АЛТЫНОРДА
Новости

Қырғызстан гомофобияны заң жүзінде бекітпек

Гомосексуалистерге қарсы шеруге шыққандар. Бішкек, 27 ақпан 2014 жыл.Қырғызстан парламентінің жыныстық азшылықтар құқығын шектейтін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдауы құқыққорғаушылардың алаңдаушылығын туғызды.

Қазан айының ортасында Қырғызстан парламенті «жыныстық қатынастардың дәстүрден тыс формаларына жағымды көзқарас қалыптастырғаны үшін» қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады.

Қырғызстандағы ЛГБТ қоғамдастықтар туралы кез келген ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін деген қауіп бар. Заң жобасы өз құқығын қорғау үшін ЛГБТ өкілдерінің (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) ұйымға бірігуіне де тыйым салуы мүмкін. Бұл заң Ресейдің ЛГБТ өкілдерінің көбін елден кетуге мәжбүрлеген «гомосексуализмді насихаттауға» қарсы заңына ұқсайды.

СӨЗ ЕРКІНДІГІНЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР

Ресейдің «гомосексуализмді насихаттауға» қарсы заңына ұқсайтын бұл заң жобасы халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович «қырғыз парламенті  мүшелері ЛГБТ-ға қатысты ақпаратқа криминалистік сипат беретін заң жобасын қайта қарауы тиіс» деп мәлімдеді.

Бұл түзетулерге сәйкес, ЛГБТ өкілдерін кемсітуге қатысты жазғандардың өзі қудалауға ұшырауы мүмкін

ЕҚЫҰ-ның ресми сайты Дуня Миятовичтің «Нақтылығы жоқ әрі әркім өз қалауынша түсінуі мүмкін мына түзетулер енгізілсе, бұл сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігіне кері әсерін тигізеді. Бұл түзетулерге сәйкес, ЛГБТ өкілдерін кемсітуге қатысты жазғандардың өзі қудалауға ұшырауы мүмкін» деген сөздерін келтірген.

Заң жобасы баптарының біріне сәйкес, БАҚ немесе интернет сияқты ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалану арқылы «дәстүрден тыс жыныстық қатынастар туралы жағымды көзқарас қалыптастырғандар» бір жылға дейін сотталуы мүмкін.

ГОМОФОБИЯЛЫҚ ЗАҢ 76 ЕЛДЕ БАР

Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау халықаралық ұйымы «кейбір саясаткерлер адам құқығы мен адам теңдігіне қатысты іргелі құндылықтарды қорғау жөніндегі міндеттемелерін ұмытып кетеді» деп қынжылыс білдірді.

HRW ұйымы «ЛГБТ өкілдерінің көбі ауру, сондықтан оларға қан тапсыруға рұқсат беруге болмайды» деп мәлімдеген қырғыз саясаткерлерінің бірінің сөзін келтірген. HRW ұйымының Орталық Азиядағы өкілі Мира Риттман Қырғызстандағы ЛГБТ қауымы полиция тарапынан қазірдің өзінде кемсітушілік пен қудалауға ұшырап отырғанын айтады.

— Мына «насихат туралы» мұқият ойластырылмаған әрі адамды қорлайтын заң қабылданса, онсыз да осал топ өкілдерінің халі мүшкілдене түседі әрі жұрттың заңды өз қалауынша түсінуіне жол ашады. Ақыр соңында бұл полицияға ЛГБТ өкілдерін және мен сияқты ЛГБТ өкілдерінің құқығы туралы жағымды сөз айтқандарды қудалауға ерік береді, — дейді Мира Риттман.

Украина Гей-Форумының жетекшісі Святослав Шереметті белгісіз адамдар соққыға жықты. Киев, 20 мамыр 2012 жыл.Украина Гей-Форумының жетекшісі Святослав Шереметті белгісіз адамдар соққыға жықты. Киев, 20 мамыр 2012 жыл.

76 елдегі гомосексуалдарды қудалайтын заңдардың күшін жою мақсатын көздейтін халықаралық Erasing 76 Crimes («76 қылмысты тоқтату») бастамасы Қырғызстандағы ЛГБТ-қоғамдастығын қолдайтын мәлімдеме жариялады. Erasing 76 Crimes блогы заң жобасы мәтінінде «дәстүрлі құндылықтар», «насихат», «жағымды көзқарас қалыптастыру» және «дәстүрден тыс сексуалдық қатынас» сияқты екіұшты, бұлдыр ұғымдар барын атап жазған.

Қырғызстанның ЛГБТ өкілдері құқығын қорғау жөніндегі «Лабрис»ұйымы Қырғызстандағы дискриминациялық заң жобасына қарсы шығып жатқан әлемнің әр түкпірінде тұратын жандардың фотосуреттерін жиі жариялайды. Олардың арасында Будапештегі Орталық Еуропа университеті студенттері, Нидерландтың СОС үкіметтік емес ұйымы және Американың ЛГБТ-ны қолдау ұйымы бар. Ұйым парақшасында Қырғызстанның Украинадағы елшілігі алдында өткен пикеттің видеосыжарияланған.

Халықаралық құқыққорғаушылар Қазақстанда да гомофобиялық әрекеттердің күшейіп келе жатқанына алаңдайды. Алматыдағы гей-клубтың классиктер Пушкин мен Құрманғазының «сүйісіп тұрғаны» бейнеленген жарнама баннері жобасына байланысты туған жанжал кейбір азаматтық белсенділердің әлгі баннер авторларына қарсы акциясына ұласты. Жарнама авторларына қарсы бірнеше талап-арыз түсіп, жарнама компаниясына айыппұл салынды. Кейбір үкіметшіл белсенділер Қазақстанда да Ресейдегі сияқты «гей-насихатқа» қарсы заң қабылдау туралы талаптарын жариялады.

http://www.azattyq.org/content/bill_homophobia_kyrgyzstan_kazakhstan/26655445.html