөйлемді таратып айтсақ, ресми және қоғамдық ұйымдар жүргізген пікіртерімдерде қырғыз тілін білмеген қырғыздардың арасында өз тілін ана тілім деп есептемейтіндер ұшырасқан.
Жарлыққа сәйкес, Қырғыз Республикасының Президентіне қарасты мемлекеттік тіл бойынша ұлттық комиссия 2014-2020 жылдар аралығында мемлекеттік тілді дамыту бойынша ұлттық бағдарламаны әзірлеуді қолға алатын болады. Қырғыз Үкіметіне мемлекеттік тілді дамытуға қажетті қаржыны жыл сайын бюджеттен жеткілікті түрде бөліп тұру жүктелді. Биылғы оқу жылынан бастап «Инновациялық 100 мектеп» бағдарламасының аясында орыс, ағылшын тілдерімен бірдей деңгейде қырғыз тілін оқыту жүзеге асырылуға тиіс. Білім және ғылым министрлігі «Қырғызтест» жүйесін әзірлеп, мемлекеттік кадр қызметімен бірлесіп, 2014 жылдан бастап сынақ ретінде, 2015 жылдан бастап міндетті түрде мемлекеттік және муниципалдық салалардың қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу дәрежесін тексереді. Президенттің аппаратына «Мәдениет – Тарих – Тіл» (МТТ) атты жаңа телеарна құру тапсырылды. Қырғыз тілін үйретудің озық түрлеріне сынақ ұйымдастырылып, қырғыз тілін тез үйрете алатын оқулықтарды басып шығаруға мемлекеттен қаржы бөлінбекші.
Мәдениет, мәлімет және туризм министрлігінің қарамағында қырғыз тілінде кітаптарды басумен және оларды таратумен айналысатын «Қырғызкітап» мемлекеттік кәсіпорын ұйымдастырылады. 2015 жылдың қазанынан бастап телерадиокомпаниялар көркем және ғылыми — көпшілік фильмдерді қырғыз тіліндегі титрмен қостап көрсетуді қамтамасыз ете бастайды. Қырғыз тілін өркендетудің алғашқы кезеңінде, жалпы алғанда мемлекеттік қазынадан 10 миллион сом бөлінетін болды. Бұл Қырғызстанның қазіргі жағдайында әжептеуір ақша.
Өткенге азын-аулақ көз жүгіртсек, бауырлас қырғыз елі өздерінің ана тілін сақтап қалу және дамыту жолында жүз жылдан бері үздіксіз күресумен келеді. Уфадағы Ғалия медресесінде білім алған Ишеналы Арабаев деген қырғыз азаматы қырғыз тіліндегі бірінші әліппені жазып, оны 1911 жылы Уфа қаласында баспадан шығарған. 1924 жылы қырғыз тіліндегі бірінші газет Ташкент қаласында «Еркін Тау» деген атпен жарық көрген. Қырғыз тілінің дәуірлеу заманы Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі кезеңдегі Сталин, Хрущев заманына, Брежнев билігінің басталуына тұс келеді. Сол жылдары жартылай орта және орта білім берген мектептерде қырғыз тілі міндетті пән ретінде оқытылып, ана тілі басқа азаматтар құр дегенде қырғыз тілінде нан сұрап жей алатын дәрежеге жеткен. Сосын қырғыз тілін оқыту, үйрену мәселесі сұйылып, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында сарқылуға шақ қалыпты. Бір ғана мысалды алға тартсақ, Қырғызстанның сол уақытта Фрунзе деп аталған астанасында қырғыз тілінде сабақ беретін бір ғана мектеп қалған, онда да ол мектеп-интернат болған. Облыс орталықтарына қарай жылжыған бұл үрдіс ауылды жерлерді шарпи алмаған.
Қырғыз зиялыларының күш-әрекетімен горбачевтік қайта құру заманында, 1989 жылдың 23 қыркүйегінде «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданды. Соның шарапатынан болар, республиканың астанасы Бішкек болып өзгерді, 1993 жылы 5 мамырда қабылданған Конституцияда мемлекеттің аты Қырғыз Республикасы деп аталып, тіл бағанасында бір ғана тіл – мемлекеттік тіл – қырғыз тілі ғана жазылды. Содан кейін Башкы Мыйзам (Бас Заң) сегіз рет өзгеріске душар болып, қазіргі күнде мемлекеттік тіл – қырғыз тілі мен ресми тіл – орыс тілінің терезесі тең. Ел басшылары Асқар Ақаевтан бастап Алмазбек Атамбаевтың қазіргі жетекшілігін қамтыған жиырма жылдың ішінде өлкеде мемлекеттік тілді өркендету жөнінде талай жақсы құжаттар қабыл алынған. Ешқайсысы аяғына дейін толық орындалған емес. Мысалға – министрлік жетекшілері мемлекеттік тілді меңгерген адам болуы керек деген қаулы. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде қазақстандық баспасөз мемлекеттік тілдің дамуы бойынша Қырғызстанды алға кетті деп жазғанымен, шындығында ана тілінің иеленген орны, жағдайы қазіргі кезде мақтанарлық халде емес. Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешінен басқа билік органдарының тілі – негізінен орыс тілі. Кейінгі бір-екі жылда ғана кейбір министрліктер және облыстар іс қағаздарын қырғыз тіліне көшіруді бастады.